Сенбі күні облыс әкімі Болат Бақауов Зеленстрой шағын ауданына барып, тұрғындармен кездесті. Шеткі ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.

- Біздің ауданның тұрғындары үшін маңызды мәселенің бірі – су құбырын тарту. Зеленстройдағы кейбір құбырлар қараусыз қалған еді. Дегенмен әкімдік қызметкерлері оларды есепке аламыз деп уәде берді. Бұл мәселе тез арада шешімін тапты. Енді орталықтандырылған су жүйесіне ешқашан қосылмаған үйлерге су жеткізу ісі маңызды болып отыр, - дейді тұрғын Галина Шторм.

Шағын ауданды сумен жабдықтау жүйесін салумен «Ай-Су Мелиорация» ЖШС айналысуда. Мердігер компания бұған дейін аталмыш аудандағы жеке тұрғын үйлер орналасқан көшелерге 21 шақырым желі тартқан. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамада болмаған көшелерге су құбырын тарту мәселесі шешілуде. Бұл ретте аймақ басшысы шағын ауданның қалған бөлігін сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге қаржының жеткілікті екенін айтты. Тек құрылыс жұмыстарын бастау үшін тиісті конкурстық шараларды өткізу қажет.

- Жыл соңына дейін бұл мәселені шешуге тырысамыз. 2020 жылдан бастап Павлодар қаласының барлық шеткі аудандарындағы жұмыстарды қолға алатын боламыз. Бұл Зеленстрой, екінші Павлодар, МДС, Радио зауыты шағын аудандары, сондай-ақ Ленин және Теміржолшылар кенттері мен Мойылды ауылына қатысты. Біз осы аумақтардағы тұрғын үйлердің мәселелерін шешуді жүйелі түрде қарайтын боламыз, - деді Б.Бақауов.

Бұдан соң аймақ басшысы облыс орталығындағы Металлургтер саябағына барып, ондағы қайта құру жұмыстарымен танысты. Аталмыш саябақта жерасты суларын бұру үшін кәріз жүйесінің құрылысы басталған болатын. Алдағы уақытта мұнда барлық периметр бойынша суды азайту жүйесі салынады. Павлодар қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бақытжан Әлімғазиновтің айтуынша, желінің жалпы ұзындығы бір шақырымнан аспайды. Құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Облыс әкімі алдымен саябақтағы суды бұрып, содан кейін ғана көгалдандыру жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертті. Бұдан соң аймақ басшысы жалпыоблыстық сенбілік аясында аталмыш саябақта ағаш отырғызды.

Айта кетейік, алдағы уақытта аталмыш саябақта 100-ден астам шаған ағашы, 700 терек, 200-ге жуық түп мойыл, тобылғы мен долана отырғызылады деп жоспарлануда.

 

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz