Газетіміздің осы жылғы №95 санында (22 тамыз) «Жыр болған жатақхана» атты мақала жарық көрген еді. Ауылдан қалаға білім іздеп келген жастардың базынасын дәйек еткен материал жарыққа шыққаннан кейін білім ордалары бұл мәселені шешуді бірден қолға алыпты. Мәселен, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті жатақ-хананың жылдық тарифін арзандатқан екен.

С.Торайғыров атындағы ПМУ жастар саясаты және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменттің директоры Дархан Қаржаубайдың айтуынша, бұл бастаманың іске асуына жоғары оқу орнының жастары мұрындық болған.

- Қазір біздің университеттің жұмысы жаңа форматқа көшірілуде. Оның шеңбер-інде белсенді жастар студенттік декан қызметіне тағайындалып, білім беру процесіне қатысуға мүмкіндік алады. Осы жаңа формат аясында аталған мәселені студенттік декандық қызметіне үміткер жастар ғылыми кеңес барысында көтеріп, өтініш білдірген болатын. Көпшіліктің қолдауымен жатақхана бағасы 1 қазаннан бастап 30%-ға арзандады. Біздің студенттердің қатарында «Серпін» бағдарламасының қатысушылары, ауылдан келген, аз қамтылған және шет мемлекеттерден келіп оқып жатқан жастар көп. Бұл - оларға үлкен қолдау, - дейді ол.

Департамент басшысының айтуынша, университетте 860 орындық 2 жатақхана бар. Онда тұрудың жалдау ақысы әр студент үшін бұған дейін 120 мың теңге болса, енді 80 мың теңгеге арзандаған. Яғни, бұдан былай №1 студенттер үйінде тұратындар айына 7000 теңге төлесе, №2 жатақхананың тұрғындары айына 8700 теңге төлейтін болады. Бұл - Қазақстандағы ең арзан тарифтердің бірі.

Айта кетелік, бұған дейін С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің жатақханасының жылдық тарифтік бағасы екі жыл бұрын төмендеген болатын.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz