Akorda.kz сайты таратқан мәлімет бойынша, 7 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Омбы қаласында өтетін «Шекара маңы ынтымақтастығын дамытудың өзекті мәселелері» атты Қазақстан мен Ресей арасындағы XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысады. Форум аясында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездеседі және бірқатар құжатқа қол қойылады, сондай-ақ, жоғары технологияға арналған көрмені аралап көреді деп жоспарлануда.

Айта кетелік, Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу шарасы аса жоғары маңызға ие. Бұл бастама әуелде шекаралас аймақтар ынтымақтастығын дамыту мүддесін көздеген шара болатын. Және алғаш рет 1993 жылы Ресейдің Омбы облысында ұйымдастырылған еді. Ресейдің 12 субъектісі (аймағы) Қазақстанның 7 облысымен шектесетінін ескерсек, бастаманың қаншалықты маңызды екенін бағамдауға болады. Содан бері форум көршілес елдерде кезек-кезек өткізіліп келеді, әрі оның ауқымы да кеңейді. Әу баста тек шекаралас өңірлерді дамытуды көздеген шара, кейін келе өңіраралық форумға айналды, яғни онда шекаралас өңірлерге жатпайтын Мәскеу облысының, Татарстан Республикасының басқа да аймақтардың өкілдері қатысып, мәселелері талқыға түседі. Айта кетелік, IХ Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы Павлодар қаласында 2012 жылдың 19 қыркүйегінде өткізілген болатын. Биыл 26 жылдан кейін форум қайтадан Омбы облысында ұйымдастырылуда.

Ресейлік сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстан – Омбы өңірінің негізгі әріптесі. Оған екі арадағы сауда-саттық айналымының көлемі 2019 жылы 22 пайызға өскені дәлел.

- Қазақстан Омбы облысы үшін ерекше маңызға ие. Ол – негізгі серіктес. Сыртқы сауда айналымының 25 пайызы Қазақстанмен арадағы байланысқа тәуелді. Былтыр 140 млрд. теңгенің айналымы болса, биылғы 8 айдағы көрсеткіш 22 пайызға артып отыр. Экспорт 23 пайызға, импорт 19 пайызға өсті, - дейді Омбы облысының губернаторы Александр Бурков. Бүгінде Омбы облысында қазақстандық инвестицияның қатысуымен 192 кәсіпорын жұмыс істеуде.

Айта кетелік, бұған дейін Павлодар және Омбы облыстарының басшылары екі өңірдің арасындағы жолаушылар айналымы мәселесін талқылаған болатын. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Омбы қаласындағы жұмыс сапары кезінде аймақ губернаторы Александр Бурковпен кездесіп, тараптар екі жақты әріптестік мәселелерін талқылап, күрделі сұрақтарды 6-7 қараша күндері Омбыда өтетін Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының күн тәртібіне шығаруды қарастырған.

– Біз бірнеше жыл бойы Ертіс өзенінің арнасын тереңдету мәселесін көтеріп келеміз. Егер өткен жылы біз өзен жолы арқылы 120 мың тонна жүк жөнелтсек, биыл бұл көрсеткіш 200 мың тоннаны құрады. Жүк тасымалы Ертіс өз арнасына толған кезде ғана жүргізіледі. Екі жыл бұрын біз Тюмень облысымен өзен жолы арқылы қиыршық тас жеткізу туралы меморандумға қол қойып, әріптестерге тиісті кен орнын да берген едік. Алайда, Ертіс өзенінің арнасын тереңдету жұмыстарының кешеуілдеуіне байланысты қиындықтар туындап тұр, - деген болатын сол кездесуде Павлодар облысының әкімі.

Өз кезегінде Омбы облысының губернаторы Александр Бурков өзінің павлодарлық әріптесімен келісетінін айтып, өз тараптарынан барлық сала бойынша әріптестікке дайын екендіктерін жеткізді. Ендігі жерде осы форумда омбылық әріптестер бірлескен шекарааралық жобаларды қолдау бойынша бағдарлама таныс-тырылатын болады деп мәлімдеді. Жалпыұлттық даму стратегиясына сәйкес бірнеше ұсыныстар таңдалған. Соның бірі – Ертіс өзенінің түбін тереңдету, кемелер қатынасын дамытуға қолайлы жағдай жасау. Бүгінде Сібір тұтынушылары қазақстандық қиыршық тас, құм, техникалық тұз, көмір, тағы басқа тауарларға мұқтаж. Өкінішке қарай, үлкен кемелер Ертіс өзені арқылы қатынай алмауда.

ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, жалпы Қазақстан мен Омбы облысының іскерлік қатынасын бірнеше бағытта қарастыруға болады. Олар – ауыл шаруашылығы, мұнай-химия, қаржы және білім беру. «Қазақстан – аграрлы ел. Омбы – Ресей Федерациясының маңызды ойыншысы. Бізде бар технология бірін-бірі толықтырады. Сондай-ақ, мұнай-химия саласында әріптестік жалғастыруға негіз бар. Мен ресейлік компанияларды «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндігін пайдалануға шақырамын. Маңызды бағыттың бірі – білім саласы. Біз мұнда жақсы ғылыми-техникалық база көріп отырмыз. Қазақстанда білікті кадрларға сұраныс бар. Бұл инвестициялық тартымдылықта көрініс табады», деді вице-министр.

6 қараша күні Омбыда басталған форумның бірінші күнінде екі ел байланысына арналған пікірталас алаңдары жұмыс істеп, Ресей-Қазақстан іскерлік кеңесінің отырысы, Қазақстан мен Ресейдің көшбасшы жастарының форумы өтті. Пленарлық отырысы 7 қараша күні өтеді және оған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен РФ Президенті Владимир Путин қатысады деп күтілуде.

XVI өңіраралық форумының қатысушылары өнеркәсіп және технологиялар саласында кооперация мүмкіндіктерін талқылайды, панельдік сессияның тағы бір тақырыбы мемлекеттік секторда блокчейн технологияларын қолданудың келешегі туралы болмақ.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz