Облыстық газет ұжымының шалғайдағы аудандар мен ауылдарды аралап, оқырман-дармен жүздесуі – бұрыннан жалғасып келе жатқан игі дәстүр. Естеріңізде болса, өткен жылы Шарбақты ауданында көрнекті балалар ақыны, Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың 95 жылдығына, Ақтоғай ауданында ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың 90 жылдығына, Екібастұз қаласында жазушы Мейрам Асылғазиннің 70 жылдығына орай бірнеше кездесу өткізіп, оқырмандармен жақын дидарласып едік. Бұл қазақ баспасөзінің аймақтағы қарашаңырағы, «Сарыарқа самалы» газеті үшін оқырман ойының, олардың ұсыныс-пікірлерінің қашан да құнды екенін білдіреді. Екіншіден, қазақ әдебиетінде өз қолтаңбасы қалған жерлестеріміздің еңбегін әспеттеу, оларға лайықты құрмет көрсету.

Баянауыл ауданы орталығындағы С.Торайғыров атындағы мәдениет сара-йында болған жиынға «Сарыарқа самалы» газетін жанына серік етіп жүрген жанашыр оқырмандарымыз бен жергілікті жұртшылық жиналыпты. Шараның шымылдығын Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Қанат Кәрімов ашып, аудан басшысы Оразгелді Қайыргелдиновтің сәлемі мен құттықтауын жеткізді.

- Газет ұжымының бұл сапары біздің өңірдің тұрғындары, өздеріңіздің тұрақты оқырмандарыңыз үшін өте маңызды. Облыстың басты жаңалықтар жаршысына айналған газеттен өңірдің жақсы жаңалықтарымен және толағай табыстарымен танысып отырамыз. Баянауылдықтар да облыстық газеттің әр нөмірін мен секілді асыға күтеді деп ойлаймын. Себебі, «Сарыарқа самалы» газетінің бетіне Баянауыл ауданы жайлы жақсы жаңалықтар, сүйінші хабарлар жиі басылады. Биылғы жылдың өзінде ауданның туризмі мен спортына, ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласына, мәдениеті мен өнеріне және өлкетануы мен тарихына қатысты құнды мақалалар жарыққа шықты. Бұдан бөлек, балалар мен жасөспірімдердің сенімді серігіне айналған «Айналайын» және «Жас times» қосымшалары да шығармашыл жастардың қаламын ұштап келеді. Ертіс-Баян өңірінің тыныс-тіршілігін аймақ халқына жеткізу жолында маңызы зор ата басылым – «Сарыарқа самалы» газетінің 90 жылдық торқалы тойымен құттықтаймын. Сіздерге шығармашылық табыс, жемісті еңбек тілеймін, - делінген аудан басшысының құттықтау хатында.

Басылымның бас редакторы Нұрбол Жайықбаев газетпен байланысын үзбей келе жатқан тұрақты авторларға ризашылық білдіріп, марапаттар тапсырды. Мысалы, «Басылымның құрметті авторы» номинациясы Баянауыл өңірінің абыз ақыны, ардагер ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зекебай Солтанбаев, еңбек ардагерлері Мұхтар Әбенов, Қорабай Шәкіров, Мұрат Рахметов, Нескен Мәлікова сынды ел үлкендеріне табысталды. Ал басылымның Алғыс хатымен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нухұлы, Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман марапатталды. Газеттің «Тұрақты авторы» деген айрықша құрмет еңбек ардагері Шолпан Жақыпова, өлкетанушы Мұхамет-Қайыр Шәріпов, Әсет Пазылов, Алтынбек Құрманов, кітапханашы Бағзад Нұртайқызы, ақын Айбат Ыдырысов, аудандық «Баянтау» газетінің бас редакторы Еламан Қабдыләшім сынды азаматтарға көрсетілді. Сонымен қатар, облыстық газетпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, әртүрлі мәдени-рухани жобаларымызға қолдау көрсетіп жүрген мектеп директорлары, жеке кәсіпкерлер және пошта қызметкерлеріне де сый-сыяпат берілді. Яғни, «Үздік серіктес» атанғандардың қатарында Майқайың орта мектебінің директоры Самал Мәжитова, Сұлужон орта мектебінің директоры Зарема Сәдуақасова, кәсіпкер Қарашаш Дүйсембаева мен Дардана Бақаева, пошташы Татьяна Сливко мен Айсұлу Сламбекова және белсенді оқырман Қайрат Сүлейменов бар.

- Бүгінгі кездесуімізді академик Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойымен байланыстыруды жөн деп таптық. «Сарыарқа самалы» газетіне 90 жыл толып отырғанын ескерсек, Қаныш атамыз осы «Қызыл тудың» бетінде мақала жарияламады деп кім айтар? Кешегі өзі құрылысын басқарған Ертіс-Қарағанды каналының қазылуы туралы хроникалық тәсілде жазған да «Қызыл ту», қазіргі «Сарыарқа самалы» болатын. Сондықтан ұлы академиктің есімі біздің газеттің тарихына тікелей қатысы бар. Баянауыл - бүгінде біздің оқырмандарымыз көбірек шоғырланған өлке. Қаймағы бұзылмаған қазақы өңірде ұзақ уақыт бойы газеттен қол үзбей келе жатқан авторларымыз бар. Өздеріңізге белгілі, биылғы ақпан айында облыстық «Сарыарқа самалы» газеті өзінің торқалы 90 жылдығын атап өтті. Бұл атаулы мерейтойға облыстың түкпір-түкпірінен, әсіресе Баянауыл ауданынан ұзақ жылғы оқырмандарымыз, мақала-хат жіберуші авторларымыз, ұстаздарымыз келді. Қайбір жылдары Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінің шығуы қиындап, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің ішкі қосымшасы секілді жарық көріп тұрды. Бұл сол кездегі азаматтардың қазақ баспасөзін сақтаудағы өзара бауырмалдықтың үлгісі еді, - деді Нұрбол Қанатбекұлы.

Осы күні аудандық мәдениет үйінің фойесінде «Сарыарқа самалы» газетінің тарихына және Қаныш Сәтбаевтың еңбегі мен өмір жолына арналған кітаптар көрмесі қойылды. Көрмені С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап кітапханасының қызметкерлері әзірледі. Сонымен қатар, Самал Жакупова, Ернұр Жәкенов, Айнұр Тойчиева және «Айбын» тобы сынды Баянауыл өңірінің өнерпаздары мен Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Жанболат Байсолтан ән шырқап, кешті сән-салтанатқа бөледі. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің тілшісі, жас сатирик Алпысбай Хонж «Әріпті соттау» деп аталатын сатиралық өлеңін оқыды.


Қорабай ШӘКІРОВ, Еңбек ардагері:

- Облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне мақалаларым шығып тұрады. Еліміздің дамуына еңбек сіңірген атақты жерлестеріміз туралы мақала жазып жүреміз. Елге еңбегі сіңген беделді азаматтары жөнінде және туған ел мен жердің тарихы туралы аз-кем сөз қозғап тұратынымыз бар. Осыдан екі жыл бұрын жер мәселесіне қатысты жазған көлемді мақалам жарияланып, көзіқарақты оқырманның көңілінен шықты. Мен ол материалымда жер игеріп, егін шаруашылығымен айналысатын аймақтағы ірі шаруашылықтардың еңбектері мен жетістіктерін мысалға келтірген едім. Биыл осы газеттің жарыққа шыға бастағанына 90 жыл толыпты. Бұл - үлкен белес, атап өтуге тұрарлық мерейлі дата. Сонымен қатар, Қаныштай ұлылардың ауылына келіп, кездесу өткізудің өзі - жақсы бастама.

* * *

Академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына - 120 жыл және облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің 90 жылдығына арналған шара түстен кейін Шәкен Айманов атындағы орта мектеп-интернатында жалғасты. Қазақ киносының саңлағы Шәкен Кенжетайұлының есімін арқалаған білім ошағында оқушылар арасында «Айналайын» фестивалі ұйымдастырылды. Сол күні мектеп ұжымы академиктің құрметіне «Қазақтың ұлы ғалымы» атты көрме әзірлеп, қоғам қайраткерінің өмірінен сыр шертетін бейнефильмді ұсынды. Мектеп оқушылары Қаныш Имантайұлына арнаған жыр-шумақтарын мәнерлеп оқыды.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Айналайын» қосымшасының тұрақты авторларымен кездесуді мақсат еткен фестивальге басылымға үзбей мақала жолдап жүрген барлық ауылдың оқушылары шақыр-тылды. Айтулы шарада «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев мектеп ұжымы мен оқушыларға жылы лебізін жеткізді.

- Құрметті ұстаздар, оқушылар! «Айналайын» қосымшасының оқырмандарымен және авторларымен Баянауыл өлкесінде қауышып отырғанымызға қуаныштымыз. Газетке хат жолдап, ұстаздар мен ата-аналарды қуантып жүрген балаларға ризамыз. «Айналайын» фестиваліне облыстық ата басылымда қызмет атқарып жүрген жас журналистер келіп отыр. Сауалдарыңызға тұшымды жауап беру, өнерлеріңізді тамашалау үшін ұлылар туған мекенге арнайы ат басын тіреген жайымыз бар, - деді Нұрбол Қанатбекұлы.

Басылымның бас редакторы «Айналайын» қосымшасының тұрақты авторларына алғысын білдіріп, арнайы марапат табыс етті. Бұл ретте облыстық «Сарыарқа самалы» газетіндегі балалар мен жасөс-пірімдерге арналған «Айналайын» қосым-шасына оқушылардың шығармашылығын ұйымдастырып, жасөспірімдерге бағыт бергені үшін Ш.Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернатының директоры Салтанат Досмағанбетова, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешені тәрбие ісінің меңгерушісі Ғалия Нағымжанова, Сұлужон орта мектебінің мұғалімі Шырынгүл Қалықова, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы орта мектептің мұғалімі Асқар Аюпов Алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ, мазмұнды мақалалар мен өлең-жырларын жолдап, шығармашылықпен айналысып келе жатқаны үшін Жылбек Ағаділов атындағы орта мектептің 6 «ә»-сынып оқушысы Жаннұр Нұрланқызы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Арман Қабиден, Егіндібұлақ орта мектебінің 10-сынып оқушысы Қарима Егінбай, Е.Бекмаханов атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Диянира Тұрсынова, Е.Бекмаханов атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Ақбөпе Молдашева, Сұлужон орта мектебінің 4-сынып оқушысы Айқали Жұмаділов, Сұлужон орта мектебінің 3-сынып оқушысы Саян Ерсін газет марапатына ие болды.

Мерейі үстем болған ұстаздар мен оқушылардың құрметіне қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Нұрлан Сейітов Нұрым жыраудың «Айтулы жүйрік мен едім» термесін орындады.

Сонымен қатар, мектеп түлегі Балжан Қамалиева «Туған жер» әнін шырқап, ыстық қошеметке бөленді. Халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы «Баян сұлу» үлгілі би ұжымының орындауындағы «Мексика» биі залдағы көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Келелі кездесуде Баянауыл аудандық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Мереке Әбдікәрімов басылым ұжымын мерейтоймен құттықтап, алғысын жеткізді.

- Басылымның облыс, республика деңгейінде алар орны ерекше деп білеміз. Газетті сүйіп оқитын оқушыларымыз көп. Олардың ішінде «Айналайын» қосымшасына өлең-жыр, мақалаларын жолдап, жарық көруін асыға күтіп жүретін балаларымыз да бар. Фестиваль аясында оқушыларымызға марапат тапсырып жатқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Алдағы уақытта «Айналайынға» қалам тербейтін оқушыларымыз көбейе түседі деген ойдамыз. Ұжымға шығармашылық табыс, еңбекке жеміс тілеймін, - деді Мереке Талқайратұлы.

Шара соңында оқырмандар газет ұжы- мымен естелік суретке түсті. Баянауылдағы кездесуіміз берекеге бастайтын шара болды деп білеміз.


Арман ҚАБИДЕН, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы:

- Аудан орталығына «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы келеді дегенді естігенде айрықша қуандым. «Айналайын» фестиваліне қатысу үшін Жаңажол ауылынан арнайы келдім. Бұл кездесу арқылы журналист аға-әпкелерімен танысу мүмкіндігіне ие болдым. Басылымның марапатына ие боламын деп ойлаған жоқпын. Бұл мен үшін үлкен қолдау әрі шабыт берді. Алдағы уақытта «Айналайын» қосымшасымен достығымды үзбей, шығармаларымды жолдап тұратын боламын.

 

Тілеуберді САХАБА, Айдана ҚУАНЫШЕВА

Суреттерді түсірген - Қанат Ахметжанов.

saryarka-samaly.kz