Бұл мәселе облыс әкімдігінің аппарат- тық жиынында сөз болды. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиевтің мәліметі бойынша, соңғы үш жылда ауылдарды таза ауызсумен қамту көрсеткіші 2016 жылы 19 пайыз болса, биылғы жобалар толық жүзеге асса, жыл соңында 40 пайызға жетпек. Ағымдағы жылы су құбырын тарту бойынша 52 жоба қолға алынған. Оның жетеуі қолданысқа берілсе, тағы 35-і жуықта аяқталады. Сөйтіп, жыл соңына дейін тағы 38 мың ауыл тұрғыны таза ауызсуға қол жеткізеді. Ал алдағы жылға 30 жоба республикалық үш жылдық бюджеттен қолдау тапқан. Одан бөлек, 16,4 млрд. теңгенің 23 дайын жобасы бар.Бірақ, оларға әлі қаржы қарастырыл- маған. Мәліметтер келтіре кетсек, бүгінде 180 ауыл жергілікті су көздерінен, 55 ауыл КБМ тұтынса, 6 елді мекенге су тасымалданып жеткізіледі.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда елімізде тұрғын саны 200 адамнан асатын ауылдарға су құбырын тартуға рұқсат. Ал халық саны бұл көлемнен кем елді мекендерді кешенді блок-модульдармен (КБМ) қамту қарастырылмақ. Осы ретте, облысымызда бұл талаптар бойынша ауылдар саны есептелген. Яғни, қазіргі таңда 126 ауыл орталықтандырылған су құбырын тартуға іріктеліп алынса, 98 елді мекен КБМ көмегімен тіршілік көзімен қамтылмақ. Ал 126 ауылдың 40-ында құбыр тартылып жатса, 17 елді мекеннің жобасы 2020 жылдың бюджетіне еніп отыр. Жиында мәлім болғандай, бір ауылға КБМ орнатуға шамамен 10 млн. теңгедей қаражат қажет. Бұл сома 98 елді мекенге көбейтілсе, 1 млрд. теңгедей қаржы жұмсалады. Міне, осыны ескерген облыс әкімі Б.Бақауов бұл жұмыстарды үш жылға бөліп, бюджеттен қарастыруға әбден болатынын атап өтті.

Дегенмен, ауылдарды сумен қамтуда кездесетін бірқатар кедергілер де жоқ емес. Қадылжан Сәтиевтің айтуынша, әсіресе, жобалық-сметалық құжаттардың әзірлену сапасы төмен. Салдарынан жобаларды жүзеге асыруда түрлі қиындықтар туындайды. Мәселен, Баянауыл ауданының Ақсаң ауылына су құбырын жобалағанда ол елді мекеннің тасты жерде орналасқаны ескерілмеген. Сөйтіп, мердігер іске кіріскенде алдынан кедергі шыққан. Бұл дегеніңіз, тапсырыс берушілер жобаны қабылдауда қырағылық танытпайды. Сонымен қатар, құбыр тарту құнын тым қымбатқа жобалау жағы да кездеседі. Мысалы, Ақтоғайда Харьков пен Мүткенов ауылдарына тартылатын су құбырларының жалпы сомасы 2,5 млрд. теңгеден асып кеткен. Сөйтсе, жобаға сорғы станциясының айналасын абаттандыру және басқа да жұмыстар еніп кеткен. Облыс әкімі Болат Бақауов су тартуда мұндай кемшілікке жол бермеу қажеттігін қадап айтты.

Сонымен қатар, жиында кейбір су құбырларының құрылысы кестеден кешігіп жатқаны мәлім болды. Ақсудың Еңбек, Шарбақтының Орловка, Май ауданының Май ауылындағы жұмыстар 30 күнге кешігіп отыр. Аймақ басшысы әрқайсысы бойынша жағдайды сұрап, жеделдетуді тапсырды.

Тағы бір кеңінен талқыға түскен мәселе - орталықтандырылған су жүйесіне үйлерде де қосылу көрсеткішінің төмендігі. Жалпы, облыс бойынша мұндай жүйе бар елді мекен тұрғындардың 65 пайызы қосылған. Ал жекелеген аудандарды алсаңыз, тым төмен. Мәселен, 2017-2018 жылдары қолданысқа берілген су құбырларынан үйге су тарту жағы Ақтоғай, Успен, Баянауыл, Шарбақты және Тереңкөл аудандарында көңілге қонымсыз. Успен ауданының Қоңырөзек ауылында 252 үй болса, соның 22,7 пайызы ғана суды үйге кіргізген. Ақтоғайдың орталығында да 21,5 пайыздан аспайды. Облыс әкімі Б.Бақауов талай жыл су құбырының құрылысын сұраған Ленин кенті тұрғындарының тек 50 пайызы суды үйіне дейін жеткізіп алғанына таңданыс білдірді. Павлодар қаласының әкімі Қ.Нүкенов жыл соңына дейін көрсеткіш арта түседі деп сендірді. Ал аймағымызда биыл іске қосылатын құбырлардан үйге су тарту тіптен төмен. Болат Бақауов бұл істе жергілікті әкімдіктердің жұмысы сылбыр, деді. Сонымен қатар, аймақ басшысы әр аудандағы коммуналдық кәсіпорындардың тұтынған суға жинаған қаражат жағын да тексеру қажеттігін тілге тиек етті.

Баяндамашы қолданысқа берілген су құбырларына қызмет көрсету мәселесі де өзекті екенін жасырмады. Бүгінде 27 ауылдағы су құбыры ешкімнің иелігіне өткізілмеген. Билік оны сенімді қолға тапсыруға ниетті, бірақ жарияланған конкурстарға қатысушылар жоқ. Осы ретте, су құбырларын бірыңғай операторға беру жағы да қарастырылуда.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz