Облыстық туризмді дамыту және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашевтің айтуынша, дәстүрлі шара аймағымыздың туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Биыл өңірлік көрмеге облысымыздың барлық аудандарынан бөлек, Шығыс-Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қостанай облысының, Ресейдің Алтай өлкесінің өкілдері қатысты.

- Әр өңір павлодарлық жұртшылыққа өздерінің туристік әлеуетін паш етуде. Салада бәсекелестік күшейсе, сапа да арта түсетіні белгілі. Сондықтан көрмеде ресейлік туристік аймақтардың да таныс-тырылымы өтуде. Негізінде, еліміз бен солтүстік көршілеріміздің табиғаты ұқсас. Біздің облысымызда да көздің жауын алар әсем жерлер, денсаулыққа пайдалы орындар баршылық. Тек оны дұрыстап насихаттай білуіміз қажет. Сондай-ақ, осы шараның көмегімен Ертіс өзені арқылы да туризмді дамытуға болатынын көрсеткіміз келді. Осы мақсатта «Ертіс думаны» экологиялық жүзу шарасын қолға алдық, - дейді М.Айдашев.

Туристік көрме аясында облысымызға қарасты аудандарда жаңадан ашылған демалыс орындары таныстырылды. Мысалы, биыл Аққулы ауданының тұзды көлдеріне 5000-нан астам турист барған. «Ертіс орманы» табиғи резерваты «Қарағайлы алаңымен», ат туризмімен таң қалдыра алады.

Алтай өлкесінің туристік аймақтары жайында жергілікті туризмді дамыту және шипажай қызметі басқармасының өкілі Елена Линкина айтып берді. Оның сөзіне сүйенсек, өткен жылы Ресейдің көршілес аймағында 20 мыңнан астам қазақстандық демалған.

- Біз Павлодардағы өңірлік көрмеге екінші мәрте қатысып отырмыз. Алтай өлкесі бірінші кезекте, Белокуриха шипажайымен мақтана алады. Бұдан бөлек, ел арасында танымал тұзды көлдері бар, - дейді Е.Линкина.

Экологиялық жүзу аясында Ертіс өзенінің жиегі қоқыстан тазартылды. Оған қатысушылар 5 қыркүйек күні Аққулы ауданының аумағынан екі қайықпен жүзіп шыққан. Олар екі күннің ішінде 100 шақы-рымнан астам жолды жүзіп өтіпті.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz