Жақында Әзербайжан астанасы Бакуде өткен әлем чемпионатында жерлестеріміз Малика Жақыпова күміспен күптелсе, Жанат Тайбупенов қолаға қол жеткізді. Спортшылардың жаттықтырушысы Заирбек Әбілқадыровтың айтуынша, дүбірлі додаға 30-дан астам мемлекеттің кіл мықтылары қатысқан. Малика ақтық сында Ресейдің тәжірибелі споршысына жол беріпті. Жанат халықаралық жарысқа алғаш рет қатысып, жүлдеге ілігіп отыр. Жалпы, әлем біріншілігіне 10 павлодарлық жолдама алған. Алайда қаражаттың аздығынан 5 спортшыға ғана мүмкіндік беріліпті.

- Бакудегі жарыс биылғы жылдың басты додасы саналғандықтан, спортшылар дайындықты ерте бастады. Тіпті, Ресейден спортшыларды арнайы шақыртып, тәжірибе алмасу жарыстарын ұйымдастырдық. Малика биыл сәуір айында БАӘ-де өткен жарыста да күмісті еншілеген еді. 17 жасар спортшының болашағынан зор үміт күтіп отырмыз. Жалпы, өңірімізде бұл спортқа деген қызығушылық артуда. Облыс орталығында грэпплингпен шұғылдануға арналған 3 орталық бар. Бір ғана орталықта 500-ден аса спортшы шыңдалуда. Олимпиадалық спорт түріне енбесе де, жарыстарды тамашалайтын көрермендердің қатары қалың, - дейді облыстық грэпплинг федерациясының президенті, жаттықтырушы Заирбек Әбілқадыров.

65+ салмақта күрескен Малика финалға жолдама алу оңайға түспегенін айтады. Ақтық сынға дейін өткізілген іріктеу кезеңдерінде де мықты қарсыластар жолығыпты. Грэпплингпен айналысқанына 2 жыл ғана болған Малика әр бәсекеде шеберлігін дәлелдеп, мамандардың ыстық ықыласына бөленген.

Жақын күндері Павлодар қаласында грэпплингтен ашық турнир өткізілмек. Ұйымдастырушылар жүлде қоры қомақты екенін, бұл ретте, қатысушылар көп қатысатынын айтып отыр.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz