Еркін күрестен ұлттық құраманың бапкерлері әу баста бұл турнирдің Азия біріншілігіне іріктеу ретінде ұйымдастырылатынын хабарлаған еді. Ал Азия чемпионатында Олимпиада ойындарының жолдамасы сарапқа салынады. Содан болар, еске алу турниріне еліміздің түкпір-түкпірінен кіл мықтылар қатысты.

- Жарыста 154 палуан бақ сынады. Барлығы да - халықаралық турнирлерде төбе көрсетіп жүрген тәжірибелі спортшылар. Сондықтан да әр белдесу тартысты өтіп, нағыз мықтыны анықтау қиынға соқты. Әсіресе, 74 келідегі балуандардың текетіресі қызықты өрбіді. Бұл салмақта әлем біріншілігінің күміс жүлдегерлері – Нұрлан Бекжанов пен Қожа Қайпанов және басқа да еркін күрестің шеберлері топтасқан. Жарысты жыл сайын ұйымдастыру жоспарлануда. Халықаралық деңгейде де өткізу ойда бар, - дейді еркін күрестен облыстың бас жаттықтырушысы Ержан Қыстаубаев.

10 салмақ бойынша жүлдеге таласқан балуандардың ішінен жерлесіміз Мамед Ибрагимовтің бағы жанды. 97 келіде күрескен павлодарлық спортшы алтыннан алқа тақты. 65 келіде жерлесіміз Рифат Сайбаталов ақтық сында Талғат Сырбазға жол беріп, күміспен күптелді. 57 келіде Ғабит Төлепбай жеңімпаз атанса, 61 келіде Нұрболат Әбдуалиев дара шықты. 70 келіде Мейіржан Әшіров қарсылас шақ келтірмеді. 74 келіде Нұрлан Бекжанов чемпион болса, 79 келіде Ғалымжан Үсербаев үмітті ақтады. 86 келіде Азамат Дәулетбеков алтын медаль иеленсе, қола медальге павлодарлық Әбдіманап Байгенжеев қол жеткізді. 92 келіде Илисхан Чилаев, 125 келіде Юсуп Батырмурзаев шеберлігімен көзге түсіп, Азия біріншілігіне жолдама алды. Жарыс жеңімпаздарына 200 мың теңге, 2-орынға 100 мың теңге, 3-орынға 50 мың теңге ақшалай сыйлықтар табысталды.

Жанат Усин ҚР республикалық студенттік ойындарында Павлодар облысының намысын табысты қорғап жүрген спортшыларды дайындағанын атап өткен жөн.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz