«Мерейлі отбасы - 2019» байқауына Павлодар облысының атынан Төлеубаевтар отбасы барған болатын. Аймақтық кезеңде дараланған екібастұздық жанұя Нұр-Сұлтан қаласында өткен байқаудың қорытынды кезеңіне қатысты. Жүлделілер қатарынан көрінбесе де, жанұядағы береке-бірлігі, кейінгі ұрпаққа көрсетер үлгі-өнегесі бар отбасы үшін байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алудың өзі жеңіс.

Ұлттық байқаудың шарты бойынша тек бір ғана отбасы жеңімпаз атануы керек. Биылғы жылдың бас жүлдесі атыраулық Тілекқабыловтар отбасына бұйырған. Жеңімпаз отбасыға бағалы сыйлықтарды ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова табыстады. Ал Қарағанды облысының атынан қатысқан Салхауовтар әулеті көптің көзайымына айналды.

Айта кету керек, аталмыш жоба басталғалы конкурсқа республиканың барлық аймағынан 15 мың 197 отбасы қатысса, олардың 9 мың 407-сі - ауыл тұрғындары, 5 мың 562-сі - көпбалалы отбасылар, 2 мың 735-і жас отбасылар болса, 2 мың 584-і - еңбек әулеттері. Мерекелік шара соңы елімізге танымал эстрада жұлдыздары мен өнерпаздарының концертіне ұласты.

 

Қ.МҮСӘЙІП.

saryarka-samaly.kz