Аквапарк болады

Сенбі күні облыс әкімі Болат Бақауов Павлодар қаласындағы бірқатар тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты. Алдымен жеке инвестор – «Әлем-PVL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан Ген.Дүйсенов көшесі, 2/2 және Иса Байзақов көшесі, 133 мекенжайындағы үйлерге барды. Екі нысанның сыртқы жұмыстары толығымен аяқталыпты. Бұл ретте құрылыс барысында пайдаланатын материалдардың 90 пайызы павлодарлық өнім екенін ерекше атап өту керек. Құрылысшылар тек цементті сырттан әкеледі. Ал кірпіш, терезе, есік, сантехникалық жабдықтар және тағы басқалары өз өңірімізде шығарылған. «Әлем-PVL» компаниясының өкілдері жер телімдері болса, алдағы уақытта да облыс орталығында тұрғын үйлердің құрылысын қолға алуға дайын екендіктерін білдірді.

Сонымен қатар, «Hagi-Pavlodar» құрылыс компаниясы қалалық саябақ маңында аквапарк салуда. Серіктестік басшысы Валерий Феляевтің айтуынша, 1,6 гектар аумақты алып жатқан алаңда кішілерге де, үлкендерге де арналған су аттракциондары, қоғамдық тамақтану орны, фитнес залы болады. Тәулігіне шамамен 500 адамға қызмет көрсетіледі деп күтілуде. Бірнеше ай бұрын негізі қаланған нысан келесі жылдың соңында ел игілігіне берілмек. Облыстық сәулет және қала құры-лысы басқармасының басшысы Нұрлан Қақамбетов келушілерге жайлы жағдай жасау үшін бас жоспарға өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін алға тартты. Яғни, қоғамдық көліктер қатынасы, көліктер тұрағы мәселесі қайта қаралмақ.

Жылдамдатуды жүктеді

Бұдан соң аймақ басшысы Сарыарқа шағын ауданында құрылысы жүріп жатқан әр үйге барды. Солардың бірі - №27 баспана. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларына арналып салынып жатқан бұл үйдің «басы» бірнеше рет дауға қалған еді. Тіпті, шиеленісті іс сотқа дейін жетіп, алғашқы мердігер – «Артех-ПВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жасалған келісімшарт өз күшін жойды. Осыдан бір ай бұрын «СК-Строитель» компаниясы құрылысты одан әрі жалғастырды.

- Біз іске кіріскен тұста тере-зелердің небары 50 пайызы орнатылып, әрлеу жұмыстарының 30 пайызы ғана жүргізілген еді. Бүгінде құрылыс алаңындағы 50 адам барлық терезені қойып, әрлеу ісін 80 пайызға аяқтады. Инженерлік желілер тартылды. Қыркүйек айының соңында үйді қолданысқа береміз, - деді серіктестік басшысы Кенжебек Хасенов.

Сарыарқа ауданындағы өзге үйлер осы жылдың 1 желтоқсанына дейін тапсырылуы тиіс. Аймақ басшысы мердігерлерге дәл осындай талап қойды.

- Құрылыс материалдары, жұмыс күші, қаржы – бәрі бар. Сондықтан құрылыс қарқынын үдету қажет. Қыркүйек-қазанда сыртқы, қарашада ішкі жұмыстарды аяқтап, 1 желтоқсанға дейін тұрғындар жаңа үйлеріне қоныстануы тиіс. Ал құрылыс басқармасының әр маманы бір-бір үйге жауапты болып, жұмыс күнін осы алаңнан бастауы керек, - деді Б.Бақауов.

«Астана Көктем-С» компания-сының директоры Дамир Досжанов белгіленген мерзімге дейін жұмыстарды аяқтауға уәде берді.

- Сарыарқа ауданындағы №11 үйдің құрылысын осы жылдың маусым айында бастадық. Қазіргі кезде 30 адам жұмыс істеуде. Желтоқсан айына дейін үйді пайдалануға береміз, - деді Д.Досжанов.

Ал «Жәрдем» ЖШС директоры Серік Ахметов жыл соңына дейін үлгермейтіндерін ашық айтты. Себебі мұндағы жұмыстар енді ғана басталып жатыр. «4 айдың аралығында 3 подъезді үйді салу оңай емес» деді С.Ахметов.

Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкеновтің айтуынша, бұрынғы Алюминстрой ауданында тағы 26 үйді сыру қажет. Ал қоныстанушылар үшін жаңадан екі үй салынады. Мұндағы пәтерлердің бір шаршы метрінің бағасы 160 мың теңге шамасында болмақ.

280 мың теңге бола ма?

Сарыарқа ауданынан бөлек, облыс орталығында Достық және Әуежай қалашығы аудандары салынуда. Бүгінгі күні Достықта жылу желілері толығымен тартылды. Жыл соңына дейін орталықтандырылған жарық, кәріз, су жүйелері салынбақ. Баспаналардың басым бөлігі 16 қабатты болмақ, тек бір үй 18 қабаттан тұрады. Бірақ оның бір шаршы метрінің бағасы 280 мың теңге болады деп жоспарланған.

- Облыста 18 қабатты үйді салатын кран жоқ. Бір шаршы метрі 280 мың теңге болатын үйді кімдер алады деп ойлайсыздар? Бұл орташа бағадан шамамен екі есеге қымбат. Пәтердің бағасын, жалпы 18 қабатты үйдің, Достық ауданының құрылысын қайта қараймыз, - деп қайырды Б.Бақауов.

Ал Әуежай маңындағы үйлердің бір шаршы метрі 120 мың теңге шамасында болмақ. Мұндағы баспаналардың 100-180 шаршы метр болатынын ескерсек, үйлердің бағасы 22 млн. теңгеге дейін жетеді. Оларды «7-20-25» бағдарламасы мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы алуға болады. Облыс әкімі Болат Жұмабекұлы бір-екі күн дересінде аталмыш аудандағы үйлерге қатысты ақпараттық материалдар дайындап, жұртшылық назарына ұсынуды тапсырды.

- Әуежай қалашығындағы баспаналар облигациялық қарыз есебінен, бір шаршы метрі 130-160 мың теңгеге салынуда. Мемлекеттік бағдарлама аясында бір шаршы метрі 120 мың теңгеге сатылады. Міндетті талап – баспаналы болуға ниетті тұрғынның жер алу есебінде болуы. Жалпы, бүгінде мұнда 73 пәтерлі 55 үй салынуда, оның төртеуі жыл соңына дейін аяқталады.

Баспаналардың барлығы белгі-ленген 4 типке сәйкес болады. Қазіргі кезде жарық пен су желілері тартылуда, келесі жылы орталықтандырылған жылу жүйесі қосылады, - дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Рүстем Раисов.

Қаржы болса...

Сонымен қатар, аймақ басшысы Ақсу қаласындағы бірқатар нысанның құрылыс барысын көріп қайтты. Азамат Аронов есімді кәсіпкер жол бойындағы сервис – мейрамхана мен 15 адамға арналған қонақ үй құрылысын бастапты. Жобаның жалпы құны – 150 млн. теңге. Қызмет көрсету орнының қашан қолданысқа берілері облыстық қазынадан бөлінетін қаржыға байланысты болып отыр.

- Бұл жоба шілде айында өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында қаралған болатын. Жеке инвесторға қолдау ретінде облыстық бюджетті нақтылау кезінде қаржы қарастырылса, осы жылдың соңында мейрамхана мен қонақ үй ел игілігіне беріледі. Ал биыл қаражат болмаса, тиісті жұмыстар келесі жылдың мамыр-маусымына дейін созылуы мүмкін, - дейді Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қонақбаев.

Бұл ретте Болат Жұмабекұлы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында несие алу амалдарын қарастыруды да ұсынды.

Ал қалалық қазандық құры-лысында кідіріс жоқ. Шаһар басшысы Балғабай Ыбыраев тиісті жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты.

- Бүгінгі күні Ақсу қаласы 120 гигакалорий жылу тұтынады. Ал жаңа қазандықтың қуаттылығы – 180 гигакалорий. Яғни, алдағы уақытта салынатын тұрғын үйлер мен шағын, орта бизнес нысандарын жылытуға жетеді. Жоспар бойынша келесі жылғы жылу маусымында қаладағы нысандар осы қазандық есебінен жылытылмақ, - дейді Б.Ыбыраев.

Мердігер компания – «KBI Energy» ЖШС күрделі жөндеу жөніндегі директоры Әділбек Серғалиевтің сөзінше, жаңа нысанда Екібастұзда шығарылған 6 қазандық қолданылатын болады. Көмірді де кеншілер шаһарынан жеткізбек.

Аймақ басшысы көпбалалы отбасыларға салынып жатқан жеке үйлердің құрылыс барысымен де танысты. Мұндағы 28 баспанаға 56 отбасы қоныстанбақ.

- Бір апта дересінде жаңа үйлердің иелерін анықтап, байланыс орнату қажет. Олар қазірден-ақ үйлердің маңын көріктендіру, абаттандыру жұмыстарын қолға алғаны дұрыс, - деді Б.Бақауов.

Сонымен қатар, облыс әкімі Ақсу қара металлургия колледжінің жатақханасы мен жедел басқару орталығының құрылыс алаңдарына барды. Атқарылған жұмыстарды оң бағалап, нысандарды белгіленген мерзімнен кешіктірмей тапсыруды жүктеді.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz