Қожамжар және Әуелбек ауылдарындағы су құбырының құрылысы осы жылдың сәуір айында басталған болатын. Тиісті жұмыстарды келесі жылы аяқтау жоспарланған-ды. Десе де, мердігер компания – «Ай-Су Мелиорация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі межелі істерді мерзімінен бұрын аяқтап, бүгінде елді мекендердегі үйлердің кейбірі су құбырына қосылып үлгерді.

Ақтоғай аудандық экономиканың нақты секторы бөлімінің басшысы Серік Байбосыновтың айтуынша, мердігер компанияның жұмысына тағар мін жоқ.

- «Ай-Су Мелиорация» фирмасы тиісті істерді сапалы әрі жылдам атқарды. Соның нәтижесінде тұрғындардың биыл орталықтанды- рылған су жүйесіне қосылуына жағдай жасалды. Қожамжар ауылында 22,5 шақырымдық су құбырын тартып, сорғыларды салуға мемлекеттік қазынадан 618,156 млн. теңге, Әуелбек ауылында ұзындығы 19 шақырым болатын құбыр құрылысына 515,7 млн. теңге бөлінді, - дейді С.Байбосынов.

Әуелбек ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеубек Сұлтанов мұндай игілікті іс ауылдықтардың өмір сүру сапасын жақсартатынын атап өтті.

- Бүгінде елді мекендер көркейіп, дамып, қолайлы жағдайлар жасалып келеді. Солардың бірі – орталықтандырылған су құбырының тартылуы. Енді шелектеп су тасудың қажеті жоқ. Суық су да, ыстық су да – үйдің ішінде. Бұл, әсіресе, ауылдың үлкендеріне өте ыңғайлы. Жастардың көптеп келуіне де оң ықпал етеді деп ойлаймын. Себебі, қазір біздің ауыл қаладан еш кем емес. Тұрғындарға осындай оңтайлы мүмкіндіктерді қарастырып, ел тілегін орындаған ауыл, аудан басшылығына алғыс айтамыз, - деп лебізін білдірді.

Айта кетелік, бүгінде Ақтоғай ауданындағы Қожамжар ауылында 232, Әуелбекте 218 аула бар. Олардың барлығы таза ауызсу жүйесіне қосыла алады.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz