«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мұң-мұқтажы жергілікті «Еrtis» телеарнасында тікелей эфирде талқыланатынын айтты. Қазіргі уақытта жарымжан жандардың тарапынан 35 өтініш келіп түскен.

- Қоғамдық қабылдау кезінде облыс әкімі Болат Бақауовқа мүмкіндігі шектеулі жандар тарапынан инватаксиге бөлінетін қаражатты ұлғайту жөнінде ұсыныс түскен болатын. Филиал төрағасы бір ай ішінде жарымжан азаматтардың мәселесімен толық танысуды тапсырды. Осы орайда, арнайы жұмыс тобын құрдық. Ағымдағы жылдың 25 қазан айына дейін кембағал адамдардың жағдайымен толық танысып, қорытындысын «Фракция күнінде» «Ertis» телеарнасында тікелей эфирде талқылаймыз, - дейді Илья Теренченко.

Аймағымызда мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсарту мақсатында жыл сайын қомақты көлемде қаржы бөлінуде. Алайда шешімін таппаған мәселе әлі де көп. Әсіресе, көзі нашар көретін зағип жандардың жұмыс істеп, ақпаратты қабылдауда көмек көрсететін тифлотехникалық құрылғылардың саны аз. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ардагерлермен және мүгедектермен жұмыс бөлімінің басшысы Зарина Әлинова аталмыш құралдардың бағасы қымбат екенін айтады.

- Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ноутбуктың бағасы 2,5 миллион теңге болса, оқу машинасы 1,5 миллион теңге тұрады. Аймағымызға мұндай құрылғылардың 500 данасы қажет. Сонымен қатар, жарымжан жандарға арба керек. 2017 жылы облыс әкімі бұл бағытқа 117 миллион теңге қаржы бөліп, 1000-нан астам арба сатып алынды. Қазіргі уақытта дәл осындай 944 құрылғы қажет. Кемтар жандар үшін санаторлық-курорттық ем алу шарасы да өзекті мәселеге айналып отыр. Биылғы жылы мұндай мүмкіндікке 991 адам ие болды. Келесі жылы бұл көлемді арттыратын боламыз. Бүгінде санаторлық-курорттық ем алғысы келетіндердің саны 2522 адамды құрайды. Бұл бағытқа 197 миллион теңге қаржы қажет, - дейді Зарина Әлинова.

«Сострадание» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Юрченконың айтар уәжі басқа. Оның сөзінше, санаторлық-курорттық ем аламын деушілердің саны кемінде 20 мың адамды құрайды. Осы орайда, үкіметтік емес ұйым өкілдеріне ем алатындардың санын ұлғайту жөнінде ұсыныс білдірді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Камалова 20 мың адамда емдеуге бюджет қаржысы жетпейтінін айтты. Басқарма тарапынан келесі жылы квотаны 1,5 мың адамға арттыру туралы бюджеттік өтініш жолдағанын жеткізді. Бұдан бөлек, «Қазақ зағиптар қоғамы» облыстық филиалының төрағасы, І топтағы мүгедек Дүйсенбі Қабдолов қаламыздағы зағиптарға арналған кітапхана маңында дыбыстық бағдаршам орнатуды сұрады. Жиын барысында қатысушылар сауда орындарында мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына арналған пандустарды орнату, қоғамдық көліктерде арнайы орын белгілеу жөнінде де өз ойларын жеткізді.

Атап өтерлігі, «Ertis» телеарнасында көрсетілетін «Фракция күні» 25 қазан күні сағат 11.00-де эфирге шығады.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz