- Гүлжан Есімбайқызы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім саласына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді сөз етті. Маңызды құжатта айқындалған мақсат-міндеттерден не түйдіңіз?

- Мемлекет басшысы өз Жолдауында білім беру саласына қатысты көптеген түйткілдерді ашық айтты. Соның ішінде, түрлі салаға қажетті мамандарды даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалғанын тілге тиек етті. Сондықтан оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Құжатта «Дипломмен - ауылға» бағдарламасының аясын кеңейту жайы да қозғалды. Бұл қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтығы, ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы мәселелерін оң шешуге септігін тигізері анық.

Білім берудің барлық деңгейінде дербес қаржыландыру тәртібі енгізілмек. Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында маңызды жұмыстар қолға алынбақ. Бұл бағытта Мемлекет басшысы алдағы төрт жыл ішінде педагогтардың еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырды.

- Бүгінде білім беру сапасын модернизациялау бағытында бірқатар шаралар атқарылуда. Облыстық мәслихат депутаты әрі лицей-мектебінің директоры ретінде қандай мәселелерге мән берудесіз?

- Бүгінгі таңда білім саласын модернизациялау аясында көптіл-ділікке мән беріліп отыр. Лицей-мектебімізде физика, химия, информатика пәндерін ағылшынша үйретуге бағытталған арнайы курстар енгізілді. Ағылшын тілі мамандарымен іскерлік байланыс орнатылды. IT-сынып ашылды. Робот жасау бойынша сабақтар жүргізіледі. Сондай-ақ, оқу үрдісіне STEM-білім беру және 3D модельдеу сабақтарын енгіздік. Ол заманауи технологияларға қатысты теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде шыңдап, физика заңдарын, бағдарламалау жүйесін, инженерия саласының қыр-сырын ойын түрінде меңгеруге мүмкіндік береді.

Мектеп пен ата-аналар арасындағы байланыс нығая түсті. Олар білім ордасының оқыту, тәрбие беру жұмыстарына белсенді түрде араласады. Осылайша, мектеп қызметін басқаруда ата-аналар кеңесінің рөлі артуда. Демеушілердің көмегімен материалдық-техникалық базамыз жақсарып келеді. Оқушыларға тек білім беруге ғана емес, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге мән беріп келеміз. Әсіресе, рухани тәрбиеге сусындауда. Ұстаздар, ата-аналар қауымымен бірлесіп, еліміздің, облысымыздың киелі жерлеріне саяхат ұйымдастырылып тұрады. Осындай жұмыстар арқылы білім беру жұмысын әртараптандыруға тырысудамыз.

- Соңғы уақытта білім беру саласында жыл сайын түрлі реформалар қолға алынуда. Толассыз өзгерістер саланың тұрақты дамуына, білім сапасын арттыруға кедергі болып отырған жоқ па?

- Өмір бір орында тұрмайды, заман тез өзгеруде. Білім беру саласы сол заман ағымынан қалыспауы тиіс. Оқушыларымыз, түлектеріміз өздерін үлкен өмірде күтіп тұрған жаңашылдықтарға, қиындықтарға дайын болуы қажет. Сондықтан саланың реформаларға ұшырауы - заңдылық. Жаңашылдықтарды көріп, білген сайын білім беру жүйесінің сапасын арттыруға мүмкіндік алып отырмыз.

- Қазіргі кезде мектептерге «Әліппені » қайтару, ағылшын тілін 4-5 сыныптардан бастап оқыту туралы ұсыныстар айтылуда. Осыған маман ретіндегі көзқарасыңыз қандай?

- Бұған қатысты нақты пікір айту қиын. Кейбір мамандар ағылшын тілін балабақшадан немесе 1-сыныптан бастап оқыту тиімді деп есептейді. Бұл пікірді жоққа шығаратындар да бар. Ал дарынды балаларға арналған білім ордаларының оқу тәжірибесіне сүйенсек, мектеп табалдырығын аттай сала ағылшын тілін үйрене бастаған балғындарымыз жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.

Ал «Әліппе» мәселесіне келер болсақ, балалар 1-сыныпқа әртүрлі білім деңгейімен келеді. Бірі әріп таныса, екіншісі жазып та, оқып та білмеуі мүмкін. Сондықтан әліппе міндетті түрде болуы тиіс. Бірақ балабақшада ма, мектепте ме, соны айқындап алған жөн. Егер мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен орта білім беру ордалары арасында сабақтастық сапалы деңгейге көтерілсе, онда Әліппе негіздері балабақшаға енгізілуі қажет деп есептеймін.

- Мемлекет басшылығы тарапынан оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайту мәселесі айтылуда. Осыған тоқталып өтсеңіз. Бұл бастама қалай жүзеге асырылуда?

- Бұл тақырып Мемлекет басшысының Жолдауында қамтыл-ғанын білесіздер. Мәселе өзекті тұрғаны рас. Жақында Үкімет отырысында «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы таныстырылды. Шыны керек, оның біраз талаптарын нақтылау қажет. Мысалы, ұлттық білім беру деректер қорының (ҰБДҚ), Электронды күнделіктің енгізілуімен және жаңартылған білім беру жүйесіне көшуімізге байланысты ұстаздардың жұмыс жүктемесі арта түсті. Олар сабаққа сапалы дайындалу, аталған ҰБДҚ мен Күнделікті толтыруға көп уақыт жұмсайды. Оқушылардың да жүктемесі бұрынғы деңгейінде қалды. Тек бес күндік оқуға көшкеннен бері балалар ата-аналарымен көбірек уақыт өткізіп, жеке қызығушылықтарын дамытуға мүмкіндік алды. Сондықтан ұстаздар мен оқушылардың жүктемесін азайту мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ.

- Депутаттық қызметіңіз аясында атқарған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз. Сайлаушы-ларыңызбен қаншалықты жиі жүздесесіз?

- Сайлаушыларыммен жиі кездесемін. Оларды толғандырған жекелей мәселелерін біліп, шешуге барынша көмектесемін. Өзім әлеуметтік салада еңбек ететіндіктен, көбіне осы бағыттағы жұмыстарға мән беремін. Мысалы, жақында «Nur Otan» партиясының жергілікті филиалының өкілдерімен бірлесіп білім беру мекемелерінің асханаларына тексеру өткіздік. Қайырымдылық шараларына ерекше мән беруге тырысамын. Көпбалалы ата-аналармен жиі жүздесемін. «Nurly Ertis» бағдарламасы арқылы Екібастұз қаласына қоныс аударған азаматтардың әлеуметтік жағдайын назардан тыс қалдырмауға тырысамын. Олардың санатынан бір кісіні лицей-мектебімізге жұмысқа қабылдадық. Тұрмысы төмен отбасыларға түрлі көмек көрсетуге тырысамын. Жергілікті балалар үйімен тығыз байланыстамыз. Ана әрі ұстаз ретінде көмекке зәру азаматтардың мәселелеріне ерекше назар аударуға тырысамын.

- Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбатты жүргізген – Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz