Аталмыш шараға 400-ден астам түрлі пән мұғалімдері, әдіскерлер, білім бөлімдерінің мамандары, облыстық әдістемелік кабинеттердің басшылары және жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Семинар барысында жаңартылған бағдарлама бойынша 11-сыныптарға арналған оқулықтар таныстырылып, олардың мазмұны мен сапасы жан-жақты талқыланды. Екі күнге созылған шараның қатысушылары оқулықтарды мұқият қарап, кемшін тұстарын жіпке тізіп, өз ұсыныстарын жеткізді.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің математика және физика кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Жамал Хырхынбай мектеп оқулықтары мазмұнының сапалы болуы үшін алдымен ғылыми тілді жетілдіруге көңіл бөлу керектігін айтады.

- Шыны керек, математика-жаратылыстану бағытындағы пәндердің тілі күрделі болғандықтан, мұғалім мен оқушы үшін түрлі қиындықтар кездесуде. Мәселен, мен кейбір математикалық терминдерді үш рет оқығаннан кейін ғана әзер түсінемін. Өйткені, кітаптың тілі ауыр. Ал мұны оқушылар қалай түсінеді екен? Алаңдатарлық жағдай... Сондықтан кітап жазуда тіл тазалығына көбірек көңіл бөлу керек. Тағы бір мәселе, соңғы кезде математика, геометрия пәндерінде «Бәйтерек» монументі, Пирамида («Бейбітшілік және келісім» сарайы), киіз үй, шаңырақ сынды құндылықтардың суретін салып, соның көлемін, ауданын табу туралы тапсырмалар сән болып кеткендей. Осы арқылы авторлар Қазақстанның элементтерін, керемет орындарды көрсеткісі келетін шығар. Бірақ математика ғылымына нақтылық керек. Сонда ғана отандық ғылым дамитын болады. Сондай-ақ, біз бұрын геометриялық фигураларды тақтаға салып қоятынбыз, ал қазір 2D, 3D, тіпті, 7D үлгісіндегі заманауи дүниелер қолданысқа енгізілуде. Технология күн сайын дамып жатыр. Демек, оқулықты да басқаша бағытта жазып, қабылдауымыз қажет. Бірақ ол кітаптар алдымен міндетті түрде сарапшылардың, көпшіліктің талқысынан өтуі керек, - дейді профессор. Ал облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған көпсалалы лицей-интернатының физика пәні мұғалімі Алмагүл Исаділова өзі сабақ беретін пәндегі практикалық тапсырмалардың тым күрделі екенін, сол үшін деңгейлетіп беру керектігін айтады.

- Жаңартылған бағдарлама бойынша жарыққа шығатын оқулықтың сапасы да соған сай болуы тиіс. Өкінішке қарай, біз қарап жатқан оқулықтардың арасында бұрынғыларының көшірмелері бар екен. Бұл дұрыс емес. Әрине, ұзақ жылдар бойы оқып келе жатқан Ньютон заңдарын өзгерте алмаймыз, бірақ оны балаларға түсіндірудегі әдіс-тәсілдерін жаңаша мазмұнға лайықтауымыз қажет. Сондай-ақ, кейбір практикалық тапсырмалар өте күрделі екенін байқадым. Бұл ретте, мектептердің материалдық жағдайын да ескеру керек. Жасыратыны жоқ, кейбір мектептердің физикалық зертханасы жұтаң. Ал физика сабағында тәжірибе жасауға басымдық берілетіндіктен, осы жағын да ескеру керек. Сонымен қатар, тақырыптардан алшақтау тапсырмалар мен есептерді кездестірдік. Міне, осындай кемшін тұстарды жетілдіру үшін өз ұсынысымызды жазбаша түрде бердік, - дейді Алмагүл Исаділова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай семинар республиканың барлық өңірінде өткізілуде. Мектеп оқулығын шығарушы «Алматы кітап», «Мектеп», «Атамұра» ЖШС-тері мен басқа да баспалардың 11-сыныпқа арналған оқулықтары көпшіліктің талқысынан өтуде. Ал білім беру саласының білікті мамандарының қолдауына ие болып, әбден сүзгіден өткен баспаның оқулығы келесі оқу жылында қолданысқа енгізілетін болады.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz