Техникалық және кәсіптік білім беру саласында былтыр жыл басында 51 колледж болса, оның 36-сы мемлекеттік мекеме ретінде тіркелген. Оңтайландыру шараларынан соң қазір өңірде 44 колледж қалды (29-ы мемлекеттік), деп хабарлады облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы. Оқу орындарында мамандық бағдарлары 148-ден 162-ге дейін кеңейтіліп, жаңадан 15 мамандық ашылыпты. Алайда осыған қарамастан орта оқу мекемелері үшін кәсіптік бағдарлау негізгі мәселе болып қалып отыр.

- Мен бұған дейін нарықта сұранысқа ие жаңа кәсіптер мен мамандықтарды енгізу бойынша бірнеше мәрте тапсырма жүктедім, - деді облыс әкімі Болат Бақауов. – Мамыр айынан бері маған қол қою үшін білім берудің мемлекеттік тапсырысын бекіту туралы қаулыны әкелуде. Әлгі құжатта қажеттілігі жойылып бара жатқан мамандықтар белгіленген. Бұл мамандықтарда оқып шыққан түлектер жұмысқа орналаса алмай жүр.

Айтпақшы, жуықта респуб-ликалық БАҚ-та Қазақстанда сұранысы жоқ мамандықтардың көшін бастап тұрған топ-тізім жарияланды. Олардың қатарында аспаздар, техник-технологтар, кондитерлер бар. Ал біз болсақ, мұндай мамандарды даярлау үшін бюджеттен жыл сайын қыруар қаржы бөліп, бір оқушыға 1,2 миллионға жуық теңге шығындаймыз. Мысалы, осы жылы Успен аграрлық-техникалық колледжінде 15 кондитерді оқыту үшін мемлекеттік тапсырыс жасап жатырмыз. Оларды не үшін оқытамыз? Біз мұндай әдіспен қандай кондитерлерді даярлап шығарамыз?

Облыс басшысы аудан-ауылдарда жұмыс істеп тұрған әлгіндей колледждердің жұмысына баса назар аударды. Кейбір оқу орындарына жүргізілген тексеріс көрсеткендей, көптеген колледж- дер өз түлектерінің жұмысқа орналасқаны туралы тек есеп берумен шектеледі. Еңбек орнына тұрды деген жастардың зейнетақы шоттары да жоқ. Ендеше олар міндетті зейнетақы жарналарын алмайды деген сөз бұл. Бұған қоса, әлгіндей колледждардағы әкімшілік және қызмет көрсету персоналдарының штаттық саны экономикалық тұрғыдан алғанда мүлде тиімсіз. Мәселен, Аққулы ауданындағы 40 орындық жатақханада 25 адам тұрып жатыр деп көрсетіліпті. Тексеріс барысында нақты 7 адамның бары анықталған. Ал мекеме штатында жатақхана меңгерушісі, комендант, жатақхана кезекшісі, шаруашылық меңгерушісі, жаб- дықтар жөніндегі инженер және өзге де жұмыскерлер бар.

Айтып өтерлігі, 8 орта оқу орнын біріктіру жөніндегі облыс әкімінің тапсырмасы да жеріне жеткізіліп орындалмаған. Красноармейка колледжіне 3 мекемені – Баянауыл, Май және Аққулы аудандарының кәсіптік оқу ұйымдарын қосқан. Болат Жұмабекұлы бұл колледждерді жауып тастамас үшін жауапты тұлғалар әлгіндей қадамға барған деген ой түйді.

- Май ауданында небары 11 мың халық бар. Ондағы колледжге бөлінетін қаржының басым бөлігі оқытушыларды ұстауға және көмір сатып алуға жұмсалады. Білім беру басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін оңтайландыру мәселелерімен шұғылданып жатқанына 2 жылдай уақыт болып қалды. Жауапты басқарманың басшысына әрекетсіздігі және тапсырмаларды орындамағаны үшін сөгіс жариялаймын, - деді облыс әкімі.

Тағы бір үлкен мәселе – кәсіптік бағдарлау жұмыстарының жүргізілмейтіндігі. Аймақ басшысы бұл кемшілікті барынша сынады. Айтуынша, Екібастұз қаласына қарасты Шідерті кентіне жасаған жұмыс сапарында 9-сыныптың оқушыларынан күтпеген жауап алған. Әлгі сыныптағы барлық 12 оқушы мектеп бітірген соң Ресейге кетіп, теміржолшы мамандығына оқитындарын жасырмапты.

- Шідерті кентінің жанынан Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы өтеді. Бізде су ресурстары бойынша мамандар, гидромелиораторлар жетіспейді. Бізде ауыл шаруашылығы мамандары – агрономдар, зоотехниктер, гидротехниктер аса тапшы. Ал жергілікті жастар келешекте Отанында қалғысы келмейді. Бұл келеңсіздік олармен ешкімнің шұғылданбайтынынан туындап отыр, - деп қынжылды Б.Бақауов.

Облыс басшысы аталған колледждерді оңтайландыру және мамандық бағдарлау жұмыстары мәселесін педагогтардың тамыз конференциясында көтеретінін айтты. Сондай-ақ бұл түйткілдерді шешуге педагогтармен бірге жергілікті жердегі әкімдердің орынбасарлары, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары да тізе қосуы тиіс деген талап қойды.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz