«Мүмкіндікті пайдалану маңызды»

Баянауыл - мал шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір. Мұнда төрт түлік жылына ары кеткенде екі ай қорада тұрады. Қалған уақытта жайылып жүреді. Бұл мал күтіміне қатысты шығынды біршама азайтары сөзсіз. Сондықтан, жергілікті шаруалардың алдында мал басын көбейту мақсаты тұр. Әсіресе, қой шаруашылығын дамыту қажет.

Өңірге жұмыс сапарымен барған облыс әкімі бірнеше шаруа қожалықтарына арнайы атбасын бұрып, осы мәселелерді алға тартты. Құндыкөл селолық округіндегі «Мырзашоқы» шаруа қожалығы аграрлық несиелік корпорациясы арқылы Ресейден 100 қазақтың ақбас сиырларын әкелген. Жалпы биыл аудан бойынша «Сыбаға» бағдарламасы аясында 644 бас асыл тұқымды ірі қара жеткізілуі тиіс. Қожалық басшысы Орал Сартаев бұл бағдарламаның игілі мол екенін айтуда.

Аймақ басшысы шаруалармен кездесу барысында аграрлық салаға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп отырғанын жеткізді. Тек шаруалар бұл қолдаудан құр қалып қоймауы тиіс.

- «Сыбаға» бағдарламасы аясында жылдық 4 пайызбен 15 жылға дейін жеңілдетілген несие береді. Бұл – таптырмас мүмкіндік. Бірақ ол бағдарламаның қаншалықты өміршең болатыны сөзсіз. Қолдарыңызды мезгілінен кеш сермеп қалмасаңыздар болғаны. Мысалы, осыдан 5 жыл бұрын «Беларусь» тракторының құны шамамен 3 миллион теңге болды. Онымен қоса, ол мемлекет тарапынан субсидияланды. Яғни, шаруаларда арзан бағаға трактор сатып алу мүмкіндігі болған еді. Бірақ кәсіпкерлеріміз онда да белсенділік танытпады. Ал қазір сол тракторлардың құны 7 миллион теңгеге дейін көтеріліп кетті. Амал жоқ, сатып алуға тура келеді. «Сыбаға» бағдарламасы да дәл солай. Ол күндердің бір күні тоқтатылары сөзсіз. Сондықтан уақыт барда пайдаланып қалуымыз тиіс. Өкінішке қарай, шаруалардың белсенділігі төмен. Біз қазір қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырларын Ресей елінен тасымалдап жатырмыз. Бұл - ұят жағдай. Оны түзету қажет, - деді Болат Жұмабекұлы.

Құндыкөл ауылында болған аймақ басшысы «Айша» шаруа қожалығына ат басын тіреді. Жергілікті кәсіпкерлер етті қой шаруашылығын дамытуда. Қойдың басын 2 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

- Жалпы, Баянауыл және Май ауданы қой шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Бірақ, өкінішке қарай, қой өсіру ісі кенде қалуда. Былтыр өңірлерге жұмыс сапарым барысында осы аудандардың шаруалары қой етін өткізе алмай жатқандарын айтып, шағымданған еді. Бұл мәселені шештік. Павлодар қаласында ет комбинатымен келісім жасалды. Олар қой етін тиімді бағамен сатып алуға келісті. Енді керісінше, сол комбинат сатып алатын ет таба алмай отыр, - деп сын айтты облыс әкімі. Сондай-ақ, Б.Бақауов қой тұқымын асылдандыру жұмыстарын қолға алу қажет екенін айтты.

- Қай шаруашылықты қарамасаңыз да қоймен бірге ешкі жайылып жүреді. Бұл дұрыс емес. Қойдың тұқымын асылдандыруға ерекше ден қою қажет. Мал шаруашылығын қолға алғаннан кейін онымен кәсіби түрде айналысу қажет, - деді облыс әкімі.

Қойдың етіне сұраныс бар, тек жүні мен терісі текке қалып жатыр дейді шаруалар. Енді бірі, қойға қарағанда ірі қара өсіру тиімдірек деп отыр. Аймақ басшысы тиісті мекемелерге Алматы, Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облысының қой өсірудегі тәжірибесін ескеруді жүктеді. Сондай-ақ, экономикалық тұрғыдан қой шаруашылығын дамытудың ұтымды және кем тұстарын сараптап, нәтижесімен облыс шаруаларын ақпараттандыруды тапсырды.

- Бүгінде еліміз бойынша қой шаруа-шылығына ден қойылып отыр. Мысалы, Алматыда 2 миллион қой бар. Оңтүстіктің кәсіпкерлері осы бағытқа ойысып жатыр. Сондықтан өзге өңірлердің де тәжірибесін ескеру қажет, - деді ол.

Шаруалар бірқатар мәселелерді де сөз етті. Мысалы, «Айша» шаруа қожалығының басшысы Жұлдыз Қожин бруцеллез мәселесін көтерді.

- Осыдан екі жыл бұрын ауданға қарасты Қырықжылдық, Көкдомбақ ауылдарында бруцеллез ауруы көп тарады. Бірақ мемлекет тарапынан тиісті дәрі-дәрмек бөлініп, екпе жасалды. Ал биыл бруцеллез ауруына қарсы егілетін Штамм-82 және RB-51 препараттары берілмейтінін естідік. Қауіпті кеселге қарсы күрес қалай жүргізіледі? - деп сұрады кәсіпкер.

Аймақ басшысы ветеринариялық қауіпсіздік күн тәртібінде басты мәселе болып қалатынын айтты. Жоғарыда шаруалар айтқан препараттар енді берілмейтінін де растады. Сондықтан, жауапты органдарға ветеринария саласында қолға алынып жатқан шаралар жайында есеп дайындап, ақпараттандыру мақсатында облысымыздың барлық аудандарына таратуды жүктеді.

Шаруалар көтерген тағы бір мәселе – маман тапшылығы. Ауданда тіпті, қойшы табу қиын дейді олар. Аймақ басшысы облысымыздың барлық қой өсіретін кәсіпкерлерінің басын қосып, тәжірибе алмасу мақсатында арнайы жиын өткізуді тапсырды.

Жұмыспен қамтылу деңгейі төмен

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі жергілікті аграрлық колледжде «Еңбек» бағдарламасына қатысушылармен жүздесті. Аудан әкімінің орынбасары Қанат Кәрімовтың айтуынша, өңірде 1031 адам кешенді жұмыспен қамту шараларымен қамтылады деп жоспарланған. Әзірге тек 474 тұрғынға екі қолға бір күрек табылған.

«Бастау» жобасы аясында жыл басынан бері 40 адам оқытылып, 11 адам 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант алып, өз кәсібін ашыпты. Жыл соңына дейін тағы 55 адамды бизнес курстан өткізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында қысқа мерзімді оқытудан өткен тұрғындар 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік грантқа ие бола алады.

- Ауданда тұрғындарды жұмыспен қамту көрсеткіші көңіл көншітерліктей емес. Өңірде жоспарланған 694 жаңа жұмыс орнының тек 400-і құрылған. Бұл облыс аудандары бойынша 9-ыншы көрсеткіш. Кәсіпкерлермен дұрыс жұмыс жүргізілмейтіні көрініп тұр. Шаруалар «бізге маман тапшы» деп зар қағып отыр. Тіпті мал бағатын адам табалмауда. Бірақ олардан қажетті жұмысшыларға деген өтініш аз түскен. Сондықтан жұмысқа мұқтаж әрбір тұрғынмен және жұмыс берушілермен жекелей жұмыс істеңіздер, - деді облыс әкімі.

Кездесу еркін диалог түрінде өткенін атап өткен жөн. Тұрғындар аймақ басшысына жеке мәселері бойынша сұрақтарын қойып, өтініш-тілектерін білдірді. Атап айтсақ, атаулы әлеуметтік көмек алатын Гүлсана Бакеева баспана мәселесін көтерді. Бүгінде аудан орталығында тұрғын үйлердің бағасы шарықтап кеткен. Мұнда бір баспананың құны 8 млн. теңгеге дейін жетеді. Бұл қаражатты қалтасы көтермейтінін айтқан көпбалалы ана үй салуға жер учаскесін сұрап отыр. Қазір ол жер кезегінде 300-інші орында тұрған көрінеді. Ауылдарда жер кезегі мүлде болмауы тиіс екенін атап өткен аймақ басшысы жергілікті билікке тиісті көмек көрсетуді тапсырды.

Съез Баянбек аудан орталығының шеткі бөлігінде орналасқан үйлерге орталықтандырылған су құбыры тартылмай жатқанын айтты. Жұмысқа жауапты мердігер компания тасты жерлерді ойып, құбыр салу қиын екенін айтқан. Облыс әкімі бұл мәселені анықтап, тиісті шешім қабылдау керектігін баса айтты.

Майқайың кентінде тұратын Аяжан Күнғожаева балабақшада логопед болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, мыңдаған тұрғыны бар аталған кентте тілдің кемістігін түзететін бұл қызметке деген сұраныс жоғары. Сондықтан ол жеке логопед кабинетін ашуды жоспарлап отыр. Алайда өз күшімен бұл мақсатын орындау қиынға түсуде. Болат Жұмабекұлы облысымыз бойынша логопедтердің жұмысы аса қажет екенін айтты. Осыны ескеріп, жергілікті әкімдікке Майқайыңда логопед кабинетін ашуға қолдау көрсетуді жүктеді.

Су құбыры тартылуда

Облыс әкімі аудан орталығында тартылып жатқан орталықтандырылған су құбырының құрылысымен танысты. Үш жылдық жоба биыл мәресіне жетуі тиіс. Бүгінде жоспарлы 75 шақырымның 65-іне су құбыры тартылған. 150 тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар орталықтандырылған су жүйесіне қосылыпты.

Жобаны «ҚазСтройСервис» ЖШС жүзеге асыруда. Әзірге, құрылыс сапасына қатысты мәселе жоқ дейді жергілікті атқамінерлер. Онымен қоса, нысанға берілетін кепілдік мерзімі 10 жылды құрайды. Яғни, осы аралықта қандай да бір кемшіліктер анықталса, аталған серіктестік түзетуге міндетті.

Сапалы ауыз суға қол жеткізген тұрғындардың қатарында 79 жасар Бибісара Ақышева бар. Ол екі ұлымен және олардың отбасымен бір үйде тұрады. Зейнеткер бұл игілікті көп күткендерін айтты.

- Баянауыл ауылында 1960-ыншы жылдан бері тұрамын. Сол кезден бері жергілікті тұрғындар орталықтандырылған су құбырының тартылуын күтті. Міне, биыл осы игілікке қол жеткізіп отырмыз. Қазір қаладағыдай сапалы ауызсу үйімізге дейін жеткізілді. Осы жұмыстардың басы қасында жүрген облыс, аудан басшылығына аналық алғысымды білдіремін, - деді Б.Ақышева.

Мердігер құрылыс жұмысын мерзімінен бұрын, қазан айында аяқтауға уәде етті.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz