- Дәуір Қуатұлы, қыс жаңа басталғанына қарамастан, күн райы жылымық мінез танытып тұр. Бұл сіздердің мұз айдындары мен сырғанақ орындарын дайындауларыңызға кедергі болып жатқан жоқ па?

- Аса қатты кедергі келтіруде деп айта алмаймыз. Қазіргі таңда ойын алаңдарының жұмысын бастау үшін дайындық қызу жүріп жатыр. Қараша айының соңғы күндері ауа температурасы -15-20 С болған кезде облыс орталығында балалар мен тұрғындарға арналған орындарға мұз қатыру жұмыстары жүргізілді.

- Биыл Павлодар қаласында қанша мұз айдыны мен сыр- ғанақ жұмыс істейді?

- Жоспарымыз бойынша, шаһарда 26 хоккей корты жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, облыс орталығында осы мақсатта 6 жалға беру нысаны қосымша қызмет атқарады. Олар - Батыр Mall сауда орталығындағы «Айс» аренасы, «Астана» мұз сарайы, «Ертіс» шаңғы базасы, Шығыс ықшам ауданындағы жабық хоккей корты (Малайсары батыр көшесі, 39), сонымен қатар Гагарин атындағы саябақ, қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы мұз айдындары мен сырғанақ орындары. Бұдан бөлек, жылдағы дәстүр бойынша, конькимен сырғанау орындарын ұйымдастыру ісіне облыс орталығындағы білім беру ошақтары да толықтай жұмылдырылатын болады. Яғни мектептер жанынан 42 мұз айдыны орындарын ашу жоспарланған. Олардың 37-сі қалалық білім беру нысандарына тиесілі болса, қалған 5-еуі қала маңындағы Ленин кенті, Кенжекөл, Жетекші және Павлодар ауылдарындағы мектептерге тиесілі.

- Ал мұз айдындарында сырғанауға қажетті құрал-дарды жалға алу бағасы қандай болмақ?

- Конькиді жалға алу бағасы келушілердің қалтасына аса бір салмақ салмайды деп ойлаймын. Жылдағы бағадан айырмашылығы жоқ. Көңіл көтеріп, демалуға ниеттенген кез келген адамға қолжетімді болуын қадағалап отырмыз. Қазіргі уақытта конькилерді жалға алу құны белгілі. Ол ересектер үшін 600, балаларға 400 теңге болмақ. Ал сырғанау құралдарын қала тұрғындары өздерімен алып келуге болады.

- Өңірімізде шаңғы тебуге құмар жандар өте көп. Олар қайда барып демалады?

- Иә, шаңғымен сырғанауға жаны құмар павлодарлықтардың қатары жыл санап артып келеді. Олардың да жағдайы бізде қарастырылып отыр. Қазіргі таңда бұл мақсатта қаладағы 2 тау-шаңғы демалыс аймағы жұмысын бастайды. Олар - «Зеленая роща» мен Усолка мөлтек ауданындағы «Ертіс» тау-шаңғы базасы.

- Ақпаратыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz