- Бізді қызықтырғаны – баспана. Бес жыл бұрын Тараздан Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келдік. Содан бері пәтер жалдап тұрдық. 43 шаршы метрлік, бір бөлмелі пәтерде төрт балам мен жолдасым, яғни, алтауымыз күн кештік. Айына 95 мың теңге төлейтінбіз. Баспана маша- қаты басты ауыртқан соң жайлы өмір іздеп, Екібастұз қаласына келдік, - дейді Эльза Қайсарбайқызы.

Көпбалалы отбасыға кеншілер шаһарынан 3 бөлмелі пәтер берілген. Алғашқы жылында тегін тұрады. Одан кейін төрт жыл қатарынан айына небары 14 мың теңге төлейді. Бес жыл өткен соң пәтер құнының қалған сомасын өтеп, баспананы өзінің басы байлы шаңырағы етуге мүмкіндігі бар.

- Тұңғышымыз Әдемі Нұр-Сұлтанда медициналық колледждің 2-нші курсын аяқтады. Енді оқуын Екібастұзда жалғастырады. Ауыстырып алдық. Екінші қызымыз Ақбаян 9-сыныпқа көшті. Үшінші қызғалдағымыз Жібек 8-сыныпқа көшті. Кенжеміз Сұлтанәлі 2-сыныпқа барады, - дейді кейіпкеріміз.

Эльзаның өзі де еңбекке араласып кеткеніне екі айдың жүзі болыпты. Медбике мамандығының иесі елордада 2-нші балалар ауруханасының травматология бөлімшесінде медбике қызметін атқарыпты. Ал қазір Екібастұзда перзентханада жұмыс істеуде.

- Ұжымым жақсы. Жылы қабылдады. Бірақ, шыны керек, мұнда талап көп екен. Бәлкім, мамандар жетіспеушілігінен болар, бір маманға түсетін ауыртпашылық артық па деп қалдым. Оған қоса, туыс-туғаннан алыстап, өзге ортаға үйренісу оңай емес екен. Сағыныш та бар. Біраз құлазып қалатын сәттерім болады. Алайда, өз баспанамыз барын ойлағанда, сол жанымызға медеу, көңілім өзгеріп сала береді, - деп ағынан жарылды көпбалалы ана.

Шаңырақ иесі Рауан Құрманбаев та қол қусырып отырған жоқ. Бұрын Нұр-Сұлтан қаласында сантехник болып еңбек еткен азамат қазіргі таңда Екібастұзда қайта даярлау курсынан өтіп жатыр. Үш айлық курстың бірінші айын тәмамдап үлгерген. Ол енді жүк тиеуші көліктің тізгінін ұстауды меңгеріп шықпақ. Содан кейін жұмысқа араласады.

Енді балаларын мектепке орналастыру жағы ойластырылуда. №36 мектепке баруды қалайтындарын жасырмады. Әлбетте, толық жайғасқанша, біраз ыңғайсыздықтар болады. Бірақ оның бәрі уақытша екенін айтып, көп балалы анаға жайлы өмір, кеншілер қаласының тұрақты тұрғынына айналуды тіледік.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz