Алик ШПЕКБАЕВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы (алқа мәжілісіндегі сөзінен):

- Соңғы үш жыл аралығында кешенді әрі жүйелі шаралардың нәтижесінде жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар саны 14 пайызға азайды. Биыл жыл басынан бері 2121 қылмыстық әрекет әшкере болды. Оның 1590-ы – сыбайлас жемқорлық. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 23,2 млрд. теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есеге көп. Жоғарғы Сотпен бірлесіп, сот қызметкерлерінің теріс әрекеттері де анықталуда. Мәселен, жыл басынан бері бесеуі сотталды. Осыны ескеріп, біздің агенттік құқық қорғау органдары мен соттардың сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысты жауап-кершілігін қатаңдату туралы бастаманы көтерді. Сонымен қатар, ауыр және аса ауыр жемқорлық қылмысқа барғандарға қатысты шартты түрде мерзімінен босатуды шектеу ұсынылды. Мұндай шаралар елімізде парақорлық, алаяқтық, лауазымын асыра пайдалану, мемлекеттің қаржысын жымқыру сынды құқық бұзушылықтардың азаюына әсер етуі тиіс.

Қайрат ӘБІШЕВ, облыстық мәслихат депутаты:

- Темір тордың ар жағындағы қазақстандықтардың күнделікті тамағы, киімі, басқа да қажеттіліктері үшін мемлекеттік қазынадан қомақты қаржы бөлінеді. Олардың қатарында өзінің қызметін асыра пайдаланып, өзгелерден ақша алғандар, жемқорлық әрекет жасап, бюджеттік қаржыны жымқырғандар да бар. Сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандардың қазынаға келтірген шығыны аздай, олардың түрмедегі жағдайын жақсарту үшін тағы да шығын шығарамыз. Содан болса керек, «жемқорлар қоғамға анау айтқандай қауіп төндірмейді, олардың ұзақ уақыт түрмеде мемлекет есебінен өмір сүргенінен гөрі бостандыққа шығарған дұрыс шығар» деген бірді-екілі пікірлерді естіп қаламын. Бірақ мен оған қарсымын. Қазынамызды ортайтып, бәзбіреулердің қателіктеріне көз жұма қарағаны үшін ақша алатын жемқорлар сот белгілеген мерзімді толық өтеуі тиіс. Әйтпегенде «айыппұлды төлей саламын», «мерзімінен бұрын шыға саламын» деген ойдың жетегімен әрі қарай арам пиғылдарын жалғастыра береді. Шартты түрде мерзімінен босату – жазалау емес, керісінше қылмысқа итермелейтін әрекет. Ертеңгі күні жазаны толық өтеместен бостандыққа шығатынын білетін кей шенеуніктер заңнан қорықпай, оны белшесінен баспасына кім кепіл? Сондықтан, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық әрекетке барғандар «уақытынан бұрын темір тордан шығамын» деген ойды ұмытуы тиіс деген пікірдемін.

Светлана КОВЛЯГИНА, адвокат:

- Жемқорлық, алаяқтық әрекеттер мен мемлекеттің ақшасын қалтасына басқаны үшін сотталғандардың көпшілігі денсаулығының нашарлығын, кәмелеттік жасқа толмаған балаларының барын, егде тартқан ата-анасының халі ауыр екенін алға тартып, мерзімінен бұрын босатуды сұрайды. Енді бірі түрмедегі жақсы тәртібі мен қоғамдық шараларға белсене араласқаны үшін бостандыққа ертерек шығуды қалайды. Бұл жағдайлардың барлығы Қазақстан Республикасының қылмыстық-процессуалдық кодексінде бар. Сот шешім шығарар тұста айыпталушының жазасын жеңілдететін жағдайларды қарастырады. Меніңше, жемқорлық жасаған адамға қатысты қылмыстық жауапкершілік оның пара ретінде алған сомасына тікелей қатысты болуы тиіс. Неғұрлым көп алса, соғұрлым ұзақ мерзімді жаза белгіленуі керек. Егер әр сотталушының денсаулығы, отбасылық жағдайы, басқа да өтініштеріне сүйене отырып, кешіріммен қарап, мерзімінен бұрын босата берсек, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың тамырына балта шабылмайды. Қылмыстық ісіне сот белгілеген мерзімнің соңына дейін жауап беруге міндетті деп ойлаймын.

 

«Алаңды» үйлестірген – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz