Ақсу қаласындағы нысандар «ЕЭК» және «Қазхром» ТҰК» АҚ қазандықтары арқылы жылытылады. Биыл «ЕЭК» компаниясының Ақсу жылу-электр станциясында №3 энергоблок жөнделді. Белгіленген кестеге сәйкес, №8 блокты жөндеу жұмыстары қарашада, №6 блокты жөндеу келер жылдың ақпан айында аяқталмақ. «Қазхром» ТҰК» АҚ қарасты Ақсу ферроқорытпа зауыты да қазандықтарды дайындауды қолға алды. Бүгінгі күні жоспарланған төрт қазандықтың біреуі жөнделді. Қалған үшеуін қыркүйек-қазан айларының соңында қолданысқа беру жоспарланып отыр.

Жылу желілері де алдағы маусымға дайындалды. «Теплосервис-Ақсу» кәсіпорны өз қаржысы есе- бінен 250 метр желіні ағымдық, 1327 метр желіні күрделі жөндеуден өткізді. Инвестициялық бағдарлама аясында жалпы ұзындығы 1344 метр болатын желі де жөнделді. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң сынақтар жүргізіліп, атқарылған істің сапалылығын көрсетті.

Ал «Ақсу су арнасы» кәсіпорны 1290 метр су жеткізу құбыры мен 287 метр су тарату құбырын жөндеді. Одан бөлек, «Дала» мердігерлік ұйымы 14 шақырым магистральдік желіні қалпына келтірді.

Жалпы, шаһарда 255 көпқабатты үй бар. Олардың барлығы жылу маусымына дайындық актілерін алды. Сонымен қатар, кейбір үйлердің подъездері, төбелері жөнделіп, терезелері ауыстырылды. Бұл мақсатқа 22 млн. теңге жұмсалды.

- Биыл әлеуметтік нысандарды жылыту үшін 9972 тонна көмір қажет. Бұл көлем толығымен сатып алынды. 1 тамыздан бастап мектеп, ауруханалар, мәдениет, спорт нысандарына 8370 тонна көмір жеткізілді. Жолқұдық ауылындағы орта мектептің қазандығы, Шүлембаев атындағы және №1 орта мектептердің жылыту жүйелері жөнделді. Ал «Балдәурен» сәбилер бақшасына электр қазандық орнатылды, - дейді Ақсу қалалық тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық, жолау- шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрбек Конротбаев.

Ауылдық аймақ тұрғындарын көмірмен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мамандардың есептеуінше, ақсулық- тардың қыста бүрсең қақпасы үшін 76,5 тонна көмір керек. Атап айтқанда, шаһардағы 1541 жеке үйге 16,5 тонна, елді мекендердегі 5821 аулаға 60 мың тонна қатты отын қажет.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz