- Нұрлан Қабыкенұлы, алдымыздағы Қазақстан кәсіподақтары күні құтты болсын! Өзіңіз басқарып отырған қоғамдық бірлестіктің мақсат-міндеттерімен таныстырып өтсеңіз?

- Иә, биылдан бастап ҚР кәсіподақтары күні 10 қазанда аталып өтеді. Бұл туралы Үкіметтің 2019 жылғы 22 мамырдағы №303 қаулысында бекітілді. Қазіргі уақытта «Павлодар облысының мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету ұйымдары қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің құрамына қалалық және аудандық 12 кәсіподақ ұйымы кіреді. Сонымен қатар, 420 бастауыш ұйым қарайды. Қазір осы ұйымдарда барлығы 8,5 мыңнан астам мүшесі тіркелген. Біздің ұйымның басты міндеті – кәсіподақтың жұмысын үйлестіру, еңбек қатынастарын реттеу. Кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау. Сондай-ақ, еңбек адамдарының әлеуметтік мәселелерін шешу.

– Жалпы, кәсіподақ ұйымдарының қазіргі қоғамдағы беделі қандай деңгейде?

– Кәсіподақ – ең әділ әрі тәуелсіз ұйым. Кеңес өкіметі кезінде бұл ұйымның беделі өте жоғары болды, кәсіподақсыз ешбір мәселенің түйіні шешілмейтін еді. Бірақ кейінгі уақытта оның деңгейі аздап төмендегені рас. Соның салдарынан бүгінде кәсіподақтың не екенін, немен айналысатынын да білмейтіндер көп. Дегенмен, қазір осы ұйымның имиджін көтеру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нәтижесі жаман емес. Болашақта бұрынғы деңгейіне қайта көтеріледі деген үміттеміз. Өздеріңіз білесіздер, биылғы Президент сайлауында Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Сатыбалдыұлы Таспихов ҚР Президенттігіне үміткер ретінде сайлауға қатысты. Бұл оқиғаның өзі қазіргі қоғамда кәсіподақтардың беделі артып келе жатқанын көрсетеді.

– Әлеуметтік мәселелерді шешуде кәсіподақтың қандай мүмкіндіктері бар?

– Біздің ұйым жұмысшылардың мәселелерін дер кезінде шешуге тырысады. Осы мақсатта кәсіподақ мүшелерін ұжымдық шарттармен және келісімдермен толық қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек қатынастары Ұжымдық шарттармен реттелуіне байланысты біз осы шарттарда жұмысшыларға берілетін әлеуметтік жеңілдіктерді енгізіп, заңдастырамыз.

Өткен жылы Павлодар облысының әкімдігімен, қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің облыс бойынша басқармасымен, облыстық ішкі істер департаментімен және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен әлеуметтік-ынтымақтастық жөніндегі келі-сімдерге қол қойылған болатын. Сонымен қатар, облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілімен 2018-2021 жылдарға арналған өзара ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді. Дәл сондай меморандум Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Павлодар облысы бойынша департаментімен де бекітілді. Яғни, 2018-2021 жылдарға арналған әлеуметтік ынтымақтастық жөнінде келісім жасалды. Егер жұмыс беруші мен жұмысшының арасында қандай да бір мәселелер туындап жатса, ұжымдық шарттарға және жоғарыда аталған меморандумдар мен келісімдерді алға тарта отырып, ҚР қолданыстағы заңнамаларына сәйкес әрекет етеміз.

– Осы жылдың басынан бері қандай мәселелер бойынша шағымдар жиі түсті? Олардың қаншасы оң шешімін тапты?

– Біздің кәсіподақ мүшелерінің көбі мемлекеттік қызметшілер болғандықтан, жұмыс беруші мен жұмысшы арасында еңбек тәртібін бұзу және басқа да келіспеушілік оқиғалары көп бола қоймайды. Себебі мемлекеттік мекемелерде заң тәртібінің сақталуын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі қадағалайды. Дегенмен, кейбір мәселелер бойынша өтініштер түсті. Нақтырақ айтатын болсақ, биылғы жылы ақпан айында бір мемлекеттік мекеменің қызметшісі өзіне қолданылған сөгіс түріндегі тәртіптік жазаның заңдылығын тексеру жөнінде жазған болатын. Тексеру барысында қолданылған тәртіптік жазаның негізсіз екені дәлелденіп, шығарылған бұйрықтың күшін жою туралы шешім қабылданды. Ағымдағы жылы облыс бойынша көптеген мекемелер біріктіріліп, кейбірі таратылды. Сол кезде лауазымының қысқартылуына байланысты жұмыстан босатылған мемлекеттік қызметшілерден шағым түсірген болатын. Тексеру кезінде мемлекеттік мекемені тарату барысында заң талаптарының бұзылмағаны анықталды. Бірақ біз Ұжымдық шарт талаптарына сәйкес, қысқартылған адамның тұрмыс жағдайын ескере отырып, аудан басшыларына кәсіподақ мүшесін жұмыспен қамту жөнінде ұсыныс жасаған болатынбыз. Нәтижесінде олар жұмыспен қамтылды.

– Жалпы, кәсіподақ ұйымы өз мүшелерінің құқығын қорғаудан басқа қандай мәселелерді көтеруге қауқары бар?

– Кәсіподақ көтеретін мәселе көп. Мысалы, халыққа қажет жерде заңдық-құқықтық кеңестер тегін көрсетіледі. Жұмыс беруші мен жұмысшылардың арасындағы еңбек қатынастары ұжымдық еңбек шарты арқылы іске асырылады. Осы шартты жасау барысында қойылатын талаптар мен түрлі әлеуметтік жеңілдіктер де ескеріледі. Атап айтатын болсақ, жұмыс беруші тараптың өкілдері жарты жылда 1 рет еңбек ұжымының жиналысында ұжымдық шарттың орындалу барысы туралы ақпарат береді. Сонымен қатар, ұжымдық шарт бойынша өзара міндеттемелердің орындалу барысы кәсіподақ комитетінің отырысында, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссия отырысында қаралуы мүмкін. Бұрын мемлекеттік мекемелерде қызмет істейтіндер белгіленген сағаттан артық жұмыс істеп, үйлеріне кеш қайту туралы мәселе көтерілген еді. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент пен біздің кәсіподақ осы мәселені көтерген соң бұған тыйым салынды.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жастарға ерекше қолдау көрсетуді тапсырғаны белгілі. Осы ретте кәсіподақтар жас мамандарды қолдау мақсатында қандай жұмыстар жүргізді?

– Біздің ұйымның жанынан ашылған жастар кеңесі бар, олар да өз жұмыстарын абыроймен атқарып келеді. Жастар кеңесінің төрайымы – Айгерім Манабаева. Өте белсенді, жауапкершілігі жоғары, білікті маман. Түрлі іс-шаралар өткізіп, жастарға заңдық көмек көрсетіп отырады. Ағымдағы жылғы мамыр айында Инновациялық Еуразия университетінде жас мемлекеттік қызметшілер мен студенттер арасында «Әдептілік пен адалдық – ұлттық жетістіктің кепілі» атты пікірсайыс турнирі өтті. Жеңімпаздар кәсіподақтың грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұдан бөлек, жас мемлекеттік қызметшілер арасында «Үздік мемлекеттік қызметші» сайысы өткізілді. Жеңімпаз атанған Ақтоғай ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Саяуыш Сәдуақасов пен Успен ауданы әкімі аппараты персоналды басқару бөлімінің бас маманы Ольга Коляда Ақмола облысының «Щучинск» шипажайында өткен республикалық жастар форумына жолдама алды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғаса беретін болады.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz