28 қазан мен 4 қараша аралы-ғында партияның кадрлық резервіне өтуге ниетті нұротандықтардан өтініш қабылданды. Кейін кандидаттар түрлі ұйым, кәсіпорын өкілдерімен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Ашық пікірталас алаңында бағдарламаларының басым тұстарын баяндады. Ал сенбі, жексенбі күндері 104 бастауыш партия ұйымының құрамындағы 18 440 сайлаушы 16 сайлау учаскесінде дауыс берді. Облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Болат Бақауов та өз таңдауын жасады.

- Мен кандидаттардың бар- лығын, олардың атқарып жатқан жұмыстарын жақсы білемін. Сол себепті таңдау жасау қиынға түсті. Сайлаушылардың басым даусына ие болғандар алдағы уақытта облыстың әлеуметтік-экономи-калық дамуына үлес қосады деп сенемін, - деді Б.Бақауов.

Партияның Павлодар қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айнагүл Мәлікованың айтуынша, іріктеуден өткендердің қалалық мәслихаттың депутаты атану мүмкіндігі бар.

- Кадрлық резервке үміттілердің қатарында білім, денсаулық саласының өкілдері, өндірістік орын қызметкерлері мен кәсіпкерлер бар. Барлығы 78 адам тіркелген болатын, бірақ бір кандидат іссапарда болғандықтан, кандидатурасын алып тастады. Сөйтіп, бюллетеньдерде 77 адамның есімі жазылды.

Сайлаушылар тарапынан көп дауыс жинаған азаматтар резервке тіркеліп, Павлодар қалалық мәслихатының сайлауы кезінде депутаттыққа кандидат ретінде ұсыныла алады, - дейді А.Мәлікова.

Айта кетелік, «Nur Otan» партиясы филиалының кадрлық резервіне сайлау пилоттық жоба ретінде жүзеге асып отыр. Павлодар қаласы – аталмыш сайлау ұйымдастырылған еліміздегі жалғыз облыс орталығы.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz