Бүгінде облыста тірек-қимыл қозғалысы бұзылған 489 бала бар. Былтыр олардың 181-іне Павлодар қаласындағы оңалту орталығында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетілсе, жыл басынан бері 152 бала сауықтырудан өтті. Яғни, бұл орталық жылына тек 180 балаға ем-дом жасай алатын-ды. Ал жаңа ғимарат қолданысқа тапсырылған соң бір жыл аралығында 300-ден астам бүлдіршінді қабылдауға мүмкіндік туды. Мұнда олар 1 айдан 1 жылға дейінгі уақыт аралығында тиісті көмек ала алады. Орталық денсаулығы сыр берген 1,5–18 жас аралығындағы павло-дарлықтарға қажет жағдайдың барлығын жасайды. Мұнда массаж кабинеттері, бассейн де бар.

- Тірек-қимыл қозғалысы бұзылған балалардың ата-аналары қосымша ғима-раттың қажеттігі туралы бірнеше рет айтты. Дәл осындай оңалту орталығына бұрынғы техникалық мектептің ғимараты сай деген байламға келіп, 96 млн. теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Соның нәтижесінде көмек көрсету мүмкіндігі кеңейді. Оған қоса, 30 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұған дейін аталмыш орталықта 90 адам еңбек етсе, бүгінде 120 кәсіби маман тиісті қызметтерді көрсетеді. Ата-аналардың да жұмысқа орналасуына жағдай жасалды. Бұрын олар күні-түні балалардың қасында болса, қазір орталықтағы білікті қызметкерлерге әкеліп, өздері алаңсыз еңбек ете алады, - деді облыс әкімі Болат Бақауов.

Аймақ басшысы әлеуметтің бұл тобына көмек мұнымен шектеліп қалмайтынын алға тартты. Қазіргі уақытта өзге диагноздары бар балаларға оңалту орталықтарын ашудың тетіктері қарастырылуда. Кейбірі ғимараттарды қалпына келтіру нәтижесінде пайдалануға берілсе, енді бірі жаңадан салынбақ.


Сапура КӨПЕТАЙҚЫЗЫ, Оңалту орталығы тәрбиеленушісінің әжесі:

- Өмірге сынақпен келген балаларымыздың аяққа нық тұрып кетуіне осындай жағдайдың жасалғанына ризамыз. Олардың емделуіне ғана емес, қарым-қабілеттерін дамытуға жағдай жасалды. Көп ұзамай бүлдіршіндердің барлығы сауығып, аурудан құлан-таза айығады деген сенім мол. Ата-аналарға сабыр мен төзімділік тілеймін.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz