Кейіпкеріміз - үш баланың әкесі. Осыдан он жыл бұрын жары мезгілсіз өмірден озып, кішкентай балалармен жалғыз қалды. Ол кезде кенжесі Қайсар небары екі айлық еді. Әйтеуір, ата-анасының, іні-қарындастың қолдауымен Айдос Құрманқалиұлы ұл-қызын өсірді. Өзі Кенжекөлдің мәдениет үйінде ұйымдастырушы болып еңбек етеді.

- Өзім Ақтоғай ауданының Жаңабет ауылында туып-өскем. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Оқу бітірген соң Лебяжі ауданының Шарбақты ауылына жолдамамен кеттім. Әйелім де мұғалімдік еңбек етті. Жарым мезгілсіз өмірден өткен соң ата-анамның қолына қаланың іргесіндегі ауылға қоныс аудардым. Кейін баспана жалдап, жеке үй болуды жөн көрдім. Павлодар қаласына толық емес отбасы ретінде пәтер кезегіне тұрғаныма он жылдан асты. Осы аралықта кезек шамалы ғана жылжыды. Жыл сайын құжатты жаңартып отырдым. Содан жуырда «Бақытты отбасы» бағдарламасы жарияланып, менің де үміттенуге болатынымды естіп, құжаттарымды тапсырдым, - дейді Айдос аға.

Құжаттарын тапсырып, біраз уақыт күтуге тура келеді деп жүрген сабырлы жан екі аптадан кейін оң жауап алғанда, қатты таң қалыпты.

- «Сізге банк «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 10 млн. теңгені мақұлдады» дегенді естігенде қуанышымда шек болмады. Шыны керек, ерекше күйде жүрмін. Банкке барып, менеджермен сөйлестім, ұш ай уақыт берілді. Осы аралықта қаланың кез келген жерінен пәтер таңдап, банкке барамын. Бастысы, үйдің «жасы» 40 жылдан аспауы қажет, - дейді Айдос Құрманқалиұлы.

Осылай менеджермен сөйлесіп, тұра бергенде тағы бір қуанышты хабар жеткен көрінеді. Ұялы телефонына «ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес несиеңіз төленді» деген хабарлама келеді.

- Осылай бір күнде екі қуанышқа кенеліп, керемет күй кештім. Балаларымның қажеттілігіне алған несиемнің 209 мың теңгесі қалған еді, оны мемлекет толық жауып берді. Жуырда жаңа пәтерлі боламыз. Ұл-қызым Ернарым мен Жанарым, Қайсарым қатты қуанып отыр. Міне, біздей жанға бұл - өте үлкен демеу, жанымызға медеу. Мемлекетке алғыстан басқа айтар жоқ, - дейді Айдос аға.

Айдос Құрманқалиұлындай елімізде 500 мыңға жуық азамат несиелік жүктемесін жеңілдетіп, бүгінде мәз-мейрам. Бұл санатқа ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар жатады.

Өткен аптада алғашқыларына SMS- хабарламалар келіп, көпшілік сүйінші сұрай бастады. Әлеуметтік желіде алғыс айтушылар қатары артты. Тіпті, несиелік қарызы 300 мың теңгеден төменгілердің қарызы толық жабылып, артылған ақшасы карточкасына аударылды. Айта кету керек, ерлі-зайыптылардың екеуінде де тұтынушылық кепілсіз несие болса, екеуіне де 300 мың теңгеден банкке несиесін жабуға аударылды.

Тағы айта кетерлігі, көпшілік мұндай жеңілдетуден кейін бұдан былай несие рәсімдеу қиынға соғады деп үркіп отыр. Бірақ, Ұлттық банк өкілдері мұндай қауіптің жоқтығын, ешкім қара тізімге енбейтінін мәлім етті.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz