«Hagi-Павлодар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазірдің өзінде қызыл кірпіштер дайындап, оларды тұрғын үй құры-лысында пайдаланады. Ал келесі жылдан бастап кірпіштің өзге түрлерін шығаруды да қолға алмақ. Компанияның директоры Георгий Шпейзердің айтуынша, елімізде заманауи үлгідегі мұндай кәсіпорын жоқ.

- Қазіргі кезде кірпіш-тердің біреуінің салмағы - шамамен 6 келі. Сондықтан жұмыс барысында қиындықтар туындап жатады. Ал біздің кірпіштің салмағы небары 3,5 келі болмақ. Оған қоса, оны тапсырыс берушінің қалаған түсіне бояу мүмкіндігі қарастырылады. Осылайша, облыс нарығына бағасы небары 40-45 теңге болатын арзан әрі сапалы өнім ұсынамыз. Айына 3 млн. дана кірпіш шығару жоспарланып отыр. Одан бөлек, кеспетас, тротуарлық плита, жиектес дайындаймыз, - дейді Г.Шпейзер.

Бүгінгі күні тиісті құралдардың басым бөлігі Германиядан жеткізілді. Алдағы 20 күн аралығында қажет жабдықтың барлығы әкелінеді. Айта кетерлігі, кәсіпорындағы жұмыстың денін роботтар автоматтандырылған түрде атқармақ. Сондықтан көп жұмыс орнын ашудың қажеті болмайды. Зауыт басшылығы бар-жоғы алты адамды қызметке қабылдамақ.

Облыс әкімі Болат Бақауов жергілікті компанияға қолдау білдіріп, құрылыс барысында павлодарлық кірпішке басымдық беру қажеттігін айтты.

- Алдағы уақытта Екібастұз қаласында 50, Ақсуда 50 және Павлодарда 100 үй салынбақ. Сондықтан кірпішке сұраныстың арта түсері анық, - деді аймақ басшысы.

Айта кетелік, «Hagi-Павлодар» серіктестігі тұрғын үй құрылысында қолданылатын материалдардың 95 пайызы – жергілікті өнім. Таяуда аталмыш кәсіпорын цемент зауытын салмақ. Сол кезде павлодарлық үлес 100 пайызға жетеді.

Сонымен қатар, аймақ басшысы «Спорт сити» жобасы аясында салынып жатқан спорттық нысандардың құрылыс барысын аралап, тексеріп шықты. Мұнда олимпиадалық резерв дайындау орталығы, мұз айдыны және жабық манеж бой көтермек. Құрылысшылардың айтуынша, жұмыстар кестеге сәйкес, еш қиындықсыз жүргізілуде. Енді жергілікті билік футбол клубына автобус сатып алу және спортшыларға жатақхана салу мәселесін қарастырмақ.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz