Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, зауыт Теміржолшылар ауылдық округі аумағында орын теппек. Нақтысы, Қалқаман ауылының маңында орналасады. Жобаны «Интур Сервис-Пульс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алып отыр.

Жалпы, жобаның қазіргі барысын білмек мақсатында зауыттың директоры Кеңес Жұмабековке хабарласқан едік. Бизнес иесі бірқатар күрмеулі мәселелер біртіндеп шешімін таба бастағанын айтты.

- Болашақ зауыт әу баста көмірмен жұмыс істеу керек еді. Бірақ, экологиялық тұрғыдан рұқсат берілмеді, қолдау таппады. Сондықтан, газға көшуге тура келді. Ол үшін рұқсат қағаздарымызды, газ сақтайтын қойманың орналасатын орнына дейін нақтылап, мәселе шешілді. «ҚазПром»-мен келісімшарт жасалды, - дейді Кеңес Ғабиденұлы.

Кәсіпкердің айтуынша, 50 гектарлық аумақты алатын алып зауыттың құрылысына ағылшындық «Charter House» қаржылық-өнеркәсіп тобы инвестиция құймақ. Одан бөлек, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктерінен де қолдау болатын көрінеді.

Кеңес Жұмабековтің айтуынша, инвес-торлармен келіссөздер толық аяқталған. Енді инвестиция күтілуде. Қаржы келісімен құрылысқа кіріседі. Биыл кәсіпорынның қазығы қағылады деп межеленіп отыр. Зауыттың құрылысына шамамен 500-ге жуық адам тартылмақ. Ал өндіріс орны 2020 жылдың желтоқсаны немесе 2021 жылдың қаңтарында іске қосылады, дейді Кеңес Қабиденұлы.

Енді «шығарылатын өнімге сұраныс бар ма?» деген сұрақ туындайды. Кеңес Қабиденұлы өндірілетін әйнек шынылары сатылатын нарық ағыл-тегіл, дейді. Бүгінде елімізге шыны Иран, Қытай, Ресейден жеткізіледі.

- Біздің зауыт жайында естіген ресейліктер қазірдің өзінде қолқа салып жатыр. Ресей Федерациясының «Стеклосоюз»-ы келісімшарт жасауға ниет білдірді. Өйткені, көрші елде шыны шығаратын кәсіпорындар көбінде орталық өңірлерде орналасқан. Мәселен, Сібірге орталықтан 16 млн. шаршы метр, Уралға 14 млн. шаршы метр шыны тасымалданады. Мұны мыңдаған шақырымдық жерден тасымалдауға мәжбүр. Ал біз Ресейдің Сібір аймақтарына іргелес жатқандықтан тиімді болып отырмыз. Себебі, Омбы 440, Новосібір 600 шақырым қашықтықта. Демек, тасымалдауға кететін шығынын еселеп азайтуларына мүмкіндік мол. Түмен, Барнаулға да өткізу көзделген. Бірақ, біз алдымен өз өңірімізді, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласын қамтуға басымдық береміз, - дейді К.Жұмабеков.

Жоба шамамен 145 млн. АҚШ долларына бағаланып отыр. Зауыттың жабдықтарын қытайлық «SMS» компаниясы толық орнатып бермек. Бұл компаниямен келісімшарт жасалыпты.

- Шыны өндіруге бізде шикізаттың бәрі бар. Шыны шығаруға пайдаланылатын кварц құмы, мирабилит, тұз, әктас қоры жеткілікті. Тек кальциленген сода ғана жоқ, - дейді кәсіпкер.

Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда Қарасор-1 кен орнында кварц құмын өндіру үшін жер қойнауын пайдалану құқығы алыныпты. Ал «Қарасор-5» және «Майсоры» кен орындарында барлау жұмыстары жалғаспақ.

Бұл зауыт жылына 140 мың тонна немесе 10,5-11 млн. шаршы метр шыны өндірмек. Іске қосылса, 350 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Зауыт үш ауысыммен жұмыс істейді деп жобаланған.

Бизнес иесі зауытты кәсіби мамандармен қамту ісіне де мән беруде. Айта кету керек, Кеңес Жұмабеков 1994 жылы бұл орында шыны зауытын ашқан. Яғни, бұл кәсіптің қыр-сырын біледі. Бірақ, сол кезеңдегі келеңсіздіктер бір жылдан соң кәсіпорынның жабылуына жетелеген көрінеді. Бизнесменнің айтуынша, сол кезде зауытқа қажетті 30 маманды Қырғызстаннан, Ресейден арнайы әкелген. Олардың барлығы дерлік өңірімізде тұрақтап қалыпты. Енді жаңа зауытқа тартылмақ. Қазіргі таңда мамандарды Ресейге, басқа елдерге оқытуға жіберу жоспарланып отыр.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz