- Ринат Ерқаұлы, жол сапасы қашанда маңызға ие. Бүгінде облысымыздағы жолдардың жағдайы қандай?

- Павлодар облысында жалпы 5 мың шақырымнан астам жол бар. Оның 3814 шақырымы облыстық маңызы бар жол болса, қалған 1600 шақырымы республикалық маңызға ие. Айта кетейік, облыстық маңызға ие жолдың 1600 шақырымына асфальт төселген, 1570-і - қиыршық тасты, ал 610 шақырымы - асфальтсіз жолдар. Жыл сайын жол жөндеу жұмыстарының сапасы мен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына баса мән береміз. Соның нәтижесінде қазіргі таңда аймағымыздағы жолдардың қанағаттанарлық қалыптағы үлесі 82 пайызды құрап отыр. Жол сапасы бойынша республика көлемінде үшінші орындамыз.

- Жол жөндеу жұмыстары қалай жүзеге асырылады? Салынған жолдардың сапасы қалай бақылануда?

- 2018 жылдан бастап облыста жол жөндеу жұмыстары ресайклинг әдісімен жүргізіліп келеді. Осылайша, ескі асфальтті кәдеге жаратуға мүмкіндік бар. Яғни, ескі асфальтты шлам және цемент араластырып, қайта өңдеп, қолданамыз. Суық ресайклинг технологиясы арқылы ескі төсемді қыздыру қажет емес. Бұл қуатты үнемдеу жағынан да, қоршаған ортаны қорғау жағынан да маңызды. Оның үстіне жұмысқа кететін шығын да азаяды. Ресайклинг әдісінде жөндеудің сапасы күрделі жөндеуден еш кем емес. Алдағы уақытта осы әдіс арқылы жұмыс істеуге көшпекпіз. Өйткені, күрделі жөндеу жұмыстары қыруар қаржы қажет етеді. Мәселен, бір шақырымдық жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 100 миллион теңге, қайта қалпына келтірсе 150 миллион теңге көлемінде қаражат кетеді. Ал ресайклинг әдісімен бір шақырымға орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге 30-38 миллион теңге аралығында қаржы жұмсалады. Сондықтан осы әдіске көшсек, сапа да ақсамайды, қаржы көзін де үнемдеуге мүмкіндік аламыз.

Жалпы, жолдарды күтіп ұстау бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынған. Жол құрылысы мен жөндеуіне жұмсалған қаржының желге ұшпауының алдын алу мақсатында 2017 жылы облыс әкімі Болат Бақауовтың тапсырмасымен көлік инспекциясына үш жылжымалы бақылау бекеті сатып алынды. Осылайша жүкті шамадан артық тиеп жүйткитін ауыр жүк көліктерімен күрес күшейді. Бұдан бөлек, 2018 жылы Павлодар облысының жолдарын сақтау бойынша жол қозғалысының алгоритмі құрылды. Оның құрамында біздің басқармадан бөлек, көлік инспекциясы мен жергілікті полиция қызметі бар. Яғни, барлық жолда бақылау құзырлы органдардың көмегімен жүргізіледі.

- Биыл қандай жұмыстар жүзеге асырылды? Нәтижесі қандай?

- Ағымдағы жылы ауқымды жұмыстар атқарылды. Жыл соңына дейін жалпы 27 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта жолдардағы жөндеу жұмыстары 80 пайызға аяқталды. Жалпы, биыл Тереңкөл–Михайловка бағытындағы жолдың 108 шақырымы жөнделді. Орташа жөндеудің нәтижесінде 100 шақырымға асфальт төселді. Чернорецк-Ольгино-Успен бағытындағы жолдың 149 шақырымы жөнделуде. Сонымен қатар, Ертіс ауданындағы Панфилов-Бестөбе бағытындағы жолда жұмыс қызу. Шақат–Шалдай арасындағы 122 шақырым жол жөнделіп, тақтайдай тегіс қалыпта. Шегірен-Есілбай арасындағы 6,7 шақырым жол да асфальтталды. Осы жылдың ең ауқымды жобасы ретінде Екібастұздан бастап Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп кесенесіне дейінгі аралықтағы жол жөндеу жұмыстарын айта аламыз. Мұндағы жұмыстар жыл соңына дейін толықтай аяқталады деп күтілуде. Қазіргі уақытта 60 шақырымына асфальт төселді. Айта кетерлігі, биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 900 миллион теңге қаржы бөлініп, Баянауыл, Ертіс, Железин, Тереңкөл аудандарындағы 60 шақырымға жуық ауылішілік жолдар жөндеуден өткізілді.

- Келер жылға қандай жоспарларыңыз бар?

- 2020 жылы да жол жөндеу жұмыстары бұдан әрі күшейе түспек. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, Екібастұз-Майқайың бағытындағы жолдың 23-29 шақырым аралығын жөндеу жоспарда бар. Аққулы-Қазы-Майқарағай бағытындағы 30, Шарбақты-Галкин-Мақпал бағытындағы 30 шақырым жолды жөндеп, аяқтау жоспарда бар. Тағы бір айта кетерлігі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы халыққа Жолдауында облыстық және жергілікті маңызы бар автожолдардың сапасын арттыруды тапсырған болатын. Осы ретте, облысымызда мақсатты индикаторға қол жеткізу үшін 2025 жылға арналған кешенді жоспар әзірленген. Бұл құжатқа сәйкес 2022 жылға қарай жайлы жолдардың үлесін 90 пайызға, 2025 жылы 95 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз.

- Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Мереке АМАНТАЙ.

saryarka-samaly.kz