Заманауи орталық

Асқар Ұзақбайұлы құрылысы аяқталуға таяу онкологиялық диспансерге барды. Аталмыш емдеу мекемесі Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға берілмек. Облыс тұрғындары біраз уақыт бұрын 1961 жылы салынған онкологиялық диспансердің ескі екенін айтып, жаңа ғимарат салуды сұраған еді. Жергілікті әкімдік те аймақ жұртшылығының заманауи медициналық мекемеде сапалы ем-дом алғанын қалады. Сөйтіп, билік пен бұқараның тілегі орындалып, Үкіметтің қолдауымен 2017 жылы екінші Павлодар шағын ауданында жаңа диспансердің құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны – 7,2 млрд. теңге. Жергілікті мердігер компания – «ГСУ Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екі жыл аралығында орталықтың 10 корпусын салды.

- Жаңа онкологиялық орталық эндоскопиялық, диагностикалық, заманауи емдеу құралдарымен қамтылған. Олардың қатарында құны 1,8 млрд. теңге болатын желілік үдеткіш қондырғысы айрықша атап өтуге тұрарлық. Себебі дертке шалдыққан науқастарды емдеуде сәулелі терапияның көмегі зор. Жалпы, заманауи диспансерде диагностикалық зерттеулердің сапасы да, емдеу нәтижесі де арта түспек, - деді жаңа емдеу мекемесін таныстырған облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің міндетін атқарушы Тельман Әлғожин.

Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Павлодардағы онкологиялық диспансер тек жаңа ғимарат емес, жаңа технологиялардың шоғыры екенін атап өтті.

- Емдеу мекемесінде заманауи қондырғылар да, технологиялар да қолданылмақ. Мәселен, томограф ісіктің нақты көлемін анықтайды, ал желілік үдеткіш сол ісіктің нақ өзін ғана сәулелендіреді. Соның нәтижесінде ісіктің айналасындағы сау жасушаларға зиян келмейді. Бұған дейін аталмыш емдеу түрі 1,5 айға дейін созылса, енді небары бірнеше күннің аралығында оң нәтижесін байқауға болады. Елімізде дәл осындай төрт құрылғы ғана бар. Бұл ретте қазақстандықтардың сапалы ем-дом алуы үшін барлығын, тіпті пәтерін сатып, шетел асудың қажеттілігі болмайтыны қуантады. Заманауи медициналық қызметті Павлодардағы онкологиялық диспансерде де алуға болады, - деді министр.

Өкінішке қарай, Павлодар облысында қатерлі ісікке шалдыққандар қатары аз емес. Дертті ерте кезден анықтап, дер кезінде тиісті көмек көрсету үшін аймақ басшысы Болат Бақауовтың ұсынысымен келесі жылдан бастап кәсіпорындарда жұмыс істейтін, жасы 35-тен асқан азаматтарды скринингтен өткізу мәселесі қарастырылуда. Премьер-Министр Асқар Мамин бұл бастаманың орынды екенін алға тартып, жаңа онкологиялық диспансердің тұрғындардың денсаулығын жақсартуда пайдасы мол боларына сенім білдірді.

Қызығушылық жоғары

Жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы Асқар Мамин Инвесторлар үйіне де арнайы барды. Мұнда «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүзеге асып жатқан ірі жобалармен танысты. Бұл жобаларды жүзеге асыруға ниетті шетелдік инвесторлармен пікірлесті.

«Павлодар» ӘКК төрағасы Александр Бабенко инвесторлар үйінің кәсіпкерлер мен инвесторларға көрсететін қызметі жайында баяндады. Одан кейін ірі жобалардың жай-жапсарына тоқталды. Алдымен қант зауыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етті. Айтуынша, бүгінде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Жадбықтар жеткізетін компаниялармен де келіссөздер жүргізілуде. А.Бабенко өңірімізде қант қызылшасын өсіруге барлық жағдайдың барын атап өтті. Жобаның құны шамамен 140 млн. еуроға бағаланып отыр. Қытайлықтар мен түріктер қызығушылық танытуда. Тиімдісі таңдалмақ.

- Бүгінде аймағымыз тағамға пайдаланылатын картоп өсіру көлемі жағынан көшбасшымыз. Тіпті, нарық бұл өнімге айтарлықтай қанық. Сондықтан картоптың крахмалға бай техникалық сұрпын өсіру қажет болып отыр. Бұл ретте, крахмал зауыты салынбақ. Жобаның құжаттары әзірленуде. Бір инвестор бар, тағы бірі қарастырылуда, - деді крахмал зауытына тоқталған А.Бабенко.

Бұл зауыттың құны 30 млн. еуро болмақ. Премьер-Министр Асқар Ұзақбайұлы аса қымбат емес жобаға жергілікті инвесторларды тарту мүмкіндігін қарастырған жөн деді. Бұл ретте, облыс әкімі Болат Бақауов біздегі бизнес өкілдері жобаға инженерлік коммуникациясы тартылмай, техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленбей, бюджеттен алғашқы транш жасалмай, аса кірісе қоймайтынын атап өтті.

Сонымен қатар, аймағымызда суармалы алқап көлемін арттыруға бағытталған жұмыстар да айтылды. Яғни, бұл бағытты дамытатын «Асыл су» өңірлік бағдарламасы әзірленген. Яғни, төрт жыл ішінде көлемін 140 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Бұл ретте, қытайлық инвес-торлар қолға алмақ жобаның маңызы зор. Олар өңірімізде жаңбырлата суару машиналарын шығаруға ниетті.

- Біздің бұл салада 13 жылдық тәжірибеміз бар. Өнімімізді сапасы жағынан әлемге әйгілі АҚШ және Еуропа елдерінің брендімен қатар қоюға болады. Жалпы өндірістік қуаты жылына 1000 бірлік машина шығара алатын екі зауытымыз бар, - деді қытайлық компания өкілі.

Олар облысымызда мұндай техниканың екі түрін өндірмек. Клиенттің қалауымен тапсырыстар орындауға да қауқарлы екендерін атап өтті. Бұл зауыт үш жылда салынбақ. Жобаның жалпы құны 200 млн. АҚШ доллары болмақ. Олар жылына 500 машина шығаратындарын айтты. 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға қауқарлы.

Ал Екібастұзда техникалық кремний өндіретін зауыт құрылысын қолға алмақ Біріккен Араб Әмірліктерінің Canarax компаниясының өкілдері жобаларын таныстыру кезінде оның экологиялық тұрғыдан таза болатынына сендірді.

- Зауытта италиялық жоғары технологиялар мен заманауи жабдықтар қолданылады. Біздің газ тазалау жүйесі еуропалық стандарт бойынша жобаланған және әлемдегі мұндай зауыттардың кез келгеніндегі жүйеден әлдеқайда жақсы. Су тұйықталған контурмен айналады. Яғни, судың сыртқа шықпайтын жүйесі қарастырылған. Зауыт қатты қалдықтар шығармайды, - деді компания өкілі.

Айта кету керек, зауыт құрылысы 2022 жылы аяқталады. Жылына 35 мың тонна техникалық кремний өндіру жоспарланған. Жобаның алғашқы кезеңінде 100 млн. АҚШ доллары, екінші кезеңінде де сондай көлемде инвестиция салынбақ. Жүзеге асса, 380 тұрақты жұмыс пайда болады. Тағы 180 жұмысшы құрылыс кезінде еңбекпен қамтылады. Бүгінде қосалқы станцияның құрылысы басталып кеткен. Шетелдік инвесторлар Қазақстанда бизнесті дамытуға жайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Үкімет басшысы жұмыстарды жалғастыра беру керек, деді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ, Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz