«Қазақстан лифтішілерінің ұлттық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Ержан Игібаев облыс көлемінде лифт орнату, оған қызмет көрсету бағытында жұмыс істейтін кәсіпорын өкілдерімен жүздесіп, аталмыш саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, лифтілерді қауіпсіз пайдалану және Ұлттық стандарт талаптарын орындау жайы сөз болды. Ержан Игібаевтың айтуынша, өткен жылы елімізде тиісті стандарттар қабылданған. Ендігі кезекте осы стандарттар енгізілген заң жобасы қаралуда.

- 2012 жылы лифт саласындағы лицензиялау тоқтатылды. Яғни, сол уақыттан бері лифт нарығына қатысушылардың қызметін реттейтін ортақ ережелер болған жоқ. Осыны ескеріп, былтыр Үкімет пен сала компаниялары жаңа Ұлттық стандарт талаптарын әзірледі. Қазіргі уақытта тиісті заң жобасы Парламент қарауына берілді. Егер ол қабылданып, күшіне енсе, лифт орнатып, оған қызмет көрсететін ұйымдарға талап күшейе түседі, - деді Е.Игібаев.

Бұл ретте қауымдастық басшысы еліміздегі жеделсатылардың басым бөлігі ескіргенін әрі сапасыз екенін айта келе, жаңасын жеткізушілерге қойылатын міндеттің өзгеретінін атап өтті. Мәселен, бұдан былай лифт сатып алушы компания тауарға үш жыл кепілдік беруі тиіс.

Жиын барысында жергілікті компаниялар да көкейде жүрген мәселелерін бүгіп қалмады. Айталық, «Иртыш-Лифт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Николай Сергиенко лифтілерді есепке алуда қиындықтың барын айтты.

- 2015 жылдан бері Павлодар қаласындағы тұрғын үйлерде орнатылған лифтілер есептен шығарылды. Ал жаңа лифтілерді ешкім есепке алмайды. Бұл компаниялардың жұмысына кедергі келтіріп отыр, - деді Н.Сергиенко.

Өз кезегінде Ержан Игібаев аталмыш мәселені тиісті органдарға жеткізіп, бірлесіп шешу жолдары қарастырылатынын айтты.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz