Бұл өзекті мәселе жуықта өткен алқалы жиындардың бірінде көтерілген болатын. Қоғамдық денсаулық сақтау ісі бойынша үйлестіру кеңесінің отырысында Павлодар облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Ардақ Күзеков құзырлы мекеме өкілдері алдында жағымсыз жайтты жайып салған еді. Оның сөзіне сүйенсек, құтырма ауруына қарсы екпені аймағымызға жеткізу өткен жылдың желтоқсан айында тоқтатылған. Ал үстіміздегі жылдың басында облыс емханаларында аталған препараттардың қоры таусылған.

- Біз үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап құтырма ауруына қарсы препараттардың жоқтығын айтып, облыстық денсаулық сақтау басқармасына 4-5 рет ресми хат жолдаған болатынбыз. Алайда тиісті жауап ала алмадық. Тек маусым айында соңғы жолдаған хатымызға жауап келді. Онда басқарма басшылығы бар мәселе аймағымызға дәрі-дәрмек тасымалдайтын «СК-Фармация» компаниясында екенін айтқан. Қажетті препараттар тамыз айының басында келеді деп уәде етті. Өкінішке қарай, ай аяқталып келеді. Әлі нәтиже жоқ, - дейді А.Күзеков.

Ресми деректерге сүйенсек, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл ит қапқандардың саны 35 пайызға көбейген. Нақтырақ айтсақ, өткен жылдың 5 айында 172 факті тіркелсе, биылғы бес айда бұл көрсеткіш 232-ге жетіп отыр. Онымен қоса, ағымдағы жылдың алты айында облыс бойынша 6 адамда құтырма ауруына шалдықты деген күдік тіркелді. Өкінішке қарай, оның екеуі қауіпті дертті жұқтырған.

Ардақ Мүбәрәкұлы наурыз айына дейін облысымыздың өзге медициналық мекемелерінен қалдық дәрілерді алып келгенін айтады.

- Соңғы 4-5 айда ол да жоқ. Сол кезден бері 52 баланы ит қапты. Олардың тек 17-сі ғана құтырмаға қарсы екпе алды. Қалған 35 балаға тиісті дәрі-дәрмектің жоқтығынан екпе жасалмады. Бұл - өте қауіпті. Құтырма вирусына қарсы ем алмаған балалардың саны көбейіп келеді. Бұл тек балаларға қатысты емес. Ересектерге де қауіп төніп тұр. Себебі қазір қажетті препараттар аймағымыздағы ешбір емханада жоқ. Денсаулық сақтау басқармасының уәделеріне сәйкес, құтырма вирусына қарсы екпелер тамыз айының 10-ы келуі тиіс еді. Бірақ әлі күнге жоқ. Осылайша, құзырлы басқарма күн сайын құрғақ уәде берумен шектеліп келеді, - дейді А.Күзеков.

Мәселенің мәнісін білу мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасына редакция атынан ресми сауал жолдаған едік. Онда құтырма ауруына қарсы препараттардың не себепті кешіктіріліп жатқанын сұраған болатынбыз. Өкінішке қарай, басқармадан ресми жауап келмеді. Есесіне, құзырлы органның баспасөз қызметінің өкілдері хабарласып, жағдайды түсіндіруге тырысты. Тиісті дәрі-дәрмектердің осы аптаның басында келетінін және мәселе өз шешімін тапқанын айтты.

- Мұндай уәдені күнде естіп келеміз. Естуімізше, кейбір өзге облыстарда тиісті препараттар бар. Осы орайда біз облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығынан аталмыш аймақтардағы әріптестермен байланыс орнатып, қажетті дәрі-дәрмек сұратып алуларын өтінген болатынбыз. Өкінішке қарай, бұл өтінішіміз ескерусіз қалды. Егер құтырма ауруы- мен ауыратын иттер мен өзге хайуандар балаларды тістеп алса және ол балаға уақытылы медициналық көмек көрсетілмесе өмірлерін құтқару мүмкін емес. Себебі, құтырма адам өміріне, әсіресе, жеткіншектердің денсаулығы үшін аса қауіпті індет болып табылады, - дейді А.Күзеков.

Жалпы, құтырма - вирус арқылы таралатын қауіпті ауру. Бұл індетпен ауыратын хайуандар мен жануарлардың мінез–құлқы, жүріс-тұрысы тез өзгеріп, бойларында оғаш қылық пайда болады екен. Мәселен, ит себепсіз үріп, тамақтан бас тартып, көзіне көрінген заттарды тістеп шайнай береді. Көзіне көрінген адамды бірден қауып алады. Аталмыш аурудың қоздырғышы адамдарға жануарлардың сілекейі арқылы тарайды. Сондықтан ит, мысық тістеген жағдайда міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгіну керек.


Түйін:

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қажетті препаратпен толық қамту мәселесін жедел шешеді деп сенеміз. Әйтпесе, жағдай мүлдем ушығып кетуі мүмкін. Бұл мәселе біздің газеттің назарында болады.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz