«Ауызсуға жарымадық»

Тұрғындар атынан өтініш білдірген ақсақалдың сөзін жерге тастамай, Павлодар ауданына қарасты Красноармейка ауылдық округіне аттандық. Халықпен жүздестік. Мәселені көзімізбен көрдік. Тұрғындардың ауызсудан бөлек тағы бірқатар өзекті мәселелері бар екенін білдік. Әсіресе, жұртшылықтың жергілікті әкімге айтар назы көп екен.

Жоламан Қыстаубайұлының айтуынша, тұрғындар үшін орталықтандырылған су жүйесі арманға айналған. Сондықтан халық «әр үйге су тартпаса да, тым болмады, сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп берсе болғаны» деп отыр.

- Осыдан біраз жыл бұрын ауылда үш ұңғыма қазылды. Бірақ үшеуінің де суы ащы. Ыдысқа құйып қойсаң, біршама уақыттан кейін түбіне тұз жиналады. Сондықтан амал жоқ, шайға тамақ әзірлеуге суды Павлодар қаласынан алғызамыз. Ауылда 5-6 құдық бар. Оның өзі дұрыс істемейді. Кейбіреулері қисайып, сынып жатыр. Ал істеп тұрған бірді-екілі колонкалардағы судың да сапасы сын көтермейді, - дейді зейнеткер.

Красноармейкалықтардың басындағы бұл мәселе павлодарлық су өндіруші кәсіпкерлерге майдай жағып отыр. Олар ауыл тұрғындарына 18 литрлік құтыдағы тұщы суды 600 теңгеден әкеліп өткізуде. Яғни, орташа есеппен алғанда, судың бір литрін 30 теңгеден саудалауда. Ақсақал қанша қымбат болса да, тұрғындардың амалсыздан шай қайнатуға, тамақ әзірлеуге осы суды сатып алатынын айтып отыр. Ал әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар құдықтағы ащы суды тұтынуға мәжбүр дейді. «Облыс орталығына жақын орналассақ та, көрген күніміз шалғай ауылдардыкінен бетер жаман» деп ашынады Жоламан Қыстаубайұлы.

Тұрғындар әкімдіктің бастамасымен ұңғымаларды қазатын кезде де ешкім халықпен ақылдаспағанына назалы. Тиісті бақылаудың жоқтығынан қыруар қаржы желге ұшты дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер Серік Мұқатұлы.

- Меніңше, бұл тек ақша игерудің амалы сияқты. Ұңғыманың тереңдігі 50-60 метрдей ғана екен. Алғашында-ақ, жергілікті билік өкілдеріне мұндай тереңдіктің жетпейтінін айтқан едік. Тұщы су одан да тереңде жатыр. Бірақ пікірімізге құлақ асқан азамат болмады. Сол жылдары ауылға «құбыр қазайық, ауызсу шығарып берейік» деп жекеменшік кәсіпорындардың өкілдері де келді. Қолдарында зерттеулері, нақты картасы бар. Қай жерден, қанша метрден тұщы су шығатынын біліп отыр. Бірақ олардың қызметі ақылы. Халықта ондай қаржы жоқ. Ал әкімдіктің істеп бергені мынау. Таза ауызсу жоқ, - дейді тұрғын.

Ақсақалдардың сөзіне сүйенсек, ауылдағы аграрлық техникумның жанында Кеңес үкіметінен қалған тереңдігі 105 метрлік ескі ұңғыма бар. Бұрындары халық суды содан алатын болған. Соны тазалап, іске қосып берсе де болатын еді. Бірақ тұрғындардың пікірімен санасып жатқан ешкім жоқ.

- Ел болып мәселелерімізді айтудай-ақ айтып жатырмыз. Өкінішке қарай, естір құлақ жоқ. Қайдан естісін? Депутатымыз да, ауылдық округтің әкімі де Павлодар қаласында тұрады. Олар біздің жағдайымызды қайтсін? Бізбен бір ауылда тұрып, сол тұзды суды ішіп, сол ойлы-қырлы жолмен жүрер болса, көрер едік. Жоқ. Олардың бізбен шаруасы шамалы. Жалпы, жөні түзу әкімге де жарымай қойдық. Келген әкімдер 1, әрі кетсе 2 жыл істейді де, кетеді. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөздің оларға еш қатысы жоқ сияқты, - дейді Жоламан ақсақал.

Ал Серік Мұқатұлы болса, «жергілікті әкімнің жүзін бір көруге зармыз» дейді.

- Өз басым қазіргі әкімімізді әлі бір рет те көрген адам емеспін. Танымаймын да. Қызметіне өткен жылдың жазында келген. Жұмыс істеп жатқанына бір жылдай болды. Павлодар қаласында тұратындықтан ба, әйтеуір әкімімізді ұстау қиын. Іздеп барғандар есігін сипап қайтады. Жарты күн қызметінде болса, жарты күн жоқ, - дейді зейнеткер.

Тұрғындардың жергілікті әкімге деген назы барын естіп әрі көтерілген мәселенің мәнісін білу үшін Красноармейка ауылдық округінің әкімдігіне бас сұқтық. Өкінішке қарай, әкім Амангелді Закирьянов орнында болмай шықты. Жұмыс бабымен Павлодар қаласына кеткен-міс. Осы сәтте ақсақалдардың «әкімді ұстау қиын, үнемі орнында болмайды» деген сөздері еріксіз еске түсті. Есесіне округ әкімінің орынбасары Тұрсын Кенжеғұловаға жолықтық. Ол ауылда ауызсуға қатысты мәселе жоқ екенін айтып отыр.

- Ұңғымалардағы су ішуге жарамды. Тұщы. Тұрғындардың қаладан су сатып алып ішеді дегенін естімеппін. Осыдан 3-4 жыл бұрын ауыл тұрғындары орталықтандырылған су жүйесін тарту мәселесін көтерген болатын. Әкімнің есептік кездесуінде әрбір үйге су тартылса деген тілек білдірген. Ондай проблема бар. Таза ауызсу тапшы деп айта алмаймын, - деді Тұрсын Қайыргелдіқызы.

Осылайша ауыл әкімінің орынбасары тұрғындардың жоғарыдағы сөздерін толығымен жоққа шығарып отыр. Оның бұл пікірін әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі маманы Арман Қайруллинов та қостады.

- Негізінде өзіміз де ауылдағы колонкалардың суын ішеміз. Суы жақсы. Жалпы елді мекенде 6 колонка бар. Барлығы жұмыс істеп тұр. Алдағы жылдары әрбір үйге ауызсу тарту мәселесі шешілуі тиіс. Егер қазынадан тиісті көлемде қаржы бөлінсе, 2018 жылы орталықтандырылған су жүйесінің құрылысы басталады деп жоспарлануда, - дейді маман.

Әкімдіктегілер колонкалардың суын тұтынса тұтынатын да шығар. Бірақ «олардың барлығы жұмыс істеп тұр» деген сөздері күмән тудырады. Себебі, ауылдағы бірнеше колонканың қисайып, сынып жатқанын өз көзімізбен көрдік. Сондай-ақ, «суымыз тұщы» деп жергілікті билік өкілдері ант-су ішкен соң әдейілеп істеп тұрған колонкалардың суының дәмін таттық. Шенеуніктердің қай колонканың суын тұтынатынын қайдам, бірақ біз ішкен су шынымен тұзды болып шықты.

Жол сапасыз, билік бейқам

Красноармейка ауылдық округінің тұрғындарын мазалайтын тағы бір мәселе – жол. Дәлірек айтқанда, елді мекеннің ішіндегі жолдардың сапасының нашарлығы.

- Шындығына келгенде, асфальт төселген екі-үш орталық көшелерді айтпағанда, қалған көшелердің жолы сын көтермейді. Тіпті, оларды жол деп айтудың өзі қиын. Қай көше болсын көктемде еріген қар суынан және жаз, күз айларында жауын салдарынан ми батпаққа айналып кетеді. Не көлікпен, не жаяу жүру мүмкін емес, - дейді Жоламан Қыстаубайұлы.

Зейнеткермен бірге жүріп, ауылдың біраз көшелерін араладық. Шынымен, жөндеу көрмеген жолдардың ой-шұңқыры көп. Қар суынан езіліп, артынша ойдым-ойдым болып кеуіп қалған жолдармен жаяу жүріп өтудің өзі мұң. Алайда өз көзімізбен анық көрген мәселені ауылдық округ әкімінің орынбасары Т.Кенжеғұлова тағы да жоққа шығарды.

- Ауылдың жолдары езілмейді. Жауын жауса да, су жерге тез сіңіп кетеді. Себебі жеріміз құмды, - дейді Тұрсын Қайыргелдіқызы.

Елді мекеннің көшелеріне әлі күнге дейін не себепті тас жолдың төселмей келе жатқанын сонда ғана түсінгендей болдық. Жергілікті әкімдіктегілер үшін жолдардың ойлы-қырлылығы кедергі емес сыңайлы. Дей тұрғанмен, маман А.Қайруллинов Красноармейкадағы 60 лет Октября және Ленин көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуі мүмкін екенін атап өтті. Бүгінде оның жобалық сметалық құжаты дайындалған. Енді, аудандық бюджеттен тиісті қаржының бөлінуін күтуде.

Әлі де «Красная армия»

- Ауылдық округте отыздан астам көше бар. Соның ішінде 3-4-інің ғана атауы мемлекеттік тілде. Оның өзінде қазақ атаулары шеткі көшелерге берілген. Мысалы, Абай атындағы көшеміз бар. Көше деген аты ғана. Айналдырған 5-6 үй тұр. Біле-білсеңіздер бұл мемлекеттік тілге деген бейжайлық қана емес. Бұл - ана тілімізді менсінбеушілік дер едім. Елдігімізді аяқ асты еткендік. Басқадай айта алмаймын. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, Кубанская, Строительная, Целинная, Московская, Заготзерновская, Ленина деген сияқты толып кеткен жат атаулар кімге керек?! Тәуелсіз ел атанғалы 26 жыл болды. Әлі де кеңестік сана-сезімнен арыла алмай келеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілдің мәртебесін қашанда биік қою қажет екенін айтуда. Ауылдық округтің атауы да сол баяғы «Красная армия» күйінде қалып отыр. Осы мәселені жылдар бойы айтып келеміз. Өкінішке қарай, естір құлақ жоқ, - деп Жоламан Қыстаубайұлы ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген тағы бір түйткілді мәселені сөз етті. Зейнеткердің айтуынша, қазіргі кезде ауыл тұрғындарының 70-75 пайызын қазақ халқы құрайды. Сөйте тұра тұрғындардың пікірі ескерілмей келеді.

Бұл жолы әкімнің орынбасары Т.Кенжеғұлова тұрындардың сөздерін жоққа шығарып қана қойған жоқ, бар кінәні халыққа артты. Көше мәселесіне келгенде бар гәп тұрғындардың өздерінде деп отыр шенеунік.

- Біз ономастика мәселесін көтерген болатынбыз. Осыдан біраз уақыт бұрын әкім халықпен жүздесті. Ауылдың атын өзгертуді ұсындық. Бірақ тұрғындар өздері қарсы болды, - дейді Тұрсын Қайыргелдіқызы.

Мұндай мәндегі кездесудің болғанын алдын ала тұрғындармен сұхбаттасу барысында естіген едік. Алайда онда Красноармейка ауылының атауы ретінде халықтың көңіліне қонымсыз нұсқа ұсынылған көрінеді. Тағы да тұрғындармен ешкім санаспаған.

- Жұртшылықпен ақылдаспастан шенеу-ніктер бізге ауылды «Жасыл ел» деп атауды ұсынды. Мұны мазақ қылғандық деп түсінемін. «Жасыл ел» деген жастардың еңбек жасағы бар екенін білемін. Бірақ оның біздің ауылға қандай қатысы бар? Онымен қоса, өзіміздің ауылымыздың «Шаңды» деген тарихи атауы тұрғанда бұл қай сасқандық? – дейді Жоламан Қыстаубайұлы.

Ауылдық округтің атауын қазақшалау мәселесіне қатысты түйінді жергілікті әкімдіктің маманы А.Қайруллинов қойды.

- Меніңше, ауылдың атын ауыстырудың керегі жоқ. Өзінің «Красноармейка» деген үйреншікті атауы бар. Кеңес үкіметі тұсынан келе жатқан атау ғой. Оны қазақшаға ауыстырудың қажеті шамалы сияқты, - деп Арман Мейірманұлы айды аспаннан бір-ақ шығарды.

Жергілікті атқамінерлер саналатын мемлекеттік қызметкерлердің өзі осындай керітартпалық пікір ұстанса, онда ономастика мәселесінің жақын жылдары оң шешіле қоюы екіталай екені айтпаса да түсінікті. Сірә, «Балық басынан шіриді» деген осы болса керек. Тұрғындар жергілікті билікке үміт артып отырса, әкімдіктегілердің пікірі жоғарыдағыдай. Елбасымыз мемлекеттік тіл мәселесіне қашанда зор мән беретіні белгілі. Ал Мемлекет басшысының жергілікті жердегі сенімді өкілдері саналатын әкімдік қызметкерлерінің ой-санасы өзгеше сияқты.

Әкім өзі басшылық етіп отырған ауылына жанашырлықпен қарап, тұрғындарға қамқор болуы тиіс дегенді көп айтамыз. Өкінішке қарай, Красноармейка ауылы тұрғындарының сөзінен жергілікті әкім Амангелді Закирьяновқа деген өкпелері қара қазандай екенін түсіндік. «Әкім Павлодар қаласында тұрады, бізді қайтсін?» дейді жұртшылық. Біздің мақсат біреуді қаралау емес. Красноармейкалықтардың ауызсу, жол мәселесі оңтайлы шешілсе деген үміт қана. Қалай дегенмен, әкімі халқына жақын болып, етене араласып, бірлесе әрекет етсе, көп мәселенің беті бері қарар ма еді деген ой келеді...

Данияр ЖҰМАДІЛ, сырқаттарға қолайлы жағдай жасалды.

saryarka-samaly.kz