Жалпы, облысымызда ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Көзге көрінетіндей жетістіктер баршылық. Салаға құйылған инвестиция көлемі де арта түсті. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығына 19 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Ал биыл бұл көрсеткішке 7-8 айдың ішінде-ақ қол жеткіздік. Бұл ретте, мал шаруашылығының қарқынға қарқын қосып келе жатқанын атап өткен жөн. Оған мына сандар дәлел бола алады. Аймақ шаруалары етті және сүтті бағыттағы ірі қараның басын көбейту үшін 2017-2019 жылдар аралығында 5 млрд. теңгеге жуық субсидияға қол жеткізген. Үстіміздегі жылдың 7 айының көрсеткіші бойынша 1,3 млрд. теңге көлемінде қолдау қаржысы үлестірілген. Нәтижесінде биыл асыл тұқымды мал басы 3,3 пайызға көбейді.

Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Айдос Жақыповтың айтуынша, өткен жылы 2,2 мың бас ірі қараға арналған 4 тауарлы-сүт фермасы іске қосылған болатын. Ал биыл сүт өндіретін 5 ферма ашу жоспарланған.

- Бұл ретте, Тереңкөл ауданындағы ірі кәсіпорын жұмысын бастады. Жергілікті «Астық ПВ» ЖШС Чехия елінен 691 бас симментал тұқымды сиырларын алып келіп, тауарлы сүт фермасын ашты. Сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту мақсатында жыл соңына дейін жалпы саны 2100 бас ірі қараға арналған тағы 4 тауарлы сүт фермасын іске қосу жоспарланған. Бұл ретте, «Луганск» өндірістік кооперативі, «Жаңа қала» ЖШС, «Ертіс» шаруа қожалығы, «Галицкое» серіктестігі 400-ден 600 басқа дейінгі ферманың құрылысын аяқтауда, - дейді А.Жақыпов.

«Галицкое» ЖШС басшысы Александр Касицын кәсіпорын алдағы желтоқсан айында іске қосылатынын айтты.

- Негізінде, тауарлы сүт фермамыз 1 мың бас ірі қараға арналған. Қазіргі кезде Чехия елінен симментал тұқымды 218 сиыр сатып әкелдік. Жыл соңына дейін тағы 190 бас асыл тұқымды сиыр сатып алмақшымыз. Қалған 592 бас аналық мал өз иелігімізде бар. Нысан толығымен заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Жаңа тауарлы сүт фермасын үстіміздегі жылдың желтоқсан айында іске қосуды жоспарлап отырмыз, - деді А.Касицын.

Ресми деректерге сүйенсек, облысымызда сүтті бағыттағы ірі қара өсіретін 18 шаруашылық жұмыс істеуде. Олардың иелігінде 16 688 бас асыл тұқымды сиыр бар.

- Үстіміздегі жылы аналық ірі қараның тұқымдық-өнімділік сапасын арттыру мақсатында шетелден 3994 сиыр жеткізілді. Оның ішінде 1199 бас сүтті бағыттағы голштин-фриз тұқымды сиырлар, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқар-масының бас маманы.

Сондай-ақ, облысымызда 99 сүт дайындау бөлімдері жұмыс істейді. Оларда жалпы мөлшері 214 мың тонна сүтке шақталған 126 арнайы салқындатқыш жабдықтар орнатылған. Ал сүт өңдеу бағытында 18 кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы 250 мың тонна шикізат өңделген. А.Жақыповтың айтуынша, қазіргі кезде сүт өңдеу кәсіпорындары сүттің литрін қосымша құн салығынсыз есептегенде 117 теңгеден қабылдауда.

Сүтті мал шаруашылығын дамыту мақсатында бірнеше бағытта субсидия қарастырылған. Соның ішінде асыл тұқымды аналық мал сатып алған шаруалар мемлекет тарапынан қолдау қаражатына қол жеткізе алады. Бұл ретте, Қазақстан немесе ТМД елдерінен сатып алынған асыл тұқымды сиырлардың әр басына 150 мың теңге көлемінде субсидия тағайындалады. Егер ірі қара АҚШ, Австралия, Канада немесе Еуропа елдерінен тасымалданса, онда әр сиыр үшін 225 мың теңге субсидия төленеді. Тағы бір маңызды бағыт, қуаттылығы 400 бас ірі қарадан асатын тауарлы сүт фермалары үшін инвестициялық субсидия төленеді.

Биыл аймағымызда сүт өндіру бағытында қолға алынған ірі жобалардың бірі Ақсу қаласындағы «КронАгро» шаруашылығына тиесілі. Мұнда қуаттылығы 1200 бас ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасы бой көтеруде. Нысан құрылысы орталап қалған. Шаруа қожалығының директоры Дидар Бейсембаевтың айтуынша, жоба үш бағыттан тұрады.

- Біз суармалы алқаптарды іске қосу, тауарлы сүт фермасын және көкөніс сақтау қоймасын салу бойынша жұмыс істеудеміз. Соның ішінде 12 мың тонна өнім сақтауға мүмкіндік беретін қойманың құрылысы аяқталды. Онда голландиялық және неміс технологиясы қолданылды. Ал 1200 бас ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын жартылай аяқтадық. Нысан келесі жылы іске қосылады. Бұл жобалардың жалпы құны 5,7 млрд. теңгені құрайды, - дейді кәсіпкер Д.Бейсембаев.

Дерек пен дәйек:

• Павлодар облысында сүтті бағыттағы 328,2 мың бас ірі қара бар.

• Аймағымызда ірі және орташа деңгейдегі 28 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Онда 9 844 бас асыл тұқымды сиыр бар.

• Өткен жылы облысымыз бойынша 382 068,8 тонна сүт өндірілді.

• Бүгінде аймақтағы тауарлы сүт фермаларында бір сиырдан жылына 4 535 литр сүт алынады.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz