Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл байқауға 100-ге жуық кәсіпорын қатысты. Яғни, елімізде қызмет көрсетумен және сауда-саттықпен айналысатын бизнес иелері бағын сынап, үздіктер қатарынан көрінуге тырысты.

- «Сауда үздігі» байқауы еліміздегі сауда және бизнеске оң ықпал ететініне сенемін. Биыл Қазақстанда жаңадан Сауда және интеграция министрлігінің құрылуы - саудаға басымдық беріліп отырғанының айғағы. Экспортты дамыту, ішкі және сыртқы нарықта саудамызды ілгерілету - басты мақсатымыз. Жалпы, бұл байқау кәсіпкерлік және сауда саласындағы жоғары баға деп білемін, - деді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Азамат Асқарұлы.

Ал Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арыстан Қабыкенов байқауға белсенді қатысқан барша бизнес өкілдеріне алғысын білдірді. Айта кету керек, бұл шараны ұйымдастыруға аталған министрлік, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, ҚР сауда кәсіпорындары қауымдастығы қолдауымен облыс әкімдігі өткізді.

Ведомствоаралық комиссия қатысу-шылардың еңбегін екшеп, қорытынды шығарды. 9 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Олардың арасында павлодарлық кәсіпкерлер де бар. Мәселен, екібастұздық «Әйтімова» ЖК, «Қазақстанның бөлшек сауданың үздік кәсіпорны» аталымында үшінші орынды иеленсе, «Шағын форматтар» үздік кәсіпорны номинациясында Павлодар ауданының «Солдатова» ЖК екінші орынға, успендік «Нұралинова» ЖК үшінші орынға лайық деп танылды. «Үздік сауда-ойын сауық орталығы, сауда үйі, сауда орталығы» аталымында Павлодар қаласының «Food Mix» ЖШС екінші орынға ие болса, «Үздік жол бойындағы сервис» номинациясында железиндік «Салтанат» ЖК және екібастұздық «Тертова Д.Г.» ЖК-не екінші орын берілді. «Үздік демалыс аймағы» аталымында жеңім-паздар қатарынан шарбақтылық «Ертіс орманы» резерваты табылды. «Үздік басшы» аталымында Павлодар қаласындағы «Сом-ПВ» ЖШС басшысы Аурика Дяк екінші орынды иеленді. Бұл аталымның үшінші орны Павлодар ауданының «Eurasia-PV Group» ЖШС-іне табысталды. Ал бас жүлде «Сауда үздігі-2019» атағын алматылықтар алып кетті. Демек, келесі жылғы байқау Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында өтеді.

Бұдан бөлек, байқауға қатысқандары үшін бірқатар кәсіпкер облыс әкімі атынан грамоталармен марапатталды.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz