Әсел ӘБІШЕВА, Павлодардағы «Ана үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі:

- Әлбетте, өмірде түрлі жағдай болады. Егер баласына алимент төлеп тұруға ниетті әрі төлеп те жүрген азамат бір сәтте ауыр жағдайға душар болып, қаржылық қиындықтар туындаса, қол ұшын созатын қор құрылса, тек қуанамыз. Негізі, біздің «Ана үйіне» көмек сұрай келетін аналардың балаларының әкелері мұндай құлық танытпайды. Қанша табысты болса да, өз баласынан жеріп, алимент төлеуден жалтаруға бейім.

Ал әлемдік тәжірибеге сүйеніп, жұмысынан немесе денсаулығына байланысты басты табысынан айырылған жандарға алимент төлеуге көмектесетін қор болса, біраз бейкүнә бала тапшылықпен өмір кешпес еді. Мұның бәрі - заңнамалық тұрғыда реттелсе, құптарлық қадам. Себебі, банктен несие алғанша, баласының бақыты үшін қордан қаржыны еш пайызсыз пайдаланса, әрине, өте тиімді болады. Бірақ, қордың тәуекелі көп. Өйткені, қажет кезінде қордың қаржысын қолға тигізгенмен, қайтаруға келгенде тартыншақтайтындар табылады. Сондықтан, қор қандай қаржы көзінен жұмыс істейтінін жан-жақты салмақтау қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар, жұмыссыз қалған адамды еңбекпен қамтуға да жәрдем жасау жөн болады.


Марина СТРЕЛКОВСКАЯ, облыстық мәслихат депутаты:

- Ұсыныс ұнап тұр. Өте орынды. Идеяны енді қалай жүзеге асыру қажеттігін терең ойластыру қажет. Әрине, жауапты органдар заңнамалық тұрғыдан жан-жақты қарастырар, бастапқы қаржының қайдан құйылатынын да шешер. Бұл - ең алдымен, баланы бағып отырған ана үшін үлкен көмек, дер едім. Себебі, елімізде алимент төлеуі тиіс жандардың көбі дерлік - ерлер. Яғни, өз баласын қамтамасыз етуге құлықсыз. Ал енді өмірде ауыр ахуал туындап, баласына жәрдемдескісі келгенімен, мүмкіндігі болмағанда қордың көмегіне жүгінсе, ұтарымыз аз болмайды. Бастысы, бала қамқорлықта болады. Алиментке ғана иек артып отырған отбасылар болады. Осы тұрғыдан өте ұтымды ұсыныс. Сонымен қатар, қордан жалтарып жүргендер үшін балаларға алимент төлеп, ол ақшаны сот арқылы өндіріп алуға да күш салса, дұрыс болар еді.

Алайда, мемлекеттің мұндай мүмкіндігін басқаша пайдаланып кетуге жол берілмеуі қажет. Бұл жәрдем нақты қандай азаматтарға қанша уақытқа берілетінін, қандай талаптар болатынын заңдық тұрғыдан бекітіп алып, әрекет етілуі қажет. Меніңше, қордан қаржы алған тұрғынның әрі қарайғы тірлігі де жіті қадағалауда болуы шарт. Мәселен, жұмыс тапты ма, бірден ақшаны да қайтаруға міндеттеу керек. Масылдыққа бой алдырмаудың амалдары да бірге қарастырылғаны абзал.


Құралай УАҚБАЕВА, зейнеткер:

- Қордан ақша алғанымен, оны қайтару жағы қиын болады-ау. Өйткені, айлығы аз жұмыс істесе, баласына алиментті бір, қордан алғанын екі төлегенде, өзіне несі қалады?! Осындай жағдай кез келген адамды мезі қылуы әбден мүмкін. Меніңше, ең алдымен жалақысы жоғары жұмыс орындары көбейсе, біраз мәселе шешілер еді.

Кейде ылғи қолтықтан демей бергенге бойы үйреніп алатын адамдардың болатыны тағы бар. Міне, осындай жатыпішерлікке, масылдыққа жетелейтін жолдарды біз барынша азайтуымыз керек.

Тағы бір айтарым, қоғамда осындай жағдайға жетпеу үшін талбесіктен бастап тәрбиемізді түзеуіміз керек. Ерлі-зайыптылардың ажырасуының алдын алуға әрекет жасалуы тиіс. Не себептен шаңырақ шайқалып жатқанын зерделеп, сол мәселені шешу жағына басымдық берілсе, ешқандай қордың да қажеті болмайды.

 

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz