Айтулы шараға облыс әкімі Болат Бақауов, батырдың ұрпақтары және студенттер мен қала тұрғындары қатысты. Жиын барысында аймақ басшысы елі үшін кеудесін оққа тосқан даңқты батырдың ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.

- Қанаш Қамзин - Отанға деген сүйіспеншіліктің, патриотизм мен ерліктің символы. Біз батыр жерлестеріміздің ерлігін мақтан тұта отырып, оны бүгінгі жас буынның бойына сіңіре білуіміз керек. Кез келген уақытта елі мен жерін қорғай алатын батыр да батыл ұрпақтарымыз көп болсын, - деді Болат Жұмабекұлы.

Батырына құрмет көрсетіп, есімін ұлықтап жатқан жерлестеріне Қанаш Қамзиннің туыстары дән риза. Кеңес Одағы Батырының жиені Әлия Ахметова осы шараға Екібастұз шаһарынан арнайы келген.

- Менің анам Гүлбарам - Қанаш атамның туған әпкесі. Яғни қазақ елінің батыры менің нағашым болады. Олардың отбасында сегіз бала дүниеге келген. Ата-анасы балаларының әрқайсысына жақсы тәрбие беріп қана қоймай, елі мен жерін сүюді үйретті. Міне, осы тәрбие менің нағашымның тағдырында маңызды рөл атқарса керек. Ол жеңіс үшін, өзгелердің өмір сүруі үшін өз өмірін асқан ерлікпен пида ете білді. Атамызға көрсетіліп жатқан құрметті көріп, еріксіз толқып тұрмын, - дейді батырдың ұрпағы.

Жиын барысында жиналғандар Қанаш Қамзиннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, оны бір минут үнсіздікпен еске алды. Айта кетелік, Қанаш Қамзин 1919 жылы Жолқұдық ауылында дүниеге келген. 1941 жылы маусым айында әскерге шақырылып, Сталинград жаяу әскер училищесінің жеделдетілген курсын бітірді. 429-атқыштар полкінің рота командирі болды. Молдавияны босату кезінде ерекше ерлігімен көзге түседі. 1944 жылы 14 сәуірде болған ауыр шайқаста қаза тауып, Молдавияда жерленді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 13 қыркүйектегі Жарлығымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген - Валерий Бугаев.

saryarka-samaly.kz