Тарихтан сыр шертсек...

Өңірдегі тұңғыш қазақ театрының тарихы ертеден бастау алады. Яғни 1938 жылы 17 қаңтарда Комсомол атындағы Бесқарағай колхоз-совхоз театры негізінде құрылып, директоры және режиссері болып Қадыр Хамзин бекітіледі. Талантты өнер иесі қысқа ғана уақыттың ішінде театр жұмысын барынша бірізділікке салып, жергілікті көрермен назарына алғаш рет Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» қойылымын ұсынады. Ол кезде спектакльдің басты рөлі Айман образын театрдың жас әртісі Қапиза Хамзина, ал Шолпанды Бықия Асылбекова сомдаған екен. Бұдан кейін мәдени ошақтың репертуары «Еңлік-Кебек», «Қыз-Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесаларымен толығады.

Өкінішке қарай, «қазақ театрының көрермендері ауылды жерде тұрады» деген желеумен облыстық қазақ драма театрын ауданаралық совхоз-колхоз дәрежесіне түсіріп, Лебяжі ауданының орталығына көшіреді. Осылайша, 20 жылдан астам тарихы бар Павлодар облыстық драма театры жұмысын тоқтатады.

Кейіннен 1989 жылы театр жұмысы қайта түлеп, өңірде театр ашу идеясы ұсынылып, Қазақстан мәдениет министрлігі рұқсатын беріп, 1990 жылы 13 наурызда қаулы қабылданып, театр басшысы мен режиссері тағайындалады. Т.Жүргенов атындағы театр және өнер институтының сол кездегі ректоры, белгілі театр сыншысы, мелекет және қоғам қайраткері Әшірбек Сығайдың қолдауымен музыкалы комедия бөлімшесінің соңғы курс студенттері толығымен Павлодарға келіп, өндірісітік тәжірибеден өтеді. Сол жылы институт тәмамдаған жалынды жастар толығымен театр труппасына қабылданады. Сөйтіп, 1990 жылдың 7 желтоқсанда өңірлік қазақ театры ұзақ жылдық үзілістен кейін қайта түлеп, өз көрерменімен қауышады. Бүгінде өнер ордасының төлқұжатына айналған М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалы комедиясы театрдың шымылдығын түреді.

Алғашқы қарлығаштары

Павлодар жерінде қазақ театры ашыла- ды дегенді естіген бір топ жас ойланбастан қысы қытымыр Ертіс-Баян еліне ат басын тірейді. Театрға әртіс ретінде алғашқы болып өтініш жазған Т.Жүргенов атындағы театр және өнер институтының 1990 жылғы түлегі, ҚР Мәдениет қайраткері Бахаргүл Құрбанова болатын.

- Оқу бітіретін жылы Алматы қаласында жүріп, осы жақта қазақ театры ашылады деген әңгіме қызу талқыланып жатты. Бұл өнер институтын бітіргелі тұрған жастар үшін үлкен жаңалық болды. Оған дейін де осы өңірдің бір топ азаматты оқу орнына келіп, жастардың өнерін бақылап кеткені бар еді. Көп ұзамай Әшірбек Сығайдың жолдамасы қолдарына түскен жастар осы жаққа жинала бастады. Сол кезде сырттан келетін жас әртістердің алғашқы көшін мен бастап келдім. Әлі есімде, бірде-бір адамды танымаймын. Жат қала. Ұшақтан түскен бойда, адамдар қай жаққа бет алды, солардың артынан еріп, қалаға келіп, қонақ үйден бір орынды әзер тауып, орналасқаным. Сол кездегі темірдей тәртіп бойынша 30 тамыз күні театрға келіп, жұмысқа қабылдау туралы өтініш жаздым. Сөйтіп, қарашаңыраққа келген алғашқы актер ретінде тарихта қалдым, - дейді Бахаргүл Құрбанова.

Өнер әлеміне алғаш қадам басқан театрға жаңадан қабылданған өнерпаздардың барлығы көрерменмен қауышатын күнді тағатсыздана күтеді. Ал труппа таңдап алған қойылым М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы еді. Сол кездегі театр режиссері Ерсайын Тәпенов қойылымдағы рөлдерді бөлген тұста Бахаргүл Құрбановаға Шолпан образын ашу міндеттеледі.

- Мен үшін бұл әрі қуанышты, әрі қорқынышты болды. Себебі, институтты кеше ғана бітірген жас қыз үшін қойылымның басты рөлінің бірін сомдау қиын еді. Ол жерде сахнаға шығудан бастап, әрбір сөзіңді көрерменге жеткізу, ойыныңа сендіру расымен де ауыр болды. Бірақ менің бағыма орай қойылымдағы Айман рөлін Рауза Тәжібаева апайымыз сомдады. Міне, менің Шолпан бейнесін ашуыма, сахнадағы қателігімді жоюыма барынша үлесін қосқан жан - осы кісі. Тіпті, қасында отырып кей эпизодтарды дұрыс жеткізе алмай қалған кезде шымшып қалып, ақыл-кеңесін есіме түсіретін, - дейді Б.Құрбанова.

27 жылы Шолпан болып сахнаға шыққан актрисаның арманы аласармақ емес. Ал осы қойылымда 20 жылға жуық Айман рөлін сомдаған ҚР Еңбек сіңірген әртісі Рауза Тәжібаева театрға қабылданған тәжірибелі әртістердің қатарында еді.

- Жасыратыны жоқ, мұнда келген жастардың барлығы институтты енді бітірген немесе соңғы курсында оқитын жастар еді. Олардың білімі тек теория жүзінде болды да, сахналық тәжірибелері болмады. Олар алғаш келген кезде сахнада қалай тұрып, қалай сөйлеу керектігін білмейтін еді. Оған сөгіс те жоқ. Бірақ дарынды әрі таланттылар болды. Бір айтқан нәрсеңді қағып алып, сахнаны жандыратын. 1990 жылдың 7 желтоқсанын ешқашан ұмытпаймыз. Бұл күн біз үшін тарих беттерінде алтын әріптермен жазылатын сәттердің бірегейі. Қазақ театрының өнеріне сусаған сол кездегі көрерменнің пейілі мен сағынышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазіргі Естай атындағы мәдениет сарайының ғимаратын 3 күнге жалға алып, премьераны сол жерде жасадық. Аншлагпен өткен қойылымымызды қазақ өнерінің алыптары арнайы келіп тамашалап, ақ батасын берді, - дейді Рауза Тәжібаева.

Расымен, алғашқы премьераға театр өнерінің бір топ саңлақ жұлдыздары Әзірбайжан Мәмбетов, Асанәлі Әшімов, Әшірбек Сығаев, Қаукен Кенжетаев, Бағыбек Құндақбаев, Есмұқан Обаев, Жақып Омаров, Баққожа Мұқаев, Қадыр Жетпісбаев, Асқар Егеубаев сынды азаматтар қатысқан.

Қарбалас...

Ашылған күннен бастап өнер ұжымының керегесін кеңейту мақсатында мұнда жеке ғимараттың берілуі жолындағы қарбалас тірліктер басталып кетті. Бүгінгі нысанға түбегейлі көшкенге дейін труппа қаладағы түрлі мәдени орындарды жалға алып, өнер көрсетуін тоқтатпады. Тіпті, жеке ғимараттың жоқтығы әртістердің сағын да сындырмаған. Репертуар жаңа қойылымдармен толығып, ерекше қарқынмен жұмысқа кіріседі. Осы кездері Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», М.Әуезовтің «Қаракөз», Ж.Аймауытовтың «Шернияз», Д.Исабековтің «Әпке», У.Шекспирдің «Король Лир», А.Чеховтың «Шағала» секілді қойылымдары көрермен назарына ұсынылады.

Ал 1992 жылы 21 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен театрға Жүсіпбек Аймауытовтың есімі берілді. Жыл өткен сайын театр ұжымы шығармашылық шеберлігін шыңдай түсті. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Рахымжанов симфониялық оркестр мен балет тобын ашады. Соның арқасында музыкалық күрделі қойылымдарды сахналауға мүмкіндік туады. Осы ретте, Е.Брусиловский мен Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» операсы, И.Штраустың «Жарқанат», И.Кальманның «Сильва» оперетталарын қазақ театрының зор жетістігіне жатқызуға болады.

Қазіргі тынысы

Бүгінде еліміздің үлкен-үлкен театрларында кездесе бермейтін симфониялық оркестрдің үлкен құрамы жұмыс істейді.

Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы дарама театрының ерекше қарқынмен дамыған тұсы марқұм Мұхтар Байжұманов басшылық еткен жылдар деуге болады. Ұжым сол кездері жиі фестивальдерге қатысып, әлем елдерін аралап, өнер көрсетіп жүрді. Мәселен, 1995, 2008 жылы жылы Мысыр астанасы Каир қаласында болып, халықаралық эксперименталдық театрлар фестивалінде өнер көрсетеді. Бұдан бөлек, 2009 жылы Түркияның Конья қаласында өткен ІІ Дүниежүзілік түркітілдес халықтарының фестиваліне де қатысуға жергілікті өнерпаздар жолдама алып, лауреат атанды. Үш сапарда да олар өздерінің төлқұжатына айналған «Айман-Шолпан» қойылымын сахналайды. Сонымен қатар, Астана, Алматы, Москва, Санкт-Петербург, Омбы қалаларында да өнер көрсетті.

Ал 2014 жылы Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдығы елімізде кең көлемде аталып өтті. Атаулы күнге байланысты Павлодарда республикалық аймақтық театрлар фестивалі өткізілді. Оған Астана, Қарағанды, Өскемен, Талдықорған, Семей және Павлодар қалаларынан тоғыз театр қатысты. «Ар алдаспаны – Аймауытов» атты тарихи драмасын сахналаған біздің әртістер арнайы сыйлыққа ие болды. Театр ғимараты алдында Жүсіпбек Аймауытовқа арналған ескерткіш орнатылды.

Репертуарға «Әбілмансұр. Сабалақ. Абылай», «Қылмыскерлер», «Қара көзілдірікті келіншек», «Адасқандар», «Қызыл алма», «Күтпеген кездесу», «Досымның үйленуі», «Филумена Мартурано», «Ең әдемі келіншек», «Мұрагерлер», «Әпкенің әлегі», «Бір түп алма ағашы», «Атау-кере», «Метранпаж деген не?», «Ақнұр», «Қысылғаннан қыз болдық», «Күшік күйеу», «Келіндер көтерілісі», «Өмір сүргім келеді», «Болмаған оқиға» атты қойылымдар қойылса, бүгінде ол қатарға «Күтпеген кездесу», «Король Лир», «Соңғы мамонт», т.б. жаңа спектакльдерімен толыға түсті.

Бұдан бөлек, ұжым 30-театр маусымында екі үлкен додаға қатысып, үздіктер қатарынан көріне білді. Оның бірі Ақтау қаласында өткен «Әбіш әлемі» І халықаралық театрлар фестивалі болса, екіншісі Семей қаласында өткен Қазақстанның халық әртісі, көрнекті театр және кино әртісі Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына орай Қазақстан драма театрларының ХХVІІ республикалық бәйгесі болатын.

Қазіргі таңда еңбектеген баладан еңкей- ген қарияға дейін көңіл бөліп, көрерменнің ыстық ықыласына бөлену үшін барын салып еңбек етіп отырған өнер ұжымының алар асуы әлі де алда екеніне сенеміз.

Мереке құтты болсын, қазақ театры!

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz