Жарыс төрт қашықтық бойынша ұйымдастырылды. Екі шақырымдық бәйгеде Ақмоладан келген Дмитрий Волков есімді шабандоздың тұлпары – Стайл Антик мәре сызығына бірінші болып жетіп, қанжығасына 750 мың теңгені байлады. 1600 метр болатын сайыста та ақмолалық шабандоздың Лансет есімді арғымағына тең келері болмады. Ол иесіне 800 мың теңге әкелді.

- Мен 10 жылдан астам уақыт бойы атбегілікпен айналысамын. Осы уақытқа дейін тұлпарларым бәйгеде сүрінген емес. Бүгін де жеңіске жететінімізге сенімді болдым. Арғымақтарым бұл сенімімді ақтады, - дейді Дмитрий Волков.

Ал аламан бәйгеге жеті қаладан келген 13 шабандоз қатысты. Бас жүлдеге құны 3 млн. теңге болатын «LADA Granta» көлігі тігілді. Бұл темір «тұлпар» Алматы облысының Ұзынағаш ауылынан келген 9 жасар Арнұр Саматұлына бұйырды. Оның арғымағы – Ақ моншақтың шаңына ілесері болмады.

- Менің өз әдіс-тәсілдерім бар. Бастапқыда Ақ моншаққа күш салмай, топтың ортасында болдым. Мәре сызығы жақындаған кезде қамшыны бастым, - дейді шабандоз.

Бұл күні Арнұр екі мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Оның тағы бір тұлпары – Гауһартас құнан бәйгеде алдына ешкімді салмады. Сөйтіп, Арнұр көлікпен қатар мотоциклге ие болды.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz