Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов те Президенттің ескертуін мойындап отыр. Ол жаңа алфавиттегі кейбір әріптің таңбалануына қайта тоқталу керек деген пікірде. Яғни, Ш мен Ч әріптерінің латынша таңбалану нұсқалары қолайсыздау. Сол секілді И мен І әріптері бір-бірінен ажыратылмайды. Сондықтан, І таңбасының төбесіне ноқат қою арқылы И-ден өзгешелеу керек деген секілді ұсыныстар қазір талқылану үстінде. Осы жылдың соңына дейін көпшіліктің ортасына салынады.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Сейітбекованың сөзінше, тіл білімі ғалымдары мен ІТ мамандары латын әліпбиіне негізделген қазақ алфавитін оқуда қиындық тудырмас үшін үш түрлі өзгеріс енгізуді ұсынған. Себебі бұған дейін «заңды» деп жүрген нұсқаға қатысты сын-пікірлер көп айтыла бастады.

Оның біріншісі – диграфты әріптер. Мысалы, соңғы нұсқада Ш және Ч әріптерінің латынша нұсқасы (sh, ch) екі таңбамен жазылатын болып бекітілген еді. Оқырман алғашында жылы қабылдағанымен, кейін мұның да қисынға келіңкіремейтіні айтыла бастады. Жазылуы бойынша көпшіліктің көкейіне қонбай тұрғын әріптердің бірі – осылар. Неге десеңіз sh әрпі қосарланып бір жерге келетін сөздер бар. Мысалы, Ashshy, tushshy деген секілді. Қарап отырсаңыз, жазуға да қолайсыз, көзге де оғаш көрінеді. Ғалымдардың көбі бұл дыбыстарды тіл ғылымындағы «седиль» тәсілімен яғни, сырға салу арқылы бір таңбамен жазуды ұсынып жатыр. Екінші мысалы «Ashаt» сөзіне байланысты. Мұны «Асхат» деп оқуға да, «Ашат» деп оқуға да болады. Сонда Sh таңбасы бір Ш әрпінің ғана емес, С мен Х-ның да рөлін ойнап тұр. Екіншісі – кириллицадағы Уу дыбысы. Жаңа әліпби бойынша деп жазылуда. Мамандар мұны ешқандай үтір, ноқатсыз Uu деп белгілеу туралы ұсынуда. Cебебі, бұл халықаралық стандарт. Латын әліпбиін қолданатын туысқан халықтардың көбі осылай қолданады. Үшінші ұсыныс Ии мен Іі әріптеріне тиесілі. Бұл таңбалардың бас әріптері латынша (І және І) бірдей таңбамен берілген. Мысалы, ине сөзін бас әріппен жазатын болсақ, Ine болады. Бұл сөзді ине деп те, іне деп те оқуға болады. Сол сияқты MINISTRLIK сөзін бірыңғай бас әріптермен жазатын болсақ, міністрлік немесе министрлик болып кетеді екен. Осындай екіұшты оқылмас үшін бірінің үстіне ноқат қоюды ұсынып отыр. Сонымен қатар оқу кезінде қиындық тудырған каллиграфия мәселесі де өз шешімін күтіп тұр. Яғни, таңбалардың жазбаша жазылуы әлі күнге дейін анықталмай келеді. Бұнымен қазіргі таңда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясы айналысып жатыр.

- Әліпбиде диграфты екі әріп бар: ch және sh. Осындағы sh әрпі бір дыбысқа салынған екі таңба. Бұл әріпке қатысты насихаттау шаралары кезінде көп пікір айтылады, қарсылықтар туындайды. Біз болғанда мәтіннің контексіне қарай ажыратып оқитын боларсыздар деп үйреттік. Сондықтан, осы әріпке түркінің әліпбиіндегі таңбасын қолдану жөнінде көп ұсыныс түсті. Қисынға келетін жоба сияқты. Жалпы жаңа әліпбиде әріптердің тік жақшада дыбысталуы дұрыс берілмеген. Сондықтан келесі түзетілетін жаңа әліпбиде әріптердің дыбысталуы да ескерілуі тиіс, - дейді Айнұр Аташбекқызы.

Бұған дейін көптеген тіл мамандары әліпбидің осы нұсқасы бойынша арнайы курстан өтіп, сертификат алғаны есімізде. Енді, мына өзгерістен кейін олар қайта оқу керек пе деген сауал туындайды.

- Жаңа әліпби мен емле ережелеріндегі өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпараттар Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығының «Тіл Әлемі» сайтына шығады. Емле ережелерін толық меңгерген мамандар үшін соңғы өзгерістерді түсініп, қабылдау қиындық етпейді. Қайта курстан өтудің қажеті жоқ, - дейді Айнұр Сейітбекова.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz