Естай атындағы мәдениет сарайында жылдағы дәстүр бойынша ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мере-кесіне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға сала ардагерлері және шаруа қожалығы өкілдерімен қатар, «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы шеңберінде ауылдық жерде еңбек етіп жүрген жас мамандар арнайы шақыртылыпты.

Жиналғандар ең әуелі «Ертіс ырысы-2019» көрмесін тамашалауға мүмкіндік алды. Барлық аудандар «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деген ықыласпен барын көрсетті. Мәселен, Май ауданындағы «Ақжар Өндіріс» агрофирмасы ЖШС консервіленген ет және сүт өнімдерін паш етті. Мұнда тәулігіне 1500 консервіленген өнім, 500 литр қымыз дайындалады екен. Екібастұз өңірінің брендіне айналған «Жаңа-Ауыл» ШҚ ет және шұжық өнімдерінің 40-қа жуық түрін ұсынды. Тауарлары Павлодар облысынан бөлек, Нұр-Сұлтан және Семей қалаларының сауда орындарында сатылуда. Павлодар ауданы көкөнісімен мақтанса, Ертіс, Железин сияқты астықты өлкелер нан-тоқаш өнімдерінен дәм татқызды. Павлодар ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты өкілдері көрмеге құрғақшылыққа төзімді көпқатарлы арпа тұқымын әкеліпті. Оны алғашқылардың бірі болып Успен ауданындағы «БиК» шаруа қожалығы өсіріп көрмек.

Кәсіби мереке иелерін құттықтаған облыс әкімі Болат Бақауов диқандардың табысты еңбегін атап өтті.

- Агроөнеркәсіп кешені - өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің маңызды саласы болып табылады. Еліміздегі қарақұмықтың 75 пайызын, тарының 50 пайызын, картоптың 18 пайызын жергілікті диқандар өсіріп отыр. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев суармалы жерлерді 2030 жылға дейін 3 млн. гектарға дейін ұлғайтуды тапсырған болатын. Суармалы алқаптың көлемі жыл сайын артып, бүгінде 100 мың гектарды құрады.

Биыл Павлодар облысы сатып алынған ауыл шаруашылығы техникасын 35%-ға дейін субсидиялап, 10%-ын жергілікті бюджеттен өтеген еліміз бойынша жалғыз өңір болғанын атап өткен жөн. Ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне толайым табыс тілеймін, - деді аймақ басшысы.

Суармалы алқап демекші, жиын барысында бұл бағытта нәтижелі жұмыс атқарған аудан басшыларына ақшалай сертификат берілді. Биыл алғаш рет қолға алынған ынталандыру жүлдесінің 3-орны Тереңкөл ауданына бұйырды (20 миллион теңге). Екінші орынға Ақсу қаласының ауылдық аймағы (30 миллион теңге) лайық деп танылса, 1-орынды Павлодар ауданы иеленді (50 миллион теңге).

Салтанатты жиында өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына үлес қосқан азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің, салалық кәсіподақ ұйымы басшылығының марапаттары үлестірілді.


Талғат АКИЛОВ, Баянауыл ауданындағы «Отан» шаруа қожалығының басшысы: - Көп жылғы еңбегім еленіп, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Табысты нәтижеге мемлекеттік бағдарламалар арқылы қол жеткізіп отырғанымды атап өту керек. Осыдан 8 жыл бұрын «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, бүгінде ірі қара саны 800-ге жетті. Оның 200-і – асыл тұқымды қазақтың ақбас сиыры. Техника паркін жаңарттық. Ұңғыма қаздырдық. Субсидиядан қағылмай, уақытылы алып отырмыз. Қысқасы, шаруаларға Үкімет тарапынан қолдау зор. Тек мақсатыңды айқындап, еңбек ете білсең болғаны.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz