- Азамат Нұрсерікұлы, білуі-мізше, биылғы «100 жаңа есім» жобасының талаптарына аздаған өзгерістер енген екен. Осы жайында тарқатып айтып берсеңіз...

- Иә, жобаның үшінші маусымында талаптар біраз өзгерді. Біріншіден, жаңа есімдерді іздеуге алдыңғы маусым жеңімпаздары атсалысады. Бұл бастаманы жеңімпаздардың өздері көтерді. Тіпті, осы мақсатта олар «Бюро 100» қозғалысын құрып үлгерген. Осылайша, жаңа жеңімпаздарды табуға көмектеспек. Екіншіден, жеңімпаздарды іріктейтін құзырлы қазылар алқасы құрылады. Үшіншіден, кез келген адам жобаға өзін ұсына алады. Бұған дейін үміткерді екінші адамның ұсынуы міндетті болған еді. Ал кейбір талаптар қаз-қалпында қалды. Яғни қатысушылардың өмірі мен табысы туралы фильмдер түсіріледі. Бұрынғыдай оқушылар- мен және студенттермен кездесу ұйымдастырылып, түрлі жобалар жасалатын болады.

- Жобаның басты мақсаты қандай?

- Мұндағы мақсаты – Тәуелсіздік дәуірінде еліміздің көркеюіне үлес қосқан, ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты жерлестерімізді көпшілікке таныту. Яғни ел ішінде елеусіз жүрген ерекше тағдыр иелерін табу, Қазақстанның гүлденуіне зор еңбек сіңірген лайықты азаматтарды бұқараға таныстыру.

- Аталмыш жобаның алғашқы маусымында, 2017 жылы біздің өңірден 5 адам таңдаулылар қатарына енгені мәлім. Ал был- тыр, өкінішке қарай, «100 жаңа есімге» павлодарлықтар іліге алмады. Жерлестеріміздің қазіргі бет алысы қалай?

- Бүгінгі күнге дейін біздің өңірден 7 адам өз ұсыныстарын қалдырған. Олар – спорт саласы бойынша Антон Кисляков, Қайрат Садыров, мәдениет бойынша Әсел Құлжанова, Мақсат Қасенов, қоғам аталымында Айгүл Сағатова мен Бекжан Әлішер және бизнес бойынша Антон Чашиндер өтінім білдірді. Қабылдаудың соңғы күніне дейін олардың қатары артатынына күмән жоқ.

- Бұл жобаға қандай салада қызмет ететін тұлғалар қатыса алатынын өзгелерге ақпарат ретінде айтып өтсеңіз...

- «100 жаңа есім» жобасына еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша үлес қосып, ел мерейін асқақтатып жүрген азаматтар қатыса алады. Яғни спорт, мәдениет, қоғам, медицина, ғылым, бизнесте қызмет ететіндердің өз бақтарын сынап көруіне мүмкіндік бар.

- Жобаға өтінім беру үшін не істеу керек?

- Негізі 30 қыркүйектен бастап «Қазақстанның 100 жаңа есімі: жас қазақстандықтардың табыс тарихы» жобасына өтінімдер қабылдау жүргізілуде. Жобаға қатысу үшін қатысушы бар болғаны 100janaesim.ruh.kz сайтындағы сауалнаманы толтырса болғаны. Айта кетерлігі, өтінімдер 30 қазанға дейін қабылданады.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz