Сапаға мән беру қажет

Облыс тұрғындары білім беру ошақтарында кездесетін кемшіліктер жайында жиі шағым-данады. Ол қатарда мектептердегі асхана мәселесі мен балалардың жолдағы қауіпсіздігі бар.

Асхана жыры

Сенбі күні облыс әкімі Болат Бақауов қала тұрғындарынан түскен шағымдар бойынша Павлодар қаласындағы бірқатар мектептерге және балабақшаларға барып, жұмыстарымен танысып қайтты.

Бұл күні аймақ басшысының назарына іліккен алғашқы білім беру мекемесі қалалық №35 жалпы орта білім беру мекемесі болды. Ондағы асхана мәселесі өңірдегі қамқоршылық кеңес өкілдерімен кездесуде сөз болған еді.

«Біз барлық талаптарға сай жұмыс істейміз. Шағым айтқан ата-ананың осы мәселе аясында шу көтеріп жүргені бірінші рет емес», - деген мектеп асханасын жалға алушы жеке кәсіпкер Нүкен Көшімбаева өңір басшысының 1-4-сынып оқушыларын тегін тамақтандыру бастамасын қолдайтынын жеткізді.

- Әр оқу жылында асханада қолданылатын ыдыстар мен техникалық жабдықтар толығымен жаңартылады. Ас мәзірі де негізгі талаптарға сай құрылып, даярланады. Менің осы мектептің асханасын жалға алып жүргеніме 20 жыл болды. Соңғы бірнеше жылдан бері ата-аналардың ішінен тек бір ғана адамның наразылық танытқаны болмаса, өзгелері мұндағы тағамдарға, қызмет сапасына риза екендерін айтады, - дейді Н.Көшімбаева.

Осы білім ордасында 2 баласы білім алатын Бибінұр Байдалинова асханадағы тағам сапасына балаларының ешқашан шағымданбағанын, ата-аналар комитеті бұл мәселені жіті бақылайтынын жеткізді. Аймақ басшысы дау тудырып отырған асхана «жырына» нүкте қоюды тапсырды.

- Күні кеше маған осы мектептің бір ата-анасы асхана туралы шағым айтса, енді бірі мұнда бәрі жақсы, біз ризамыз дейді. Жақын арада мектептегі қамқоршылық кеңес өкілдерін жинап, осы мәселені шешіңіздер. Мен үшін балалар мен олардың қамқоршыларының дән риза болғаны ғана керек. Мектептің жақсы жұмыс жасап жатқаны байқалады. Тіпті, «Экология жылының» оң нәтижесін де байқап тұрмын, - деді аймақ басшысы.

Бұдан кейін Болат Жұмабекұлы облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлына мектеп асханасын тек бір жылға ғана жалға бермей, арендалық шартта 3-5 жылға дейін созуды ұсынды.

Бұл, біріншіден, жалға алушы мен мектеп басшыларының жұмысын жеңілдетсе, екіншіден, жеке кәсіпкерлердің алаңсыз әрі сапалы жұмыс істеуіне жол ашатынын айтты.

Бассейнді қалпына келтіреді

Жұмыс тобы облыс орталығындағы №39 гимназиялық сыныптары бар инновациялық үлгідегі мектептің де жай-күйімен танысты. Аталмыш мектепте 5 жылдан бері жұмысын тоқтатқан бассейнді көрген аймақ басшысы облыстық білім беру басқармасының, қалалық білім беру бөлімі басшылары мен мектеп директорының жұмысына наразылығын білдірді.

- Осыдан бірнеше жыл бұрын Белоруссияға жұмыс сапарымен барғанымда ондағы мектеп бағдарламасына жүзу сабақтары енгізілгенін көрдім. Бізде бұл үшін инфрақұрылым бар. Сондықтан оны қалпына келтірейік. Жобаны дайындау керек және бұл бассейнді тез арада жөндеуден өткізу қажет. Біз осындай бассейндерді іздеп жүрсек, мұнда сіздер дайын тұрған бассейнді тығып отырсыздар. Неге осы мәселені көтеріп, айтпадыңыздар, - деді Болат Жұмабекұлы.

Сонымен қатар, өңір басшысы мұнда оқитын бала санының шамадан тыс көптігін сынға алды. 25 метрлік бассейн орналасқан ғимараттың ішіне тез арада жөндеу жұмысын жүргізуді және бала санын бақылауда ұстауды, мектеп асханасының жағдайына назар аударуды тапсырды.

Бала қауіпсіздігі - басты назарда

Павлодар қалалық №19 мектепке аймақ басшысымен кездесуге бір топ ата-ана арнайы келген. Мектеп басшылығы мен ата-аналарды алаңдатып отырған басты мәселе - балалардың қауіпсіздігі. Мұнда келіп-кететін көліктер тым көп. Даярлық тобына келетін бүлдіршіннен бастап, жоғары сыныптың оқушыларына дейін үлкендердің жетегінде жүруге мәжбүр.

- Менің немерем осы мектепте оқиды. Бізге мектептің білім беру сапасы, қызметі ұнайды. Жалғыз ғана мәселе - мектеп айналасындағы жолдарда жаяу жүргіншілерге арналған жолақтың жоқтығы. Сізден осы мәселені шешіп беруді сұраймыз, - дейді Орынкүл Нұржакитова.

Облыс әкімі жауапты органдар балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауы тиіс екенін жеткізді. Қала әкіміне және облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысына бұл мәселені жедел шешуді тапсырды. Шаһар әкімі Қайрат Нүкеновтің айтуынша, егер ауа райы мүмкіндік берсе, 1 қарашаға дейін №19 мектептің айналасындағы балалар өтетін жолдардың барлығына жаяу жүргіншілерге арналған жолақ пен бағдаршам орнатылады.

Ақша бөлінеді

Облыс басшысы Павлодар қала- сындағы бірқатар сәбилер балабақ-шасындағы мәселелермен де танысты. №23 сәбилер бақшасы ғимаратының қабырғалары қопарылып, терезелерден суық жел кеулеп тұр. Ғимараттың суықтығына байланысты мекемеде жұмыс істеп тұрған бассейн де уақытша жұмысын тоқтатқан. Нысанды жөндеуге 25 млн. теңге қажет. Өңір басшысы балабақшаны қалпына келтіруге қажет сома қарастырылатынын айта келе, ғимараттың ауласына жедел түрде бақылау камерасын орнатуды тапсырды. Күрделі жөндеуді қажет ететін ғимараттың бірі - №16 сәбилер бақшасы. Оны жөндеуге 46 млн. теңге керек. Оған да қажетті қаржы бөлінетін болды.

Сонымен қатар, жағдайы сын көтермейтін қалалық №11 орта мектептің терезелерін жөндеуге де қажетті сома бөлінбек.


Түйін: Осылайша, қаладағы бірқатар білім беру нысаны мен мектепке дейінгі мекемелерді аралап, жай-күйімен танысқан өңір басшысы бұл салада әлі де күрмеуі шешілмеген мәселелер барын айтты. Жауапты мамандарға өз саласы бойынша қырағылық танытып, маңызды істерді жеделдетіп шешу жолдарын іздеуді жүктеді.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz