Құрылысшылар мерекесі қатар тойланған әсем кеште отандық эстрада жұлдыздары «МузАрт», «FМ» тобымен қатар, ресейлік әнші Доминик Джокердің өнерін тамашалауға келген халықтың қарасы қалың болды. Бұл күні «құлақтан кіріп, бойды алған» әндер әуеледі. Алдымен жергілікті өнерпаздар өз өнерлерін паш етіп, жиналған жұртшылыққа тамаша көңіл-күй сыйлады. Ал «FМ» тобының сұлулары кеш көрігін одан әрі қыздырып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Алғаш рет ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Сенің көзің» әнімен танылып, халықтың сүйіктісіне айналған «МузАрт» тобын жұртшылық зор қошеметпен қарсы алды. Трио мүшесі Сәкен Майғазиев жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарын мерекемен құттықтады.

- Ұлы Абайдың туған күні мен құрылысшылар мерекесі құтты болсын! Құрбан айттың қарсаңында павлодарлықтармен жүздескенімізге қуаныштымыз. Осынау кеште қауышуымызға себепкер болған облыстық әкімдікке алғыс білдіреміз. Құрбан айтта тілеген тілектеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла Тағала қабыл етсін. Елімізде тыныш заман орнасын деп тілейміз. Әр шаңырақта бақыт, елімізде бейбітшілік мәңгі орнасын. Құрылысшылардың төл мерекесі құтты болып, елімізде әсем ғимараттар бой көтере берсін. Міне, бірнеше мереке қатар тойланған күні Павлодарда игі іс бастағалы отырмыз. Ешбір жерде Абай атамыздың әнін 40-50 мыңға жуық адам қосылып шырқаған емес. Павлодарлық ән сүйер қауыммен ақынның «Көзімнің қарасы» әнін бірге шырқауға мүмкіндік туып отыр,- деді Сәкен Майғазиев.

Әсем кешке жиналған 50 мыңнан астам павлодарлық сүйікті тобымен бірлесіп, данышпанның өзі айтпақшы, «ұйықтап жатқан жүректі оятатын» әнді тамылжыта орындады. Сонымен қатар, халықтың сүйіктісіне айналған топ «Өз елім», «Жайна», «Сен келерсің бір күні», «Жайлаукөл кештері», «Сағындым Алматымды», «Таң сыры» және Павлодар облысының әнұраны «Елге сәлем» әндерін шырқап, халықты бір серпілтті.

Жұртшылық көп жиналған әсем кештің қонағы, ресейлік әнші Доминик Джокер де жерлестеріміздің ыстық қошеметіне бөленді. Танымал әнші репертуарындағы хит әндерін шырқап, жастарды қуантты.


Насират Дүйсенов, Павлодар қаласының тұрғыны:

- «Ертіс Promenade» сахнасында өткен концертті әулетімізбен тамашаладық. Әсем кеш көңілімізден шықты. «МузАрт» тобының әндерін білмейтін қазақ жоқ шығар. Әсіресе, Абай бабамыздың әнін қосыла шырқағанымыз қуантты. Жазғы маусымда дәстүрге айналған шара үшін жергілікті билікке алғыс айтамыз. Орталық жағалау павлодарлықтардың сүйікті демалу орнына айналған. Осындай әсем кештер көп болып, халыққа демалыс сыйлай берсін.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz