Станцияда электр энергия- сын өндіру барысында көп көлемде өндірістік қалдықтар да шығарылатыны белгілі. Оның басым бөлігі - құрғақ күл. Бұған дейін аталмыш қалдықтар еш кәдеге жаратылмайтын еді. Оларды сумен шайып, кәсіпорын жанындағы жасанды көлге ағызып жіберетін. Яғни, көп мөлшерде су пайдаланылады. Күлді арнайы үйінділерде сақтау да шығынды. Сондықтан кәсіпорын басшылығы көп жылдан бері құрғақ күлді өзге де өндірісте пайдаланудың жолын іздеген. Оның шешімі биыл табылыпты.

Өңірлік коммуникациялар қыз- метінде өткен брифингте «Екібастұздық ГРЭС-2 станциясы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Берлібаев Нұр-Сұлтан және Өскемен қалаларында құрылыс заттарын өндіретін кәсіпорындармен тиісті келісімшарт жасалғанын атап өтті. Олардың әрқайсысы жылына 30 мың және 100 мың тонна көлемінде құрғақ күл сатып алуға ниетті.

- Бүгінде станциямызда арнайы үйінділерге шығарылған күлді сатылымға арнап іріктеп, елейтін қондырғылар орнатылды. Оның өнімділігі жылына 240 мың тоннаны құрайды. Яғни, әзірге жыл сайын осындай көлемде құрғақ күлді қайта өңдеуге жіберіп, табыс табу мүмкіндігі бар, - дейді Ә.Берлібаев.

Құрғақ күлден кірпіш, бетон, газоблок сияқты құрылыс заттары өндіріледі. Ол құмның орнына пайдаланылады. Мамандар өңдеуден өткен аталмыш өндірістік қалдықтардың адам денсаулығына зияны жоқ екенін айтуда. Себебі станцияда қолданылатын екібастұздық көмір химиялық құрамы жағынан біртекті, ешқандай қоспасы жоқ. Онымен қоса, өндіріс барысында көмір толығымен жанып кететін көрінеді. Кәсіпорын 2017 жылы құрғақ күл Қазақстанның техникалық регламентіне сәйкес келетінін растайтын сертификат алған.

Жалпы, электр станциясының басшылығы қоршаған ортаны қорғау шараларына көп көңіл бөлінетінін айтуда. Атап айтсақ, кәсіпорын 2019 жылға табиғатты қорғау іс-шараларына 177 млн. теңге бөлген. Жыл басынан бері оның 49 млн. теңгесі игерілген. Аталған қаражатқа ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың мөлшерін азайту мақсатында бірқатар өндірістік құрал-жабдықтар жаңартылған. Заманауи қондырғылар орнатылуда.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz