Алғашқы таймда ертістіктер жүйелі шабуылдар ұйымдастырғанмен, бәрі сәтсіз аяқталды. Ал турнирдің көш басындағы «Тобыл» керісінше қорғанып, ерекше шабуылмен көзге көріне қойған жоқ. Есесіне екінші таймда ойын өрнегі өзгеріп шыға келді. Қонақтар шабуылға көшіп, Андрей Пасеченконың қақпасын торуылдай бастады. Әсіресе, қостанайлық Бауыржан Тұрысбек дәл соққылар жасады. Оның бірі голға ұласты. Максим Фединнен доп алған ол 35 метр қашықтықтан допты қақпаға тулатты. Есеп – 0:1. Бұдан соң Милан Милановичтің шәкірттері абдырап, қарсыластың алаңына асыға қоймады. Ал ойын соңына қарай павлодарлық Патрик Хиди қостанайлық Сенин Себаиге қарсы ойын тәртібін бұзып, төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Қарсыластар бұл мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ. Есеп – 0:2. Осылайша, «Ертіс» тағы да жеңіліп, турнирлік кестедегі 12 команда арасында 11-орынға ойысты. Екінші айналымды дәл осындай нәтижемен қорытындылады. «Ертістің» бас бапкері Милан Милановичтің шәкірттері жеңілгенімен, жаттықтырушының көңілі тоқ.

- Команда «Қайрат» пен «Тобылға» қарсы жақсы ойын көрсетті. Доп жіберсе де мойымай, үнемі алға ұмтылды. Егер алдағы уақытта да осындай қарқынмен ойнасақ, кез келген команданы жеңеріміз анық, - деді М.Миланович матчтан соң.

Алдағы аптада премьер-лиганың үшінші айналымы басталады. Алғашқы ойын 17 тамыз күні өз алаңымызда тағы да «Тобылға» қарсы өтеді.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz