Өңірлік коммуникациялар қызме-тінде өткен брифингте қысқы кезеңде жергілікті автожолдарды күтіп-ұстау мәселесі сөз болды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қизат Жақыповтың мәліметінше, облыстық маңызы бар жолдар - 9 мердігердің бақылауында. Олардың иелігінде 160 техника бар. 461 тонна жанар-жағармай, көктайғаққа қарсы 1520 тонна материал (құм, тұз) әзірленіпті.

- Аудандық маңызы бар жол- дарды күтіп-ұстауға 14 мердігер тартылды. Әзірге Баянауыл ауданында ғана мердігермен келісімшарт жасалмады. Тізімде 214 техника, 56,2 тонна жанар-жағармай тұр. Жалпы, 2019-2020 жылдары жергілікті автожолдардың қар құрсауында қалмауы үшін 800 миллион теңге қаражат бөлінді, - дейді Қ.Жақыпов.

Жолда қалған жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 168 жылыту бекеті қарастырылыпты. Оның 35-і облыстық, қалғаны аудандық маңызы бар жолдардың бойында орналасқан.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ернар Бөлегеновтің мәліметіне сүйенсек, аталмыш ведомствода 41 жол талғамайтын техника бар. Оқыс оқиға орын алған жағдайда ниеттестік келісімшарт негізінде 144 автобус және 87 шағын автобус қызмет көрсетуге әзір. Азық-түлік және жанар-жағармай қорын жергілікті әкімдік қамтамасыз етеді.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz