Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен жиында Ұлттық банктің облыстық филиалы өкілдері мәлім етті. ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалы директорының орынбасары Елдос Спандияровтың айтуынша, кепілсіз тұтынушылық несиесі бойынша айыппұлдары мен өсімпұлдары бар барлық азаматқа мемлекеттің жеңілдігі жасалды. Айыппұл мен өсімпұлдардың 30 пайызы проблемалық несиелер қоры, қалғаны екінші деңгейлі банктер мен микронесиелік ұйымдар есебінен жабылады. Естеріңізге сала кетейік, биыл 26 маусымда ел Президенті Қ.Тоқаев ҚР азаматтарының қарыздық жүктемесін төмендету бойынша шаралар қабылдау жайында Жарлыққа қол қойып, Ұлттық банк пен Үкіметке нақты әрекет жасауды тапсырған болатын.

Міне, сол тапсырмалар негізінде құзырлы органдар іске кірісті. Айыппұлдар мен өсімпұлдарды алып тастаудан бөлек, қоғамның аз қамтылған отбасыларының кепілсіз тұтынушылық қарыздарының бір бөлігін өтеу жүргізілуде. Яғни, азаматтардың жекелеген санаттарының кепілсіз тұтынушылық несиелері бойынша 300 мың теңге көлемінде қарызын кешіру бойынша жұмыс қолға алынған. Бұл санатқа көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылып, арнайы жәрдемақы алатын, мүгедек баласы бар, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар, 29 жасқа толмаған жетім, ата-ана қамқор-лығынсыз қалған балалар жатады. Олардың негізгі қарызы мен сыйақысының жалпы сомасы 3 млн. теңгеден аспауы қажет. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі осы бағытқа жататын азаматтардың тізімін анықтауда. Алдын ала мәліметтер бойынша республика көлемінде 508 мыңнан астам азаматтың жалпы сомасы 105,5 млрд. теңге көлеміндегі қарызы кешірілмек. Бұл жұмыстар ағымдағы айда аяқталады. Нәтижесінде 260 қарыз толық жабылса, қалғандарының қарыздық жүктемесі шамамен 40 пайызға азаяды деп күтілуде.

Е.Спандияровтың айтуынша, азаматтарға бұл үшін банктер мен микронесиелік ұйымдарға барудың қажеті жоқ. Қарызды өтеуді кредиторлар өздігінен жүргізеді. Содан кейін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметтерді «Е-халық» жүйесіне енгізеді. Азаматтар 15 қыркүйектен кейін Электронды үкімет веб-порталы арқылы бәрін біле алады.

Енді халықтың қарыздық жүктемесінің одан ары артпауы үшін де Ұлттық банк күш салмақ. Себебі, Президент берген тапсырманың үшінші бағыты дәл осы алдағы ахуалды ушықтырмауды көздейді.

- Ұлттық банкке нормативтік-құқықтық базаны сәйкестендіру бойынша тапсырма берілді. Бұдан әрі азаматтардың қарыздық жүктемесінің ұлғаюына жол бермеу үшін бірқатар шектеулер қарастырылған. Мәселен, кепілсіз тұтынушылық несиені кешіктіріп төлеу кезінде белгіленетін айыппұл мен өсімпұл есептеу тұрғысында шектеу болады. Сонымен қатар, банктің жеке капиталына, клиенттерді белгілі бір топтарға жатқызу жағына байланысты да талаптар қойылады. Енді несие рәсімдеу кезінде төлем сомасы отбасының әр мүшесіне шаққандағы күнкөріс минимумынан аспауы тиіс, - деді Е.Спандияров.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz