- Рүстем Серікбайұлы, білуімізше 2025 жылға дейін облыстағы үш қалада 200 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз...

- Иә, шынымен алдағы бес жыл аралығында Павлодар қаласында 100, Екібастұзда 50 және Ақсуда 50 көпқабатты үй тұрғызылмақ. Одан бөлек, шамамен 2 мың жеке тұрғын үй салынады. Қазіргі кезде Екібастұз және Ақсу қалаларында құрылыс басталып кетті. Нұр-Сұлтан қаласы мен өз өңіріміздің құрылыс компаниялары іске кірісті. Алғашқы үйлер келер жылдың наурыз айында ел игілігіне беріледі. Ал Павлодар қаласындағы көпқабатты үйлердің іргетасы 2020 жылы қаланбақ.

- Келесі жылы үш шаһарда барлығы неше үй салынады?

- Жоспар бойынша, жалпы сомасы 10,9 млрд. теңге болатын 19 жоба жүзеге асады. Бұл ретте 8,1 млрд. теңге республикалық, 2,8 млрд. теңге облыстық бюджеттен бөлінеді. Осы қаржыға Павлодардың Достық шағын ауданында 2, Екібастұздағы №22 шағын ауданда 10 және Ақсу қаласындағы №4 ауданда 7 көпқабатты үй пайда болады. Бұл дегеніңіз – 1100 пәтер!

- Бұл пәтерлер кімдерге беріледі?

- Бұған дейін Екібастұз, Ақсу қалаларындағы білім беру мекемелерінің басым бөлігінде бос орындар бар екені байқалды. Оған қоса, шаһардан көшетін адамдар саны келушілерден көп. Осының барлығын ескеріп, облыс әкімі Болат Бақауовтың бастамасымен «Nurly Ertis» бағдарламасы қолға алынды. Нұр-Сұлтан қаласы мен еңбек ресурсы көп оңтүстік өңірлерден қоныстанушыларды баспанамен қамту үшін Екібастұз қаласындағы төрт жаңа үйді бердік. Жоғарыда аталған 200 көп- қабатты баспана да «Nurly Ertis» бағдар-ламасы аясында облысымызға басқа аймақтардан көшіп келушілер үшін салынады. Осылайша, биыл аталмыш жоба аясында Екібастұзға барлығы 2 мыңнан астам адам келсе, келесі жылы облысқа шамамен 6 мың адам қоныс аударады деп үміттенеміз.

- «Nurly Ertis» бойынша қоныс-танушыларға тек көпқабатты үйлерден баспана беріле ме?

- Жоқ, жеке үйлер де қарас-тырылады. Екібастұзда 1 мың жер телімі құрылыс жүргізуге дайындалған. Мұнда қажетті инженерлік желілер тартылды. Қазіргі уақытта орталық- тандырылған жылу желісі жүргізілуде. Павлодар қаласына қарасты Ленин кентінде де 1 мыңнан астам жер теліміне инфрақұрылым тарту мәсе-лесі қарастырылуда. Ақсу қала-сында бұл бағыттағы жұмыстар аяқталды. Мұнда келесі жылы бірдей типтегі 60 үй салынады. Жалпы, жеке үйлердің құрылысы тек «Nurly Ertis» бойынша емес, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша да жүргізіледі. Соның нәтижесінде облыс аумағындағы тұрғын үй қоры айтарлықтай көбейеді.

- Сұхбатыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz