Мол өнім алуда

Павлодарлық картоп, сәбіз ел нарығында зор сұранысқа ие екені белгілі. Биыл аталған өніммен талғамы жоғары тұтынушының талайын тоқ қылатын түріміз бар. Аймақтағы ірі шаруашылықтардың көпшілігі жаз айларында жауын-шашынның аз болғанына қарамастан, көкөністен жоғары өнім алуда. Бұл - суармалы технологиялардың пайдасы.

Еселі еңбектерінің жемісін молынан көріп отырған шаруашылықтың бірі - Ақтоғай ауданындағы «Молочное село» фермерлік қожалығы. Бір-екі жыл бұрын ғана Қараоба селолық округіне қарасты Исантерек ауылының іргесінен қазығын қаққан шаруашылық бүгінде еңсесін тіктеп алды. Жылдар бойы қараусыз жатқан жерлерді игеріп, суармалы егістікті дамытуда. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр.

Биыл шаруа қожалығы 300 гектар алқапқа арпа отырғызған. Бүгінде оны толығымен жинап үлгерген. Бұл алқаптар қолдан суарылмайды. Соған қарамастан өнімнің шығымдылығы жақсы болып, гектарынан 13 центнерден арпа алыпты.

- Биыл бірінші рет 160 гектар суармалы алқапқа картоп отырғыздық. Арпаны толық орып болған соң бар күшімізді картоп жинауға жұмылдырып отырмыз. Қазіргі кезде шамамен 70 гектар алқаптан өнім алдық. Яғни жартысына жуықтадық. Өкінішке қарай, қыркүйек айының соңында ауа райы сәл кедергі болды. Бүгінде қарқынды үдете түстік, - дейді «Молочное село» фермерлік қожалығының басқарушысы Назымбек Белгібаев.

Картоп алқабына неміс елінен жеткізілген суаруға арналған заманауи құрал-жабдықтар орнатылған. Жаңа технология өз нәтижесін беріп отыр. Шаруашылық бір гек- тардан 35 тонна көлемінде өнім алуда.

- Биыл 320 гектар суармалы алқапті іске қосуды жоспарлаған едік. Бірақ шетелге тапсырыс берген қажетті құрал-жабдықтарымыз уақытылы жеткізілмеді. Сондықтан 160 гектармен шектелдік. Ал келесі жылы суармалы егістік көлемін екі есеге ұлғайтамыз. Жалпы, алдағы екі-үш жылда суарылатын алқаптардың көлемін 1 мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, - дейді Н.Белгібаев.

Атауы айтып тұрғандай, «Молочное село» фермерлік қожалығының негізгі бағыты мал шаруашылығы болмақ.

- Жыл соңына дейін 400 бас шамасында ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара сатып алмақшымыз. Осылайша, жаңадан бордақылау алаңын іске қосамыз. Биыл арпа өсіргеніміз де сондықтан. Ал келесі жылы дәнді дақылдардың егістік алқабын кеңейтеміз. Майлы дақылдар да егуіміз мүмкін. Себебі, мал шаруашылығын дамыту үшін мықты азық қоры қажет, - дейді шаруашылық басқарушысы.

Фермерлік қожалық өз қаражатына егістік алқаптарына су құбырын, электр желісін тартқан. Сондай-ақ, 9 мың тоннаға шақталған көкөніс сақтау қоймасын салыпты. Бұдан бөлек, шаруашылықтың иелігінде бір К-700, МТЗ-82 маркалы алты трактор және көкөніс жинауға арналған Финляндияда жасалатын «Valtra» маркалы соңғы үлгідегі екі трактор бар. Басқа да ауыл шаруашылығына қажетті қосалқы құрал-жабдықтар жеткілікті. Шаруашылық күзгі жиын терім науқанына 30-дан астам техника жұмылдырған. Жұмысшылар - Қараоба, Исантерек, Жаңабет ауылдарының тұрғындары. Осылайша, фермерлік қожалық жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

Ақтоғай ауданы.

saryarka-samaly.kz