Қазақстандықтар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру қорына қаржы жинап, кепілдендірілген тегін медициналық көмек алу құқығына ие болмақ. Яғни, емделушілер бұрын-соңды қолжетімсіз болған бірнеше медициналық қызмет түрін пайдалана алады.

- Бүгінде тұрғындар медициналық шығынның 40 пайызын өз қалтасынан төлейді. Стандартқа сай, көрсеткіш 20 пайыздан аспауы тиіс. Жаңа жүйенің іске қосылуы аталған проблеманы шешеді деп күтілуде. Қала берді, емделушілер қосымша консультативті-диагностикалық аппараттармен тексеріліп, қажетті дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алады. Науқастың күрделі отадан кейінгі емделуі, оңалту орталықтарында қосымша ем қабылдауы да қарастырылған. Сөйтіп, тегін медициналық қызмет көрсетуге бөлінетін қаражат көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 50-60 пайызға өседі. Павлодар облысына шамамен 40 милллиард теңгеден астам қаржы бағытталады. Бұл, әрине, жарнаның төленуіне байланысты, - дейді министр.

Жаңа жүйе дәрігерлер жалақысының артуына септігін тигізбек. Әйтпесе, айлықтың аздығынан көптеген тәжірибелі мамандар басқа салаға ауысып, тіпті шетел асып кеткендері де бар екен. Кадр мәселесі барлық өңірлерде өткір тұр. Министрдің айтуынша, кадр тапшылығына тағы бір себеп бар.

- Қоғамда «науқас жан тапсырса - дәрігер кінәлі» деген теріс пікір қалыптасқан. Дәрігерді сотқа сүйреп, у-шу шығаратындар көп. Сөйтіп, адам жанына араша түскен ақ халаттылар жұмысын ауыстыруға мәжбүр. Жақында Нұр-Сұлтан қаласында бір балаға шұғыл ота жасау керек болды. Ота жасайтын дәрігер еңбек демалысында екен. Орнын алмастыратын ешкім жоқ. Кадр тапшылығының өткір тұрғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Бір өңірде бас дәрігердің 7 орынбасары бар екені анықталған еді. Бір орынбасар жеткілікті. Дұрысы, тәжірибелі дәрігерді қатарға қосу керек, - дейді Е.Біртанов.

Жақында ел тұрғындарына арналған тегін дәрі-дәрмектің Ресей мен Украинаның дәріханаларында сатылып жатқаны қоғамды дүр сілкіндірген еді. Министр қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға арналған дәрілердің қалай шекара асқанын құқық қорғау органдары анықтап жатқанын жеткізді. Кінәлілерді табу қиынға соқпауы тиіс.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz