Бірінші курс студенттеріне арналған салтанатты шара облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар бастамаларын дамыту» орталығының қолдауымен өтті. Мақсаты – енді ғана студент атанған жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту, белсенді жастардың шығармашылығын арттыру, көңілдерін көтеру. Себебі, олардың арасында шалғай ауылдардан келіп, қала өміріне үйрене алмай жүргендер болады. Сондай-ақ, студенттік қызықтың дәмін әлі тата қоймағандар бар. Міне, осындай жастарға ақыл-кеңес беру, білім жолында ізденіп, жаңа жетістіктерге жолдарын ашу – алдыңғы буынның міндеті.

Биылғы мерекелік кеш есте қалар жарқын сәттерге толы болды. Алдымен бірінші курс студенттерінің көшбасшыларын сахнаға шақырып, ерекше құрмет көрсетілді. Содан кейін төртінші курс студенттері ортаға шығып, оларға студенттің төл құжаты – сынақ кітапшасын тапсырды. Ал жастар арасында танымал «Жас бенд» тобы студенттер әнұранын орындаса, жас рэпер Аман Тойлатов пен студент жастардан құрылған «Адау» би тобы да өз өнерлерін көрсетті.

- Бірінші курс студенттерін қабылдау жиыны алғаш 2017 жылы ұйымдастырылған. Содан бері дәстүрге айналып кетті. Бірінші жылы орталық жағалауда, екінші жылы жаңа жағалауда өткізген едік. Биылғы кешті «Ertis Promenade» сахнасында ұйымдастыру сәті түсті. Әр жылы әртүрлі форматта өтеді.

Былтыр елімізге белгілі Шоқан есімді рэп әншісі шақырылған болатын. Ал биылғы жылы өзіміздің жерлестерімізді, енді танылып келе жатқан жас өнерпаздарды сахнаға шығаруды жөн санадық, - дейді облыстық «Жастар бастамаларын дамыту орталығына» қарасты «Арт-Медиа орталығының» инспекторы Толқын Әбішева.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz